Сақтық шараларына селқос қарамайық

1046

0

Күн күйіп тұр. Соған қарамастан айналамызда түшкіріп, жөтелгендер, иіс, дәм сезбейтіндер, ыстығы көтеріліп, дем алуы қиындағандар көбейді. Меніңше, бұл жұрт айтып жүргендей жәй тұмау емес.

Әркім өз білгенінше үйде ем қабылдап жатыр. Бірақ қит етсе, дәріге жүгіру, оны оңды-солды пайдалану дұрыс еместігін түсіну керек. Бұл да майды көп жесең, жүрегіңді көтеретіні сияқты нәрсе. Адамдар жиі пайдаланатын антибиотиктер иммундық жүйені әлсіретеді. Ал көк тамырға көп сұйық құю өкпеге су жиналуына, оның жұмысына кері əсерін тигізеді. Дәруменді жөнсіз пайдалансаң, ол да зиян. Адам өзін-өзі емдеумен айналыса бастаса, ағзасы айналадағы өзгерістерге қарсы тұра алмай қалады. Одан да көкөніс, жеміс-жидек, әсіресе, пияз, аскөк, сарымсақ пайдаланған әлдеқайда пайдалы.

Ендігі мәселе мынау. Ауырған адамның көптігінен дәріханалар алдында ұзын-сонар кезек. Дәрі тапшы. Бұған бір жағынан өзіміз кінәліміз. Дәрі-дәрмекті артығымен алып, қор жинау арқылы өзгеге зиянымыз тиюде. Әсіресе, егде жастағы, созылмалы және басқа да дерті бар кісілер соның зардабын тартып отыр. Халықтың көзін ашып, білімін арттыратын дүниелерді бұқаралық ақпарат құралдарынан жиі көрсетудің маңызы зор. Атап айтқанда, дәрігердің нұсқауынсыз сатылмайтын медициналық өнімдер, оның пайда-зияны, қолдан ажиотаж туғызбау туралы айтылуы керек.

Пандемия кезеңінде Үкімет те, денсаулық сақтау министрлігі де – жауапты салалардың барлығы аянып қалып жатқан жоқ. Орынсыз байбалам салып, бір-бірімізді кінәлағаннан ештеңе шықпайды. Одан да қиындықтан бірге құтылудың қамын жасайық. Сақтық шараларына селқос қарамайық.

Көбек НАРШАБАЕВ,

Қазалы ауданаралық ауруханасы

хирургия бөлімінің меңгерушісі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<