Қиындықты тек сабырмен еңсереміз

856

0

Қазір біздің ел ғана емес, әлем халқы қауіпті дертпен күресуде. Адамдардың бұрынғы алаңсыз көңілінде қазір үміт пен күдік арпалысуда. Бірақ, екіншісі басым.


Осы вирустың салдарынан жаздың өзінде елде пневмония мен тұмау көбейді. Күн ыстықта жөтеліп, қызу түспей, әл-дәрменің құрығанда уайымға салынып, санаңды қорқыныш торлап алатыны рас. Әсіресе, талай адамның осы дерттің салдарынан келместің кемесіне мінгені тым өкінішті.


Сондықтан қазіргі уақытта өзіміздің, отбасымыздың, елдің амандығын бірінші орынға қоюымыз қажет. Дүрмекке еріп, байбалам салып, бірлігімізді жоғалтсақ, көп нәрседен ұтыламыз. Қолдан келер көмегіміз болса, танысақ та, танымасақ та, бір-бірімізге көмектесейік. Құнарлы ас ішіп, уақытылы тынығып, денсаулығымыздың мығым болуына мән берейік, карантин талабын сақтап, көп адам жиналатын жерлерде болмауға тырысайық. Вирустың адам алаламайтынына, жас пен кәріге, мансабыңа қарамайтынына көз жетті. Деніміз сау, бауырымыз бүтін болса, алда да той жасаймыз. Бірақ, қазір бастысы – амандық пен сабыр.


Уайымға салыну, жаман ойға берілу кетіп бара жатқан ауруды шақырып алғанмен бірдей. Ауыр мұң дәл осы уақытта бізге аса қажет иммунитетімізді төмендететінін медицина мамандары айтудай-ақ айтып келеді. «Сабыр түбі сары алтын» екенін, түннің артынан күн шығатынын талай нәубетті, талай сынақты көрген бабаларымыз да айтып кетті емес пе? «Күн жаманы кетер». Бұл да Алланың бір сынағы. Ниетімізді саралайық, жақсылықтан күдер үзбейік.

Еділбек КҮЛМАҒАНБЕТОВ,

Ауған соғысының ардагері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<