Мереке құшағындағы бір ай

525

0

Екі ғасырдан астам уақыттан бері ұлы дарияның екі жағалауын жайлаған Қызылорда қаласы өткен дәуірінде қазақ тарихындағы аса маңызды оқиғалардың ордасы болуымен ерекшеленді. Ал қазір еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан шаһарлар қатарында. Болашақта бүгінгіден де көркем, инфрақұрылымы өркендеген қала болуы үшін ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. 

Жыл сайын қоңыр күзде қызылордалықтар Қала күнін мерекелейді. Кейінгі жылдары жұқпалы аурудың әлегімен адамдардың жиналуына шектеу қойылып, мәдени-көпшілік шаралар онлайн форматта өткені белгілі. Сондықтан биылғы Қала күнін көпшілік асыға күткені анық. «Алаштың Ақмешітінің» мерекесі биыл қыркүйек айының алғашқы онкүндігінен бастау алып, бір ай бойы арнайы бекітілген жоспар бойынша қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. 

Мәуелі маусымда Қызылорда ерекше жасанып, ұзатылатын қыздай құлпыра түседі. Күн райы жаздың билігі әлдеқашан біткенін білдіріп, кейде күз мінезін танытқанымен, жаймашуағы басым. Нағыз мерекенің мезгілі осы берекелі шақ емес пе?! Оған қоса көшелердегі билбордтар, кермелер, естелік суреттерге түсетін фотоаймақтар қалада ерекше іс-шаралар өтіп жатқанынан хабар беріп тұр. LED-экрандарда, әлеуметтік желілерде хабарландырулар, жарнамалық бейнероликтер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, спорт, мәдениет, өнер майталмандары, еңбек адамдарының мерекелік құттықтаулары берілді.

Жұмысбасты тұрғындар мен қала қонақтары мереке лебін сезінуі үшін іс-шаралар аптаның соңғы күндеріне орайластырылды. Оларға арнайы атау беріліп, түрлі бағытта ұйымдастырылды.

Жыл құсындай жаңалық

Кез келген думан-тойдың сәні – жастар, олар өзімен бірге жаңа леп әкеледі,  ажарын ашады. Сол себепті мерекенің алғашқы күні жастардың еншісіне берілді. «Менің сүйікті қалам» тақырыбында республикалық мобилографтардың конкурсы, қалалық жастар театрының маусымдық ашылуы, жастардың карнавал шеруі, республикалық жайдарманшылар фестиваліне ұласып, бір айлық мерекелік шаралардың салтанатты ашылуы Орталық алаңда өткізілді.

«Сыр-Ана» монументінде ұйымдастырылған «Сыр елі – берекенің ақ бесігі» атты ашық аспан астындағы іс-шара осы жолғы Қала күнінің басты жаңалығы десе болады.  Монумент алаңына жиналған 10 мыңнан астам адамның назарына «Абай-Дәулет» ЖШС қолдауымен ұйымдастырылған палаушылар сайысы ұсынылды. Жергілікті кәсіпкер, меценаттар Мұрат және Марат Сәрсенбаевтардың ұсынысымен өткізілген жобаға арнайы іріктелген аспаздар белсене қатысып, өз шеберліктерін көрсетті. Берекенің бастауындай болған қырық қазанда палау басылып, сайыс жеңімпаздары анықталды.

Ақ күріштің Отаны атанған өңірдегі палау пісірушілердің басын қосқан үлкен сайыста «Егін бітік болсын, ел ырысы ортаймасын!» деген үлкендердің ақ батасы мен көпшіліктің тілегі бір арнада тоғысты. «Сыр-Ана» маңында ауыл жастары алтыбақан тепті, ақындар айтысып,  әжелер ансамблі әннен шашу шашты. Мереке «Бауырсақ PARTY», «Шұбат-қымыз FEST», «Қауын-қарбыз FEST» фестивальдарымен, «Handmade» жергілікті, отандық өнім өндіретін кәсіпкерлердің және мүмкіндігі шектеулі жандардың қолөнер жәрмеңкесімен жалғасты.

Ақмешіт – ән-жырдың арқауы

Қала күнінің тағы бір іс-шарасы – Өнер арбатындағы «Қызылорда менің көзіммен» атты дәстүрлі облыстық фотографтар байқауы. Бұл мерекеде фотосуретшілер Қызылорданың көрікті жерлерін, адамдар бейнесін, қас-қағым сәттегі тамаша көріністерді келушілер назарына ұсынды. 

