Медицина майталманы ел есінде

438

0

Сыр медицинасындағы оң өзгерістерге өзіндік қолтаңбасы, игілікті ісі арқылы үлес қосып, жұртшылықтың есінде қалған абзал азаматтар көп. Соның бірі де бірегейі  Шәріпбай Әлназаровтың атына ескерткіш тақта қою рәсімі өтті.

Рәсімде сөз алған облыс­тық мәслихат хатшысы ­Наурызбай Байқадамов аймақтың денсаулық сақтау саласына зор үлес қосқан азаматтың өнегелі өмір жолына тоқталып, жылы лебізін білдірді.

– Денсаулық сақтау саласының тарихында шоқтығы биік дәрігерлеріміз аз емес. Солардың қатарынан орын алған Шәріпбай Әлназар­ұлының өнегелі өмірі көп­шілігімізге таныс. Ол мол тәжірибесі арқылы облыс медицинасының дамуына үлес қосты. Өзінің медициналық іс-тәжірибесінде 5 мыңнан астам ота жасап, мыңдаған адамның өміріне араша болды. Өмірлік ұстанымы арқылы халық алғысына бөленді, – деді.

Еңбек жолын Жаңақорған аудандық ауруханасында бас дәрігер болып бастаған ол Қызылорда қалалық ауруханасында жедел жәрдем бөлімінің меңгерушісі, облыстың бас урологы, облыстық аурухананың урология бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Білікті дәрігер өз саласы бойынша көп жаңалық ашып, Мәскеу, Ленинград, Киев, Харьков, Алматы қалаларының қайта даярлау институттарында оқып, біліктілігін арттырып тәжірибесінде кеңінен қолданып отырды. Күрделі оталар жасаған алтын қолды дәрігердің еңбегі ескерусіз қалмады.  «Денсаулық саласының үздігі» төсбелгісі,  «Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер» атағы берілген.

Қызылорда облысының Құрметті азаматы, сала ардагері Сағындық Шәмшиев әріптесін ерекше тебіреніспен еске алды.

– Саналы ғұмырын адам денсаулығына арнаған Шәкеңмен бірге қызмет жасағанымды мақтан етемін. Урология саласында түйіні шешілмеген мәселе көп болатын. Қалалық ауруханада бірге жұмыс істедік. Оның бойындағы айрықша қасиет  қарапайымдылығы мен адамды жатырқамай өзіне баурап алатындығы еді. Әр ісі соңынан ерген бізге үлгі болатын, – деді ардагер.

Шарада  ерлі-зайыпты дә­рігерлер Шәріпбай Әлназаров пен Шолпан Көпірбаеваның өнегелі ғұмыры жайлы жазылған «Дара дәрігер» және «Дана дәрігер» кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл еңбектерде қос дәрігердің азаматтық болмыс-бітімі, еңбектегі жетістіктері баяндалады. Ата-анаға сағыныштың белгісіндей болған балаларының ыстық ықыласы, әріптестері мен достарының естеліктері орын алған жинақ көпшілік қауымға арналған.

Жиын соңында туған-туыс, әріптестері мен балалары естелік айтып, ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды.

Шәріпбай Әлназаровқа қандай құрмет көрсетсе де жарасымды. Республикалық ономастикалық комиссияның қорытындысына сәйкес, облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың шешімімен Қызылорда қаласындағы «Саяхат-8» көшесіне дәрігер есімі берілді. Көшенің ашылуына ел зиялылары, әріптестері мен көпшілік қауым қатысып, ізгі тілектерін білдірді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<