Қызылорда облысында инфрақұрылыммен қамтылған 6 индустриялық аймақ жұмыс істейді

463

0

Биыл өңірге 456 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай 1,5 трлн. теңгеге дейін жеткізу бекітілген. Аймақта қажетті инфрақұрылыммен қамтылған 6 индустриялық аймақ жұмыс істеп жатыр. Онда жалпы құны 207,7 млрд. теңге құрайтын 62 жоба орналасып, 22-і іске қосылды.

«Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, шетелдік және отандық инвесторларды елімізге шақыра отырып, олардың инвестициялық жобаларын іске асыру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Инвесторлар өңдеу өнеркәсібіне инвестиция салса, жаңа жұмыс орны ашылады», – деді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жолмырза Еламан.

Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру мақсатында «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 2021-2022 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттен 11 инвестициялық жобаға жалпы құны 5,5 млрд. теңгеге инженерлік инфрақұрылым жеткізу мәселесі қарастырылуда. Бұған қоса, қосымша тағы 4 инвестициялық жобаға инженерлік инфрақұрылым жеткізу мәселесі пысықталуда. Экономиканы әртараптандыру жұмыстары индустрияландыру бағдарламасы аясында іске асырылуда. Бағдарлама аясында құны 543 млрд. теңгеден асатын 46 жобаны жүзеге асыру көзделуде.

Сонымен қатар, биылғы жылы іске қосылатын 4 жобаның 2-інің өнімі инновациялық сипатта және экспортқа бағытталған. Олар – шыны зауыты және ас тұзын өндіретін ІІІ испан цехы. Сондай-ақ, осы жылы жаңа өнім түрін шығаратын «Шалқия» кен орнында қорғасын-мырыш өңдеу комбинаты және кальциленген сода өндірістері құрылысын бастау жоспарда тұр. Еске салсақ, Қызылорда облысының 2025 жылға дейінгі даму жоспарының жаңартылған жобасы жасалды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<