«Кітап FEST» кітап көрмесі мен сатылым акциясы тағылымымен ерекшеленді. Көпшілік «Буккроссинг» кітап сөресін, Өнер арбатын бойлай орналасқан «Өткені сырлы, келешегі нұрлы  Қызылорда» атты кітап көрмесі мен жәрмеңкесін аралауға жиналды. «Буккроссинг» – өзің оқыған кітабыңды өзгеге табыс етуге негізделген кітап сөресі. Оның ашылу салтанатында кітапхананың үздік оқырмандары марапатталды.

Қорқыт ата кітабына арналған ескерткіш жанындағы амфитеатрда «Неге маған жырламасқа Сырда туған елімді?» атты жергілікті танымал ақындардың жыр кеші өтті.

Сырдария жағалауындағы шырайлы шаһардың өткені мен бүгіні, тарихтағы орны ақындар жырына арқау болған, бола да бермек. Қызылорданы көшесінде жүріп сағынатын жандар Қала күнінде ерекше шабыттанып өлең оқыды.

Оңталап Нұрмаханов, Серік Ыдырысов, Қаршыға Есімсейітова, Қазына Өзденбаева, Елубай Әуезов, Мамыр Байдәулетов, Толқын Қабылша, Назгүл Бердіқожа, Мөлдір Айтбай, Ғабит Кәдірбаев, Ұлықбек Бекұзақұлы, Биболат Сәтжанов, т.б сияқты ақындар шоғыры Ақмешіт аспанының түндігін жырмен түрді. Кешті жүргізген Ақжол Түменбайдың жаңашылдығы көрерменін риза етті.

Айта кетейік, іс-шараларға Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменов қатысып, жиналғандарға ізгі тілегін арнады. Мерекенің мән-маңызына тоқталып, оның тағылымды, өнегелі болуына баса мән беріліп отырғанын айтты.

«Қызылорда – достық мекені» атты түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің концерті Қызылораданы өз үйім деп танитын баршаның өнері мен ұлттық киімдерінің мерекесіне айналды. Біздің өңірде өмір сүріп жатқан 35 ұлт өкілі Сыр елінің, Қызылорда қаласының өркендеуіне біркісідей үлес қосып келеді. Осы күні туған жерді әнге бөлеген жерлестер сый-сияпатқа ие болды.

Тасбөгет кенті әкімдігінің қолдауы және С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен кенттің орталық алаңында өткен «Келешегі кемел, келбеті көркем Қызылорда» атты театрландырылған қойылым және мерекелік концертке халық көп жиналды. Жергілікті мәдениет үйінің өнерпаздарымен қатар, «Тұран» триосы, Б.Молдабергенов, Қ.Сағындықов, А.Теңізбаев, Н.Жаңабай, А.Қуаныш, А.Шүкіров ән шырқаса, «Стелла» тобының мың бұралған бишілері кешті керемет билерімен әсемдей түсті. Кеш қонағы әнші, термеші, жыршы Өмірқұл Айниязов жұртшылыққа  ықыласын әнмен жеткізді.

Жасыл желек жамылған аула

Қала күні аясында шаһарды жасыл-желекке айналдыру бағытындағы жұмыстарға өз үлесін қосып келе жатқан қала тұрғындарын ынталандыру үшін «Үздік аула» байқауын ұйымдастыру дәстүрге айналған.

Аталған байқаудың жеңімпаздарын марапаттауға қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова арнайы қатысып, аула бағбандарына қала әкімінің дипломын және қаржылай сыйақыларын табыстады.

– Қызылорда шаһарының көркеюі мен таза болуы – сіздердей жандардың тынымсыз еңбегінің арқасы. Қызылорда қаласын жасыл желекке айналдыру бағытында туған қалаға қызмет ететін өздеріңіздей жанашыр және белсенді азаматтар қатары арта берсін, – деді Ақзира Бақтыбайқызы.

Биыл бесінші мәрте өткізілген «Үздік аула» байқауына қатысуға 17 аула өтінім білдірді. Байқау үздіктерінің ішінен мүмкіндігі шектеулі жан екеніне қарамастан, көгалдандыру ісін қолға алған «Сәулет» шағын ауданы №12 үйдің тұрғыны Нина Константиновнаның ауласы комиссия шешімімен басым дауысқа ие болып, жеңімпаз атанды. Ал ІІ орынды атасының бағбандық ісін жалғастырған Жаппасбай батыр көшесі №4 үй тұрғыны Сабина Сәбитқызы иемденсе, ІІІ орын көршілердің ауызбіршілігі үзілмеген «Ақмешіт» шағын ауданы №7 үй тұрғыны Мереке Серікболқызына, ІV орын зейнеттегі бос уақытын жұбайымен бірге көгалдандыру ісіне арнаған «Титов» шағын ауданы №30 үй тұрғыны Бисенбек Дүйсенбекұлына бұйырды.

