Қоршаған орта тың идеялармен жанданады

499

0

Өткен ғасырдың 60-жылдары басталған Арал теңізінің проблемасы әлем  жұрты  алаңдайтын  өзекті  мәселеге айналды. Экологиялық  дағдарыс салдарынан  Арал   өңірінде  адамдардың   денсаулығы  күрт  төмендеп, аурушаңдық  белең алды.

Аралды құтқару әлемді құтқарумен пара-пар мәселеге келді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ Арал проблемасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашық айтып, әлем елдерінің назарын аударды. Мәселенің өткір екендігін Орта Азия елдерінің басшыларына түсіндіріп, бірлесе шешуді үндеп, Президенттердің басын Қызылорда қаласында  қосты. Соның нәтижесінде Кіші Аралды сақтап қалудың идеясы – САРАТС жобасы дүниеге келді.  Жобаның алғашқы кезеңін жүзеге асыру нәтижесінде кіші теңізде тіршілік жанданды. Балық шаруашылығы қайта дамыды.

Кеше  облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жахановтың қатысуымен өткен «Қызылорда облысындағы экология және табиғат пайдаланудағы өзекті мәселелер» атты конференцияда бірқатар мәселелер талқыға түсті.

Б.Жахановтың атап өткеніндей, бүгінгі күнге дейін құрғаған теңіз табанында фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде 195 мың гектар жерге сексеуіл егілген.

– Бірақ бұл әлі аз. Үкімет басшысының тапсырмасына орай, өңірдегі экологиялық жағдайды одан әрі жақсарту мақсатында  алдағы бес жылда оның ауқымын 1 млн гектарға жеткізу жоспары бар. Биылғы жоспарға сәйкес 100 мың гектар жерде сексеуіл егілетін болады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

«Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы»  заңды тұлғалар бірлестігі төрайымы Анар Ізден  «15» экологиялық ҮЕҰ клубы» жобасы аясында облыс әкімдігі мен аталған бірлестік меморандумға қол қойылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, жоба презентациясы жасалып, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, экологиялық бағдарламалар, Қазақстанда қолданыстағы экологиялық стандарттарды реттейтін нормалар бойынша мемлекеттік органдардың басшылары мен қызметкерлерінің біліктілігі мен құзыреттілігін анықтау, кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсеріне байланысты мәселелерді бірлесіп шешуге бағытталған жұмыс жоспары талқыланғанын жеткізді.

Конференцияға онлайн режимде қатысқан «Neco» экологиялық клубының басшысы, Қостанай облысының экобелсендісі Наурызбек Бірмағамбетовтің айтуынша, аталған қор жылыжай өндірісін іске қосуға бағытталған жобаға Қостанайдың Первомайское елдімекенінен 200-ге жуық тұрғынды жұмылдырған. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранттық көмегімен ауыл тұрғындары бүгінде көкөніс өсірудің бірегей технологияларын меңгеріп жатыр.

Ақтөбелік «Eco Network» компаниясының басқарушы директоры және экоконсультанты Айман Сексенова өз кезегінде «Қазақстандағы экологиялық мәселелерді шешудегі қарапайым қадамдар» жобасы бойынша экологиялық сенбіліктер ұдайы ұйымдастырылып келе жатқанын хабарлады.

Конференция барысында сондай-ақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті инженерлік-технологиялық институтының директоры Гүлзат Асқарова «Қоршаған орта сапасының адам денсаулығына әсері» туралы, «Қамыстыбас су тұтынушылар қоғамы» қоғамдық бірлестігі төрағасы Алдаберген Исаев «Қызылорда облысындағы су тапшылығы мәселесі» бағытында баяндама жасады.

Конферецияға қатысушылар  өңірдегі  экологиялық мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдары бойынша ұсыныстар айтты. Конференция қорытындысымен үкіметтік емес ұйымдардың экологиялық бағыттағы әлеуметтік жобаларына қолдау көрсету, Белкөл кентінде тазаланбаған кәрізсуын төгу арқылы қоршаған ортаны ластап, атмосфералық ауадағы зиянды заттардың артуын болдырмау бойынша шаралар қолдану туралы ұсыныстар берілді. Сонымен қатар облыстық мекемелерге, мектеп, балабақшаларға қағаз, пластик қалдықтарын бөлек жинауға арналған экобокстарды орнату бойынша шаралар қабылдау, тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдауды, өңдеуді, пайдалануды және кәдеге асыруды ұйымдастыру, қалдықтарды бөлек жинауға арналған жүйенің инфрақұрылымын дамытудың өзге қалалардағы тәжірбиені ескеру жайы да ұмыт қалмады.

Конференцияға қатысушылар азаматтық қоғам институттары өз қызметін өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға, халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтауға бағыттайтынына сенім білдірді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<