Сапа – барлық жұмыстың басты өлшемі

612

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласындағы бірқатар нысандарды аралады. Алдымен Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан №2 тұрғын үй кварталына барды. Бұл жерде апатты жағдайдағы баспанада тұрып жатқан азаматтарға арналған 50 пәтерлік үй құрылысымен танысты.

Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев соңғы уақытта қаланы перспективалық  дамыту бағытындағы қолға алынып жатқан жобалар туралы айтып, құрылыс нысандарының жұмысын көрсетті.

Бас мердігер «Дәнекер» ЖШС салып жатқан  үй қараша айында аяқталады деп күтілуде. Көпқабатты үйдің 2 бөлмелі 20, 3 бөлмелі 30 пәтері бар. 

Өңір басшысы тұрғындардың көбі баспана мәселесіне байланысты сұрақтармен келетінін алға тартты. Сондықтан мердігерлерге үйлердің мерзімі мен сапасына мән беруді  тапсырды.

Мұнан кейін аймақ басшысы №4 кварталды жалғайтын магистральды жылу желілері және сол жағалауды аяқсумен қамтамасыз ететін су бұрғылау ұңғымасының жобасымен танысты.

Сырдария өзенінің сол жағалауын аяқсумен қамтамасыз ететін су бұрғылау ұңғымаларының құрылысын жүргізудегі мақсат – инженерлік іздестіру жұмыстары. Қазір мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталып, жеңімпаз мердігер мекеме анықталуда.

Сонымен қатар, аймақ басшысы №4 тұрғын кварталындағы абаттандыру жұмыстарын көрді. Жобаны жүзеге асыруға жауапты мердігерге абаттандыру ісін желтоқсан айында аяқтауды тапсырды.

Облыс әкімі алдағы жылу маусымына дайындық барысын пысықтап, аяқсуға қатысты жұмыстарды жеделдетуді жүктеді. Сондай-ақ, абаттандыруды сапалы жүргізу қажет екенін баса айтты.

Келесі кезекте облыс әкімі өңір жастарымен кездесіп, пікірлесіп, ұсыныстарын тыңдады. Алдымен Гүлшара Әбдіқалықова Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасының коворкинг орталығында «Кітап құрттары» клубының мүшелерімен кездесті.

Клуб 2019 жылы құрылғанда жеті мүшесі болса, бүгінде 100-ге жетіп отыр. Басқосу барысында оның жетекшісі Талғат Меңдібаев клубтың Қазалы ауданында бөлімшесі ашылғанын және алдағы уақытта басқа аудандарда ашу жоспарда бар екенін жеткізді. Сонымен бірге ізденімпаз студенттерге арнап Қорқыт ата университетінде қосымша курс та жұмысын бастағанын айтты.

– Жастардың кітап оқуға қызығушылықтарын арттыру, насихаттау мақсатында шаралар көшпелі түрде өткізіліп отырады. Мұнан өзге, ай сайын клуб мүшелерінің ұйымдастыруымен «Кітап сыйла» акцияларын өткізу  жыл сайынғы үрдіске айналған. Жинақталған кітаптар балалар үйіне, оңалту орталықтарына, пробация есебінде тұрған жастарға және бас бостандығынан айырылған жастарға сыйға тартылады, – деді клуб жетекшісі.

Сонымен бірге аялдамаларға, демалыс орындарына кітап оқитын сөрелер қою арқылы  Қызылорданы «кітап оқитындар қаласына» айналдыру керек деген ұсынысын жеткізді.

Кездесуде жастар аймақ басшысымен кітап оқу мәдениеті туралы еркін ой өрбітті. Гүлшара Әбдіқалықова интеллектуалды ұлт қалыптастыруда кітап оқудың маңыздылығын қаперге салып, жастарды «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарыққа шыққан кітаптарды оқуға шақырды.

Кездесуде жастар өңір басшысына клуб оқырмандары атынан «Қыз Жібек» дастанын сыйлады. 

Мұнан соң Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас бөлімдердің жұмыс­ымен таныстырып, Әбілда Тәжібаев, Қалтай Мұхамеджановтың музей бөлмелерін көрсетті.

Сондай-ақ, облыс әкімі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің белсенді студенттерімен жүздесті. «Сейхун» спорттық-сауықтыру кешені мен №5 студенттік жатақханада болды. 

Кешен директоры Алексей Абдулхасанов білім алушылардың салауатты өмір салтын сақтау мақсатында мұнда шағын футбол, волейбол, жүзу, үстел теннисі сияқты спорт секциялары ұйымдастырылатынын жеткізді. Бірінші қабатта спорт залы орналасқан. Ауысымына 40 адамды қабылдай алады. Сонымен бірге киім ауыстыратын, жуынатын бөлме, массаж бөлмесі, ал екінші қабатта тереңдігі 2 метрге жететін бассейн бар. Осы қатарда медбике кабинеті, тренерлер бөлмесі орналасқан.

Студенттер үйін аралап көрген аймақ басшысы жастарды салауатты өмір салтын ұстанып,  білімге ден қоюға, бәсекеге қабілетті маман болуға шақырды. Жатақханада санитарлық нормаларды қатаң сақтап, ауланы көркейту және көгалдандыру жұмыстарын тұрақты жүргізіп отыру қажеттігін еске салды. Аймақ басшысы бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысу жастардан бастау алу қажет екенін атап өтті. Бұл ретте өңірде университет базасынан бөлек, түрлі секцияларға тегін қатысу мүмкіндігі қарастырылған.

Келесі бағыт – Белкөл кентінде аймақ басшысына елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы таныстырылды.

Кентте биыл мемлекеттік бағдарламалар арқылы 9 жоба қаржыландырылған. Елді мекенде жыл басынан бері 24 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, олардың жалпы саны 235-ке жетті.

Тұрғындардың басым бөлігі қалаға қатынап жұмыс істейді. Осы ретте облыс әкімі елді мекеннің жол-инфрақұрылымдық дамуына айрықша назар аударуды тапсырды.

Аймақ басшысы жаңадан салынған қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптау кешенін көрді. Полигон Белкөл кентінен 7,5 шақырым қашықта, экологиялық-санитарлық талаптарға сәйкес қалдықты өңдеу үлесін арттыру бағытында салынған. Өткен жылы пайдалануға берілген нысан күніне 16-17 тонна, жылына 60 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптап, өңдеуге қауқарлы. Қазір кешенде 40-қа жуық адам жұмыспен қамтылған.

Ауданы 20 гектар қоқыс сұрыптау кешенімен және жарамсыз қоқысты көму алаңдарымен қамтамасыз етілген полигонға орташа есеппен күніне 110 тонна тұрмыстық қалдық қабылданады. Оны сұрыптау және көму жұмыстары жүргізіледі. Былтыр Қызылорда қаласы бойынша жиналған 27 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтың 21,8 па­йызы сұрыпталып, өңделген. 115 тонна сұрыпталған шикізат өнімдері (пластмасса, шыны, қағаз) қайталама пайдалану үшін мүдделі кәсіпкерлерге жөнелтілген. 

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бауыржан Оспанов 2018 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында құрылған кешен былтыр жыл басынан пайдалануға берілгенін айтты. 

Аймақ басшысы бұл тек коммуналдық ғана емес, экономикалық және экологиялық маңызды жоба екенін алға тартып, облыс орталығының тазалығын сақтау үшін тиісті жұмыстарды жүйелі жүргізуді тапсырды.

Айсәуле Қарапаева,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<