«Мәселені мұқият зерделеу керек»

267

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері бойынша кездесу өтті. Жиынға облыстық жұмысшы топ өкілдері, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссия мүшелері, мекеме басшылары қатысты.

Президент тапсырмасын орындау мақсатында бұған дейін өңірлік комис­сияның екі отырысы өткізілген.

– Комиссия отырысының хатта­малық тапсырмасы негізінде облыс әкімінің орынбасары, өңірлік комиссия төрағасының бекітуімен ғалымдар, зерттеушілер мен өлкетанушылардан тұратын жұмысшы топ құрылды. Қазір комиссия және жұмысшы топ құрамына енгізілген ғалымдар бекітілген кестеге сәйкес Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті облыс бойынша басқармасының, облыстық полиция департаментінің архивтерінде әр сәрсенбі және бейсенбі күндері құпия құжаттармен жұмыс жасауда, –  деді аймақ басшысы.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша жүргізілген жұмыстар барысы туралы баяндады. Сондай-ақ, өңірлік комиссия төрағасы комиссия құрамына 21 білікті маман мен зерттеуші енгізіліп, жұмыс жоспары бекітілгенін атап өтті.

Өңірлік комиссия жанынан Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­ситетінің базасында ғалымдар, зерттеу­шілер мен өлкетанушылардан тұратын облыстық жұмысшы тобы құрылды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі ғылыми бағыттағы жұмысшы топтары 8-ге бөлініп, жұмыс жүргізуде. Мұнан бөлек, қала және аудан орталықтарынан да жұмысшы топ­тары жасақталды. Топ мүшелері мен ғалымдарға Қорқыт ата атындағы Қы­зыл­орда университетінің базасында және облыс орталығындағы архивтерде ар­найы жұмыс бөлмелері белгіленіп, тех­никалық жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Атап өтейік, бүгінге дейін бір рет өңірлік комиссия отырысы және жұмысшы топтың үш отырысы өтті. Сонымен қатар, «Болашақ үшін естелік» халықаралық жобасы аясында «ҚР Тәуелсіздігі: тарих және естелік» атты халықаралық форумында өңірлік комиссия жұмыстары таныстырылды.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасындағы ғалым­дардан жасақталған облыстық жұмысшы топтың атқарған жұмыстары туралы университет проректоры Абайбек Жүнісов баяндады. Қазір жұмысшы топ облыстық ішкі істер департаментінде «ақталуға жатпайды» деген 12 қормен жұмыс жүргізуде. 1940-1950 жылдар аралығында сотталған, бірақ ақтауға жатпайтын азаматтар туралы 70 іс қаралып, 145 адам ақтауға ұсынылды.

– Қаралған архив құжаттары бойынша Сыр өңіріндегі «Қарақұм» көтерілісі және осы көтерілістің заңды жалғасы болған топ мүшелері туралы естеліктер жинақталуда. Сонымен қатар, саяси қуғын-сүргінге ұшырап, әлі ақталмаған азаматтардың жақын туыстарынан маңызды мәліметтер алынуда. Қызылорда қаласы маңындағы XX ғасырдың 20-40 жылдары репрессия құрбандары атылған 3 жер (Қарауылтөбе елді мекені жаны, «Арай» саяжайы аумағы және Орал қазақтарының қорымы жанында) анықталды. Құрбандарды жерлеу орындарында арнайы 2 экспедиция жұмыс жүргізді, – деді А.Жүнісов.

Отырысты қорытындылаған аймақ бас­шысы айтылған ұсыныс-пікірлердің бар­лығы ескеріліп, тиісті шешімдер қабыл­данатынын атап өтті.

– Бұл мәселені жан-жақты қарап, өте мұқият зерделеу керек, – деді облыс әкімі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<