Бір арнаға тоғысқан тілек

934

0

Бүгінгідей қиын сәтте жомартқолды азаматтар қол ұшын созып, көпке көмегін ұсынуда. Осы орайда құрылыс саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер бірігіп, қаражат жинап, бірқатар емдеу орындарына өкпені жасанды желдету аппаратын алуға септігін тигізді.

«СМП Қызылорда» ме­ке­месінің басшысы Темір­хан Әлімқұлов бұған дейін әлеу­меттік жағынан аз қам­тылған екі отбасына пәтер сыйлаған болатын. Қайырым­дылық шараларынан қалыс қалмайтын кәсіпкер елді жайланған індет кезінде де көпшілікке көмек көрсетіп жүр.

– Қазір елімізде коронавируспен қатар пневмония, тұмау өршіп тұр. Қиындықты еңсерудің бірден-бір жолы – оқшаулану. Көптеген жұмыс орны уақытша тоқтап тұр. Адамдар жұмыссыз қалды. Әсіресе, бұл жағдай әлеуметтік  жағынан аз қамтылған, көпбалалы, бір айлыққа қараған отбасыларына қиындық тудырды. Міне, осындай көмек қажет отбасыларына қолдау білдіріп, демеп келеміз. Сонымен қатар ауруханаларда өкпені жасанды желдету аппараты тапшы екенін білдік. Мәселеге орай бірқатар құрылысшы кәсіпкерлер бірігіп, құрылғыны алуға қаражат бөлдік, – дейді ол.

Игілікті істің қасынан табылған құрыш-қолды азаматтың бірі – Әділхан Маштаев. Ол басқаратын «Аман-Құрылыс» ЖШС мекемесі қайырымдылық шараларына белсене қатысып келеді.

– Қайырымдылық шараларына біздің құрылыс мекемесі де өз үлесін қосуда. «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деп бекер айтылмаған. Бұл – уақытша сынақ. Бұл күндер де артта қалады. Бір-бірімізге қолдау білдіріп, көмек қолын созып, сауапты іске жұмылайық, – дейді Әділхан Маштаев.

Талай көрікті құрылыс нысанын салып, ел игілігіне берген  «Интегрострой» ЖШС басшысы Бақдәулет Искаковтың игілікті істері жайында көп­шілік жақсы біледі.

Облыс аумағында мекеме салған нысандар жетерлік. Мәселен, қала орталығындағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана, «Жастар үйі», «СПМК-70» және «Арай» шағын ауда­нын­дағы тұрғын үйлерді салып, пай­далануға берді.

Биыл құрылыс мекемесі сол жағалаудан 40 пәтерлік тұрғын үйді салып, көпбалалы аналарға табыстады. Сонымен қатар Жалағаш ауданы, Шәменов ауылында 140 орынға арналған мектеп құрылысын аяқтады.

Құрылыс мекемесі қа­йы­рымдылық шараларымен іс бастағалы айналысып келеді. Жыл сайын «Мектепке жол» акциясына белсене қатысады. Тұрмысы төмен, аз қамтылған, көпбалалы отбасына қаржылай қолдау білдіріп отыр. Қайы­рымдылық шараларымен айналысатын қорлармен де бірлесіп жұмыс жасайды. Мүмкіндігі шектеулі жандарды да назарынан тыс қалдырған емес. Ардагерлерге де жағдай жасап, олардың демалуына мүмкіндік сыйлап келеді.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<