Басты мақсат – тапшылықты болдырмау

697

0

Пандемия кезінде халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, оның бағасына байланысты мәселенің өзектілігі артты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұны Үкіметтің 10 шілде күнгі кеңейтілген отырысында сынға алды.

«Біз қазір дәрі жетіспеушілігі мен оның бағасын қолдан қым­бат­тату мәселесін шешуге мәж­бүр болып отырмыз. Бұл жағ­дайды тез арада реттеп, барлық өңірді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету керек. Жұмыс жүргізілуде. Енді нәтиже керек», – деді ол.

Президент тапсырмасына сәйкес елдің әр аймағында дәрі тапшылығын жою бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлі­метіне сүйенсек, «СК Фармация» серіктестігіне берілген өтініш бойынша өңірдегі инфек­циялық және провизорлық стационарларға қажетті меди­циналық препараттар келіп түсуде. Аурудың көбеюіне байланысты барлық емхана қосымша амбулаторлық дәрі-дәрмек ал­дыртпақ. Министрліктің емдеу және диагностикалау хаттамасына сәйкес антибиотиктер амбулаторлы жағдайда пневмония диаг­нозы анықталған науқастарға беріледі.

Мәселені реттеуде көрші мемлекеттермен қарым-қатынас та маңызды рольге ие. Оның ішінде Ресей мен Катардан жеткізілген дәрі-дәрмек көп ұзамай ауруханалардың, қала мен аудан орталықтарындағы дәріханалардың сөресіне түспек. Ал Өзбекстаннан құны 150 млн теңгені құрайтын дәрілік заттар алу жөнінде келісімшарт жасалып жатыр. Ол да жақын арада облысқа әкелінеді.

Айта кетейік, бүгінде Қызыл­ордада дәрі-дәрмек жетіспеушілігін болдырмау мақсатында арнайы мониторинг тобы жұмыс істейді. Оның құрамында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақы­лау, экономикалық тергеу де­партаменттері, денсаулық сақ­тау, кәсіпкерлік және туризм бас­қармалары, фармацевтика қыз­метін қолдау және дамыту ассоциациясы, құқық қорғау органдары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, басқа да белсенді азаматтар бар. Жергілікті емханалар мен дәріханалардағы мәселе топтың ұдайы бақылауында.

Өткен апта басында өңірлік ком­муникациялар қызметінің бри­фингінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова оттегі бал­лондарының жетіспейтінін айтты. Осы орайда ауруханаларды үздіксіз және жеткілікті көлемде оттегі баллондарымен қамтамасыз ету мүмкіндіктері қарастырылып жатқанын тілге тиек етті. «Сонымен қатар, облыстық көпбейінді аурухана жанынан оттегі өндіретін цех салу жұмыстары қолға алынып, облыстық бюджеттен 80 млн теңге қаржы бөлінді», – деді аймақ басшысы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінде ауруханаларда 64 ИВЛ аппараты жұмыс істеп тұр. Республикалық бюджет есебінен тағы 68-іне тапсырыс берілді. Осы аптада демеушілік көмек ретінде Түркиядан 10, «Шалқия Цинк» АҚ есебінен 2, «Роскосмос»  тарапынан 1 аппарат жеткізіледі.

Назерке Саниязова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<