Ақынға құрмет

390

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова белгілі ақын, журналист, «Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясы» ЖШС құрылтайшысы, облыстық мәслихат депутаты, «Құрмет» орденінің иегері Шәкизада Әбдікәрімовті мерейлі 65 жасқа толуымен құттықтап, дәстүрге сай құрмет көрсетті.

– Құрметті Шәкизада Өтетілеуұлы, мерейлі мере­кеңізбен барша Сыр жұртшылығы атынан шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға, аймағымыздың қоғамдық-саяси, әсіресе, рухани өмірін дамытуға елеулі еңбек сіңірген тұлға ретінде ерекше құрметтеймін. Қасиетті Сыр топырағының киесінен шабыт алып, шығармашылықтың өрлеу биігінен көрініп, туған жұртыңыздың мақтан тұтар тұлғаларының біріне айналдыңыз. Осындай елге құрметті азаматтарымызды кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, еңбегін бағалап, жасаған игі істерінен ғибрат алу – парызымыз, – деді облыс әкімі.

Басқосуда ақынның әріптестері – «Қазақстан» Респуб­ликалық телерадиокорпорациясы» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Жағыппар Қарабала және облыстық мәслихат депутаты, «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожа мерейтой иесінің ақындық болмысы мен азаматтық келбетін биік бағалап,  қиындығы мен қызығы қатар өрілген қаламгерлік жолындағы мазмұнды естеліктерін бөлісті. Шығармашылықпен қатар ұйымдастырушылықты терең меңгерген Шәкизада Әбдікәрімовтің тәуелсіздік жылдарында қазақ тележурналистикасының қалыптасуына қажырлы еңбек етіп, жүздеген шәкірт тәрбиелегені, сондай-ақ, халық қалаулысы ретінде қоғамдағы қат-қабат мәселелердің шешілуіне әрдайым азаматтық айқын көзқарасын таныта білетіні жайлы әріптестері әсерлі әңгімелеп берді.

Шәкизада Әбдікәрімов Қармақшы ауданына қарасты Дүр Оңғар ауылында дүниеге келген. Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Қармақшы аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетінде әдеби қызметкер болып еңбек жолын бастап, 1984 жылы арнайы жолдамамен «Байқоңыр» телекомпаниясына редактор болып барып, 1985-1995 жылдары осы телекомпанияның төрағасы лауазымына дейін көтеріледі. Байқоңыр қалалық «Қазақ тілі» қоғамын басқарып, ғарыш айлағында тұңғыш қазақ тіліндегі «Ақжол» газетін шығарған. «Қазақстан» телеарнасының Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі, Қызылорда арнайы экономикалық аймағы телекомпаниясының төрағасы қызметтерін атқарған.

 Шәкизада Әбдікәрімов еліміздің өркендеуіне, рухани дамуына үлес қосып жүрген азамат ретінде «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері», «Қазақстанның құрметті журналисі», «Белсенді қызметі үшін», «ҚР ақпарат саласының үздігі» төсбелгілерінің иегері. «Қармақшы ауданының, Қызылорда қаласының құрметті азаматы». Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен «Болашақ» университетінің құрметті профессоры. Халықаралық «Парасатты поэзия» фестивалі идеясының авторы.

Жиын соңында мерейтой иесі облыс басшысының ыстық ілтипатына алғыс білдіріп, жаңа кітабын тарту етті.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<