Мадинаның мерейлі жасы

936

0

Ұжымдағы әріптес, әрі інімдей болып кеткен досым Төребектің құдай қосқан жары Мадина да зейнеткерлікке шығатын кезі де келіп қалыпты. Мен де сөз арасында әзілдеп: «Мадина, мен білетін әйелдердің көбі зейнеткерлікке ықылассыз шығып жатыр, түрлі сылтау айтып жылдың аяғына дейін жұмыс істеп шығайыншы дейтіндері бар, сен де сондай уәж айтатын шығарсың», – деп айтам ғой.

– Бақытжан, өзің білесің мен бір мекемеде табан аудармастан 35 жыл жұмыс істедім. Талай жаны жайсаң жандармен жұмыстас болдым. Осы зейнеткерлікке жеткен де бар, жетпеген де бар. Адамға қанағат керек шығар. Шүкір, балаларымның барлығын аяқтандырдық, үйлі-баранды болды. Үлкен ұлдың еншісін беріп бөлек шығардық. Енді немерелерімді бағып, ағайын мен туған туыстардың шақырған жерінен қалмай жүрмеймін бе? – деді. Риза болдым.

Мақала кейіпкері Мадина Ешниязова 1961 жылдың 3 наурызында дүниеге келді. Әкесі Бағдәулет Әбжаппарұлы тарих пәнінен дәріс берген ұлағатты ұстаз болды, анасы Ранайкүл Балғазықызы үй шаруашылығында болып алтын асықтай ұл мен күміс қасықтай қыз тәрбиелеген көп балалы ана, «Алтын алқа» иегері еді.

Мадина 1978 жылы Жанқожа батыр атындағы №70 (420) мектепті бітірді. Ол кезде жоғары оқу орындарында даярлық курсы деген бар еді. Сол жылы Алматы қаласындағы «Архитиктура және құрылыс» институтының даярлық курсына түсіп, келесі жылы институт студенті атанды. 1985 жылы аталған институттың «Су-жылуымен жабдықтау» факультетін бітіріп шықты. Сол кездегі коммуналдық шаруашылыққа қарайтын «Жаңақазалы су-каналы басқармасының» су құбыры бөліміне қызметке қабылданды.

1986 жылы бұл мекеме коммуналдық шаруашылықтан бөлініп, өз алдына Сырдария өзені жанындағы «Су тазалау және тарату насос станциясының» іске қосылуына байланысты «Су каналы» мекемесі болып құрылғанда Мадинаға жас та өз  ісіне жауапкершілікпен қарайтындығын ескеріп, зертхана меңгерушісі болып тағайындалды.

Зертхана меңгерушісінің басты міндеті аудан халқын 100 пайыз таза сумен қамтамасыз ету, қыста бет қаратпайтын аязға қарамай, жазда аптап ыстықта өз жұмысын адал атқарды. Содан кейінгі жай белгілі, мығзымастай көрінген Одақ ыдырап, нарық заманында мекеме шаруашылық есепке көшті. Еңбекақыны жарты жылға дейін алмаған кездер болды. Сол кездегі қиындыққа шыдамағандар жұмыстан шығып кетті, тіпті мекеме банкрот болып жарияланған кез де болды.

Өзі қалаған мамандығына адалдық танытып Мадина ертеңгі күнге сеніммен қарады. Осыдан 16 жыл бұрын  мекемеге басшы болып келген жаңа басшы Әділхан Ахметов білікті басшы балып шықты, мекемені аяғынан тік тұрғызуға қол жеткізді. Қиын күндер келмеске кетіп мекеме жұмысшыларының еңсесі көтерілді, жалақы өсті әрі уақытылы алатын болды. Ең бастысы аудан орталығы ғана емес, елді мекендер де сервистік су жүйесінің рахатын көріп отыр және Сарбұлақтың таза суын ішіп отырмыз.

 Осындай білікті басшы Әділханмен қатар мекеменің ыстығы мен суығын бірге көрген «Арал-Сарбұлақ тораптық су құбырын пайдаланушы Қазалы өндірістік бөлімшесінің зертхана меңгерушісі Мадина Бағдәулетқызы Ешниязованың еңбегі ескеріліп «Қазақстан Су арнасының үздігі» және ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» төс белгілерімен марапатталды.

       Мәдинаның жолдасы Төребек Әлімжанұлы Меңдібаев №70 мектептің білікті математика мұғалімі болып, ол да табан аудармастан 35 жыл бойы қызмет істеп келеді. Кейде әзілдеп «екеулерінің еңбек өтілдерің 70 жылға жетіпті ғой, тағы да бір сыныпта 10 жыл оқыдыңдар, сонда 90 жыл болыпты» деймін.

 Мадинаның үлкен ұлы Ұлан жоғары білімді инженер, өзімен бірге бір мекмеде қызметтес, келіні Ажар да жоғары білімді тарих пәні мұғалімі, қызы Жұлдызай Жалағашта  тұрмысқа шыққан жоғары білімді педагог психолог балалар бақшасында жұмыс істесе, күйеуі Рахымжан колледжде жоғары білімді мұғалім, кіші ұлы Мейірман информатика пәнін ағылшын тілі бойынша бітірген жоғары білімді маман, №249 мектеп-лицейде педагог ұйымдастырушы болып қызмет істейді, келіні Айдана жоғары білімді матеметика пәні мұғалімі. Үш баласынан Құндызай, Ақжігіт, Кәусар, Нүрәділ, Санжар есімді немере сүйіп отырған Мадинаға мерейлі жасың құтты болсын деймін.

                                                                         Бақытжан ТҮМЕНБАЙ,

                                                                         Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  •   

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<