Бақылаудағы баға тұрақты

339

0

Өткен сенбіде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі азық-түлік өнімдерінің бағаларын бақылау үшін қаладағы бірқатар ірі сауда орындары мен әлеуметтік дүкендерді аралады.

Айта кету керек, облыс басшысы осы кезге дейін әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік өнімдерінің бағасын шекті деңгейден асырмау, әлеуметтік дүкендер желісін көбейту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Нәтижесінде бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін облыстың тұрақтандыру қорынан тауарлық интервенциялар жүргізу, сондай-ақ «айналым» схема бойынша бағаны тұрақтандыру механизмі аясында заем беру шаралары қабылданды.

Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 1042,9 тонна өнім сақталуда. Оның ішінде бірінші сортты бидай ұны – 616,5 тонна, күріш – 96,8, қант – 235,4, макарон – 72,3, қарақұмық жармасы 21,9 тонна.

Ірі азық-түлік сауда орындарын аралаған өңір басшысы алдымен «Small» сауда үйіне барып, халық жиі тұтынатын әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағаларын көрді. Әсіресе, ұн, қант, күнбағыс майы мен көкөніс өнімдерінің баға сәйкестігі назарға алынды.

Мұнан кейін «Magnum» ірі сауда маркетіне барып, тауарлар қорын бақылап, бірқатар жергілікті өнімдердің бағасын көріп, тұрғындардың пікірін тыңдады. Сондай-ақ, Ә.Бөкейханов көшесіндегі «Аль-асад» сауда кешенінде халық бірінші кезекте қажет ететін азық-түлік өнімдерінің баға, сапа жағдайы қаперге алынды.

Жалпы әлеуметтік дүкендер мен бұрыштарда маңызды азық-түлік тауарлары нарықтан біршама төмен бағада сатылуда.

Сауда орындарын аралау барысында облыс әкімі әлеуметтік дүкендерді де бақылап қайтты. Әлеуметтік дүкендердің желісін көбейту арқылы халыққа қолжетімді бағада өнім ұсынуға мүмкіндік кеңейетінін айтып, тиісті сала басшыларына жергілікті өнімдерді көбейту қажеттігін ескертті.

Бүгінде Тұрақтандыру қорының өнімдері мен айналым схемасы бойынша қамтамасыз етілетін өнімдер «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ға қарасты 34 әлеуметтік дүкенде және қосымша Қызылорда қаласында орналасқан 5 ірі супермаркеттерде («Мирас», «Аль-Асад» 8 филиалында, «Ажар Сити» 2 филиалында, «Анвар», «Қызылорда Оптомаркет») келісім бойынша ашылған орындарда сатылуда.

Ал, әлеуметтік дүкендердің желісін кеңейту мақсатында биыл 10 дүкеннің құрылысы жүргізіліп, оның ішінде 5 дүкен іске қосылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<