Импортқа иек артуды шектеген абзал

647

0

Қазақстан әлі күнге импорттық тауарға тәуелді. Кейбір түрлері бойынша сұраныстың 80 проценті сырттан тасымалданатын өнім есебінен жабылады. Әсіресе, қант, тауық еті, көлік, жабдық, киім-кешек, тағысын тағы.

FinReview сарапшылары мәлімдегендей, биыл 8 айда құны 23,8 млрд доллар шамасындағы керек-жарақ шеттен әкелініп, импорт үлесі сәл ғана – 6,4 процентке кеміді. Жаһандық пандемия сауда-саттықта да сыз қалдырып, салаға бір өзгеріс керек екенін көрсетті.

Карантин жарияланып, шет ел тұрмақ, басқа өңірлермен байланыс үзілгенде бұл тіпті анық сезілді. Өзгенің өнімін тұтынатындар қатарында Қызылорда облысы да бар. Пандемия жағдайында импортқа иек артуымыз көптеген мәселенің шетін шығарды. Бұл туралы облыс әкімі:

– Сүт өнімін өзімізде өндіруге болады. Бірақ сұраныс пен өндіріс арасында тепе-теңдік жоқ. Ет те, көкөніс те солай. Ең керек азық-түлік түрлерін қайта өңдеуге болады. Пандемия кезінде біз әрбір отбасының қажеттілігін толық өтей алмадық. Себебі көкөністі осыған дейін Түркістан облысынан тасымалдап келдік. Карантин жарияланып, блок-пост қойылғанда бұл үлкен кедергі болды, – деді.

Жергілікті экономиканың 24 бағыты бойынша зерттеу жүргізу кезінде аса қажет азық-түліктің 70-і, ал азық-түлік қатарына кірмейтін тауар түрінің 35-і сырттан әкелінетіні анықталды. Осыған орай экономикалық карта жасалды. Сол үшін әзірленген 265 жоба аясында 271 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту көзделіп отыр.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының мәліметінше, мемлекеттік бағдарламалар мен өзге қаржы көздері есебінен биыл құны 26 млрд теңгені құрайтын 110 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі күннің өзінде 4,7 млрд теңгенің 63 жобасы іске қосылып, 545 жұмыс орны құрылды.

– Қала мен аудандарда жинақ­талған жобалар аймақ тұрғын­дары­ның сұранысын толығымен өтеуге жеткіліксіз. Мәселен, қант, күнбағыс майы, маргарин, бидай ұны, қарақұмық жармасы, қоюлатылған сүт, йогурт сияқты көптеген өнім жаппай шеттен тасымалданады. Өкінішке қарай оларды өзімізде өндіру тетіктері алдағы кезең еншісіндегі жол картасына енбеген, – делінген басқарманың хабарламасында.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сүйенсек, биыл 9 айда құны 1 млн доллар шама­сындағы 1,1 мың тонна өнім Ресей мен Украинадан импортталды. Оның ішінде жоғарыда атал­ғандардан бөлек көкөніс, жүгері, егіс тұқымы, томат, макарон, кондитер өнімі және тағы басқалар бар.

Есепті кезеңде экспорт көле­мінің де артқаны көрінеді. Сыр өңірінің өнімін бүгінде әлемнің 17 мемлекетінде тұтынады. Оның басым бөлігі – күріш.

– Брендіміз саналатын басты дақыл негізінен Ресей, Қырғыз­стан, Белоруссия, Әзербайжан, Моң­ғолия, Тәжікстан, Украина мен Иракқа жөнелтіледі. Биыл бірін­ші рет Германияға – қамыс, Өзбек­станға – бидай ұнын, Қытай мен Ауғанстанға мақсары майын жібер­дік, – дейді басқарманың бөлім басшысы Гүлмира Исабергенова.

Бірақ соңғы жылдардағы су тапшылығы егістікті әртарап­тан­дырудың қажеттілігін көрсетіп жүр. Мамандардың пайымынша, күріштің гектарына 33 мың текше метр су керек. Осы көлемдегі тіршілік нәрі 10 мың гектар қызанақ егуге әбден жетеді.

– Күріштің гектарынан 650 мың, ал қызанақтан 25 млн теңгеге дейін пайда табуға болады. Мұны малазығындық жоңышқамен, басқа да дақылдармен салыстырамыз. Сондықтан бұл мәселені кәсіпкерлермен, диқандармен бірлесе тереңірек зерттеуіміз тиіс. Күріштің егістік алқабының 80-85 мың гектарын сақтап қалып, қалғанына басқа дақылдар орналастыру қажет, – деді аймақ басшысы.

Импорт алмастырудың бұдан өзге де мүмкіндіктерін қарас­ты­рып, оған барынша қолдау көрсету керек-ақ. Ең бастысы, шағын және орта бизнес өкілдері құлық танытса дейсің. Сонда дүкен сөрелері «Made in Kazakhstan» немесе «Made in Kyzylorda» брендімен танымал тауарға толып тұрар еді.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<