Меншікті қаражатыңыз қанша?

552

0

Цифрлар әлемі қызық. Ол талдауды, пікір білдіруді сұрайды. Кейде сол стат мәліметтері жақсылыққа шақырады, кейде алаңдатарлық ойға жетелейді. Қазір әлеуметтік желілерде қызу пікірталас өрбіп тұр. Елдің айтатыны қымбатшылық туралы. Айтатыны жоқ, пандемиядан кейінгі бір жыл ішінде тұтыну бағалары 50-100 процент қымбаттады. Қымбатшылықтың ең зорын тұрғын үй нарығынан іздеуге болады. Құрылыс материалдары соңғы бір жылға жетпейтін уақыт ішінде екі есе өсті.

Біздің білуімізше, халықтың тұрмыс деңгейін айқындайтын экономикалық өлшем таразының бірі – макроэкономикалық көр­сеткіш. Алдымен әңгімені жақсылықтан бас­тайық. Жуырда қолыма Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің статистикалық бюллетені түсті. Қаптаған цифрлар. Бірақ сол цифрларды «сөйлете» білсең – мақсатыңа жеткенің.

Депозит көрсеткішіне тоқталайық. Айталық, 2021 жылдың қыркүйек айындағы мәліметтер не дейді? Осы уақытта Қазақстан Республикасындағы барлық депозит салымдарының мөлшері 22,5 трлн теңгені құрайды. Оның тең жарымына жуығы заңды тұлғалардың салымы яғни, ол 10 трлн теңге. Цифрға көңіліңіз толады. 22 трлн теңге жай есептеулер бойынша  Қазақстанның екі жылға жуық бюджетін құрайды. Бұл – жай ғана біздің салыстыру үшін келтірген мәліметіміз.

Депозит салымы бойынша Алматы қаласының тұрғындары көш басында келеді – 10 трлн теңге. Демек, әу баста бұрынғы астананы еліміздің қаржы орталығы деп бекер айтпаған ғой деген пікір келеді ойға. Одан кейінгі үлесті Нұр-Сұлтан қаласы алады. Үлесі – 4,4 трлн теңге. Өндірісті өңір Қарағанды мен Павлодар облыстарын табысты аймақ ретінде атап көрсетуімізге болады. Әсіресе, қарағандылықтардың үлесі 1,1 трлн теңге.  Мұнайлы өңір – атыраулықтар салымдар үлесі бойынша алдыңғы қатарда. Айтпақшы, олардың қатарына Шығыс Қазақстан өңірін қосуға болады. Әрқайсысында 685-700 млрд теңгеден депозит үлесі бар. Сол сияқты шымкенттіктер үлесі жоғары. бұл – біздің бизнес өкілдерінің бас қосқан аймағы.

Қызылорда, Ақмола, Жамбыл, Қостанай, Батыс Қазақстан өңірлерінің шамалас екенін бұрыннан білеміз. Қазақстанның өңірлік өнім көрсеткіштері бойынша бұл аймақтар әдетте кестенің екінші ондығының қатарында жүреді. Оған қазір Түркістан облысы қосылды. Қызық үшін айта кетейік, Қызылорда облысындағы 290 млрд теңге депозиттің 286 млрд теңгесі қаланың үлесінде. Еліміздің барлық өңірінде халықтың өндірістік, сондай-ақ өмір сүруге қолайлы қалалық аймаққа көшуіне байланысты туындаған проблеманы айту үшін көп уақыт керек. Бұл енді қазір Қазақстан емес, бүкіл әлемдік проблемаға айналды. Күнкөріс үшін елдің қалаға қарай беталуы белең алды. Мұны тұрмыс деңгейін сарапқа салғанда әлгі депозит салымдарының мөлшерінен айқындауға болады. Қысқасы, депозит салымдарының 95 проценттен жоғары үлесі облыс орталығы халқының меншігіне тиісті.

Мәселенің бұдан да зорын айтайық. Қазақстандағы 19 млн халықтың меншігінде қаншалықты нәпақа бар? Әлгі жоғарыда айтқан 22 трлн теңге депозит қанша адамның үлесіне тиеді? Бұл – енді сараптауға, талдауға қиын, шырғалаңға толы күрделі мәселе.

Қазір Қазақстанда табыс туралы жаппай дек­ларация тапсыру кезеңі жақындап қалды. Бұл – өмірдің өзі талап етіп отырған заңдылық. Еуропада, әлемдегі өркениетті елдер осындай жолмен жүреді. Бұл да дұрыс шығар, бәлкім…

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<