Қатерлі індетпен күрес – барлығымыздың міндетіміз

210

0

Адамзат баласы қазір әлемді жайлаған қатерлі індетпен күрес бағытында барынша белсенді күрес жүргізіп келеді. Коронавирус инфекциясына қарсы біздің елімізде де тиісті іс-шаралар белсенді түрде жүзеге асырылып отыр. Десе де қай кезде де жауапкершілік мәселесіне немқұрайлы қараудың ешбір реті жоқ. Тұрғындар қатерлі індеттің өршіп кетпеуі үшін барынша қауіпсіздік шараларын сақтап, адамдар көп жиналатын орындарға баруды шектей тұрғаны дұрыс. Өкінішке орай, қазір халық арасында осындай талаптар сақтала бермейді.


Сондай орны толмас олқылықтың зардабын тартып жүргеніміз де белгілі. Күнбе-күн қатерлі індетке шалдыққан қаншама науқас тіркеліп, олардың арасынан өмірден мезгілсіз өтіп жатқан ағайын, туыс, бауырларымыздың бар екендігі бізді ойландырады. Сондықтан бұл бағытта мемлекет тарапынан тиісті қатаң шаралар қолға алынып, бүгінгі күндері елімізде карантиндік шектеу шаралары жүзеге асырылды. Оның алғашқы нәтижесі де байқала бастады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына телевизиялық үндеу жасап, онда бүгінгі күні маңызды саналып отырған көптеген мәселеге байланысты ой-пікірін білдірді. Қапыда көз жазып қалған қаншама бауырымызды еске алу мақсатында 13 шілде – Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Оны дер кезінде қабылданған оң шешім ретінде санаймын.


Қазақ халқында «Күн жаманы кетер» деген нақыл сөз бар. Халқымыз талай зауал мен зобалаңды, індет пен нәубетті бастан өткізді. Еңсемізді езіп кеткен сол ауыр күндер де бүгінде артта қалды. Сондықтан еліміздің барша тұрғындарын сабырлылық сақтауға, үрей мен қорқынышқа бой алдырмауға шақырамын. Қатерлі індетпен күрес бағытында тиісті іс-шаралардың жүзеге асуына белсенді түрде қатысуымыз тиіс. Ең бастысы, әрбір адам өзінің, отбасының, ағайынның амандығын сақтауға жауапкершілік танытқаны жөн болады.

Есенжол НАЗАРОВ,


техника ғылымдарының кандидаты, доцент,
«Nur Otan» партиясы «Тұран» филиалы төрағасыныӊ бірінші орынбасары

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз