Өнері кәсібіне айналған

1131

0

Сырдариялық тігінші Нұрсұлу Ажарованың өз ­­­кәсі­бін бастағанына он жылдан асты. Жастайынан қолөнерді жанына серік еткен ол бүгінде тапсырыспен қыз жасауын, құрақ көрпеше, көрпе, т.б. бұйымдарды тігіп, халықтың алғысына бөленуде. Енді сәнді киімдерді тігуді де қолға алды.

Шебер бастапқыда қа­бі­­летін кәсіпке айнал­дыру үшін «Ақниет» бағ­дар­ламасына қа­тысты. Жо­басы қолдау тауып, 300 мың теңге грант жеңіп алды. Бұл бастама тігін­шінің қолөнерге деген қызы­ғушылығын арттырды. Ты­нымсыз кәсіпкер мұнан соң «Бастамаларды қолдау» ор­та­лығының «Шағын биз­нес – үлкен мүмкіндіктер» бағ­дар­ламасы бойынша 1 млн және 2018 жылы «Өңірлерді дамыту орталығынан» 3 млн теңге несиеге қол жеткізді. Осылайша,  тігін шеберханасын кеңейтіп, алған қар­жы­сына  ескі мақтаны қай­та түтіп, жаңартатын және көрпе көктейтін станок әкел­ді. Нәтижесінде жұмысы жеңіл­деп, тапсырыс уақыты қыс­қарды. Жарамсыз деген көрпе-көр­пешені қайта қал­пына келтіруге мүмкіндік алды.

– Елімізде кәсібін дөңге­ле­нтемін деген жанға барлық жағдай жасалған. Әсіресе, өңірде түрлі бастамалар қолға алынды. Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы да жарияланды. Мен сол кәсіпкерлерге арналған мүм­кіндіктерді пайдаландым. Нәти­жесінде жұмысым алға басты. Алғаш грант ұтып, тігін машинасын алғанымда оны тігуді де білмейтінмін. Бірақ қолөнерге деген құлшынысым оны игеріп кетуіме сеп болды. Содан бері түрлі бұйымдарды тігіп, халықтың сұранысын қанағат­тандырып келемін, – дейді ол.

Кәсіпкер екі адамды жұ­мыспен қамтып отыр. Ондағы қыздар да тігін өнерінің қыр-сырына қаныққан. Нағыз өз ісінің шеберлері. Тігінші үнемі заман талабына сай жұмысын жетілдіруді ойлайды. Бүгінде қыз жасауынан бөлек, текемет басады аяқ киім, сәндік бұйымдар мен кәдесыйлар жасайды.

М.Мәметова атындағы гума­ни­тарлық колледжінде, кейін Қорқыт ата атын­дағы мемлекеттік универ­ситетінде оқыған Нұр­сұлу «Бей­нелеу өнері және сызу» ма­мандығын тәмамдаған. Мек­тепте ұстаздық ете жүріп, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйре­неді. Қолөнер көр­мелеріне қаты­сып, республикалық «Сыр­дың сырлы өнері» атты көр­меде бірінші орын алса, «Өнерлінің қолы алтын» байқауында үшінші орын алды. «Үздік сапа» байқауының алғыс хат иегері. Он саусағынан өнері тамған ұстаз бұл өнерге кішкентай шәкірттерін де бау­луда. Сондай-ақ, қолөнер шебері «Нұр Рамазан» қоғамдық қорын құрып, түрлі әлеуметтік жобаларға қатысады.

Қазіргі таңда қордың жанынан оқу орталығын ашып, тігін тігуге ынталы жандарды оқытып, шеберлік сыныптарын өткізуде. Нұрсұлудың сабақ­тарына өзге аймақтардың қыз-келіншектері де қатысып, шеберлігін шыңдауда. Өткен жылы оқу орталығы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған бағ­дар­лама аясында 16 адамды оқытқан. Оның 3-уі мемлекеттің қайта­рымсыз грантын ие­ленген. Биыл тігіншілікпен қатар ынталыларды маман­дыққа баулуды қолға алмақ.

– Адам еңбек етсе, талпынса, бастысы ниет болса, кез келген бастамадан нәтиже шығаруға, жетіс­тікке жетуге болады. Бүгінде ҚР Қолөнер шеберлері одағының мүше­сімін. Бұл – мен үшін үлкен жетістік. Алда әлі бағындырар асулар бар, – дейді қолөнер шебері.   

Өмірі ұстаздықпен өрілген кә­сіпкердің алға қойған мақсаты айқын. Ендігі жерде тек  сұраныс пен талпыныс болса болғаны.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<