«Мемлекеттік шекара» кітабы жарыққа шықты

124

0

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Мемлекеттік шекара» кітабын шығарды.

Кітап өзінің қалтқысыз қызметі арқылы мемлекеттік шекараны күзету ісіне өлшеусіз үлес қосқан жасыл күнқағарлы жауынгерлерге арналады. «Мемлекеттік шекара» кітабындағы әңгімелер мен очерктер қатарына тәуелсіз Қазақстанның Шекара қызметінің даңқты шежіресіндегі кейбір ғана айтулы деген оқиғалар кіре алды. Мұнда шекараның алдамшы тыныштығы, жасыл күнқағарлылардың тынымсыз күндері, әрбір қазақстандық үшін қасиетті саналатын ел шебін күзету кезіндегі бастарынан кешірген шиеленіске толы оқиғаларымен ерекшеленеді. Кітапты қолына алып, беттерін ашқан сәттен бастап, оқырман өзін кейіпкерлермен бірге ел шебінде жүргендей, біресе жаяу, бірде атпен, тағы бірде итпен бірге қаруын серт ұстап, тау асып, тас басқандай, су кешіп, теңіздің толқындарына қарсы жүзгендей әсерге бөленеді.

Шекарадан өткізуге қатаң тыйым салынған есірткі затын тасымалдаушыны құрықтап, таудың ішінде мал бағып бұйығы тіршілік кешіп жатқан шопанның жанұясын кепілге алған қылмыскерден тайсалмаған шекарашыны су да, өрт те алған бетінен қайтара алмайтынын «Мемлекеттік шекара» сыр қылып айтып береді.

Кітапты қолына алған шекарашы ардагер өзімен бірге қызмет атқарған қаруласымен қауышады, ал кіші буын шекарашыны жаңа ерлікке жетелейді.

Бұл кітап –қоғам дамуына үлес қоса алатын үлгілі еңбек. Әсіресе, өсіп келе жатқан жастарға тәуелсіз еліміздің тыныштығы шекарадан басталатынын үйрететін тамаша дүние. Өйткені шекара – Отанымыздың айнасы.

«Мемлекеттік шекара» – шекарашылар үшін ғана емес, әскери өмірден тысқары қарапайым адамдар үшін де оқылымды. Сол себепті жалпы оқырманға арналған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз