Мақсат ортақ, тілек бір

1160

0

Қазір індетті жеңуге әр адам өзіндік үлесін қосып жатыр. «Бүгінгі күннің батыры» – дәрігерлер де, тәртіп сақшылары да, жомарт кәсіпкерлер мен жалынды жастар, мейірімді волонтерлер игі істерді қолға алып, жанға қуат, көңілге медет сыйлауда.

Жуырда әлеуметтік желі­лерден облыстық «Жастар ресурс­тық орталығы» жанынан әлеуметтік дүкен жұмысын жалғас­тырғаны жайлы оқы­дық. Ондағы қор қаладағы қолы ашық тұрғындардың кө­ме­гімен вирусқа қарсы дәрі-дәр­мектермен толығыпты. Ор­та­лықтың бөлім басшысы, қайырымдылық көмекті үйлес­тіруге септесіп жүрген Сым­бат Әбдрахмановамен тіл­дес­­кенімізде, қазірдің өзінде 80-ге жуық тұрғынға қажетті пре­параттар үлестірілгенін айтты.

– Кең пейілді кемімес. Қазір Сыр жастары, еріктілер қолынан келгенше көмек жасауда. Бүгін де олар қайы­рым­дылық шара­ларының басы-қасынан табылды. Бірі ауру­ханаларға қажетті оттегі баллон­дарын тасымалдады, енді бірі мұқтаж жандарға дәрі-дәрмек жеткізуге кірісті. Орталықтағы әлеуметтік дү­кеннің ашылғанына көп бола қойған жоқ. Алайда, осы бас­таманың, жомарт жан­дардың көмегінің нәтижесінде біраз жұмыс атқардық. Мейірім­ділік шарасы әлі де жалғасын табады. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген­мен, біз әлеу­меттік желідегі орталық парақшасында көр­се­­тілген көмекті жария­лап жүр­міз. Мақсат – тұрғын­дар­­дың толассыз қолдауы арқылы өзге жандарға ой салу. Барлығымыздың да қолы­мыздан көмектесу келетінін көрсету. Тек материалдық тұр­ғыда емес, моральдық тұрғыдан да. Жақсы іс, әрбір жылы сөз – жанға қуат деп білеміз, – дейді ол.

Сонымен қатар қазір орта­лық жанынан осы көмекті тікелей жеткізуге атсалысатын авто­волонтерлар тізімі жасақталған. Бүгінге дейін 15-ке жуық тұрғын өз еркімен тіркеліп, жақ­сылыққа жұмылған. Қорға қажетті дәрі-дәрмектерді әке­ліп өткізу қиындық тудырса немесе хабарласқан азаматтың жағдайына байланысты дәрі-дәрмекті тікелей жеткізу қажет болса автоволонтерлар оны өз көлігімен тасымалдайды. Қуан­тарлығы, індет уақытында өзгеге көмектесуді міндет деп білетін жастар қатары  күннен-күнге көбейіп келеді.

Қала тұрғыны Темірлан Жұбан да еріктілер сапына жақында қосылған. Алматыда білім алып жатқан студент бос уақытын осылайша тиімді пайдаланғысы келгенін айтты. Ол жақсылық жасау үшін ең бастысы мейірімді жүрек пен таза ниет болса жеткілікті деп біледі. «Біз – бір елміз. Тіле­гіміз де бір – індеттен тезі­рек арылып, жақынымызға жана­шыр болу. Біз біргеміз!» дейді Темірлан.

М.СНАДИН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<