Іс-шара барысында Қызылорда қаласының тазалығын қамтамасыз етуде тынбай еңбек етіп жүрген тазалық қызметкерлері де марапатталып, қала әкімінің алғысы мен қаржылай сыйақылары табысталды.

Айта кету керек, жеңімпаз атанған тұрғын үй ауласына «Үздік аула  –  2022» тақтайшасы ілінді.

Бозкілемде – бала барыстар

Қаланың орталық алаңында өткен бояулар мерекесі, Тұңғыш Президент саябағындағы ретро концерт көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған іс-шара болды. Ретро фестивальда аға буын жастық шағының көріністерін, киім үлгілерін, дәстүрлерін сағынышпен еске алды. ВИА топтардың сүйемелдеуімен жанды дауыста әндер орындалды. Ұйымдастырушылар мұндай концерт алдағы уақытта дәстүрге айналатынын айтып жатты. Өнер мерекесіне  облыстық филармония, қалалық мәдениет үйі және 5 ауданнан ВИА топтары келді.  «Земляне» тобының, Ю.Антоновтың танымал әндері орындалды. Қазақ әуендері де жанды дауыста шырқалды. Ескі әуенмен көңілін көтерген көпшілік бірге билеп, серпіліп қалды.

Бір айға созылған Қала күнінің тағы бір ерекше іс-шарасы тұңғыш рет ұйымдастырылған «Бала барысы» сайысы болды. «Балалар жылында» 30 жасөспірім қатысқан жас балуандар додасына «Абай-Дәулет», «Ер-Ару», «Шаған құрылыс заттары» компаниялары демеушілік жасады. «Қазақстан барысы», «Әлем барысы» секілді апайтөс алыптарды шыңдаған бәсекенің балалар арасында ұйымдастырылуы Ұлан Рысқұлов, Еламан Ерғалиев, Нұрым Сәлімгереев, Мақсат Исағабыловтың ізбасарларын  дайындауға жол ашады. Бозкілемдегі жасөспірімдерге қарап қазақ күресінің келешегі кемел, болашағы жарқын боларына сенім арта түсті. Ұйымдастырушылар бұл турнирдің дәстүрлі сипат алуына мүдделі екенін айтып жатты.

Балуан балалардың намысын қайраған дүбiрлi доданың қорытындысында I орынды қармақшылық Әлихан Әлиасқаров жеңіп алды. Оған сыйлыққа тайтұяқ пен Алтын белбеу, 150 мың теңге сыйақы берілді. Ал жаңақорғандық Дінмұхамед Ержанов II орын иеленіп, 100 мың теңге сыйақы алып, Күміс белбеу тақты. Қызылордалық Исламбек Балмолдаев жүлделі III орынды қанжығасына байлады. Исламбекке Қола белбеу және 50 мың теңге сыйақы берілді. «Көрермен көзайымы» аталымы бойынша қармақшылық Арқар Бақытжанға 25 000 теңге сыйақы табысталды.

Тарихы терең туған қаламыздың мерекесінде «Қызылорда – жүрегімнің төріндесің» атты балалар арасында қалалық ән байқауы, сондай-ақ, қалалық музейде Ашық есік күні де ұйымдастырылды. Тұрғындарды тазалыққа, ізгілік пен мейірімділікке үндеген «Қызылорда – мейірімді қала», «Көңілді сенбілік», «Үлкенге құрмет – кішіге  міндет», «Қызылорда – салауатты қала» атты акциялар ауызбірлікпен өтті.

Бір айға созылған Қала күнінің қорытынды іс-шаралары ерте көктемнен басталған еңбек маусымының нәтижесі көрінетін «Алтын дән» мерекесімен ұласып жатыр. Алда еліміздің ең ұлық мерекесі – Республика күні. Бірталай жылдан бері аталмай қалған Республика күнінің алдында қазақтың төрт астанасының орнындағы Қызылорда қаласы өз мерекесін осылайша тойлады.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<