Сыр өңіріндегі құрғақшылық салдары

741

0

Биыл Сырдария арнасының күрт түсіп кеткені егіншілікпен қатар, мал шаруашылығына да зардабын аз тигізіп отырған жоқ. Әсіресе дарияның етегі саналатын Арал ауданындағы су айдындарының айтарлықтай тартылып кеткені жағалауындағы жұртқа да, аяқты малға да ауыр соғып отыр.
Аралдықтар тіршілігінің негізгі көзі – мал мен балық. Статистикалық есепте тұрған 931 шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкердің 33-і егін шаруашылығымен айналысса, қалған 898-і мал өсіреді. Ауданда осы күні 54 289 бас ірі қара, 104 073 қой мен ешкі, 43 513 жылқы және 32 717 ойсылқара тұқымы есепке алынған. Былтырғымен салыстырғанда төрт түліктің санында өсім бар. Бірақ биылғы қуаңшылық осы мал басын біраз селдіретіп кететін сияқты.

Биыл қыста аудан аумағына бір-екі мәрте етік басы үрлесін қар түсті. Бар мұңы малдың жайы болған жұрттың үміті көктемгі жауын-шашында еді. Қас қылғандай ол мезетте көктен ештеңе тамбады. Осыдан көктемге қылтиып шыққан көк аз күнде күйіп кетті. Дариядағы судың аздығынан соңғы жылдары тамшы түспеген көлдер де тартылып, Жығылғанға жұдырықтың керін келтіріп отыр.

Жақында Арал, Қазалы аудандарына барған жұмыс сапарында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова теңізді өңірдегі Саркөлдің мәселесіне назар аударған. Жалғыз Саркөл ғана емес, осы аумақтағы Лай көл, Қамбаш көлдері жағалауларынан 500 метрге дейін жырақтап, жиегі балшыққа айналыпты. Ауылдағылар аймақ басшысына су ішуге барған аяқты малдың ұйыққа батып, көл жағасында өлексе көбейгенін айтты.

– Облыс басшысы жағдайымызбен танысып, аудан әкімдігі, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына тапсырмалар берді. Басқа да тиісті құрылымдар бұл мәселеден хабардар, – дейді Аманөткел ауылдық округінің әкімі Қайрат Абдраманов. – Малдың ұйыққа батып қалмауын қадағалау үшін ауылда ерікті жастардан топ құрдық. Қазір көл жағалауына кезекшілік қойылып, жағдай тұрақтанды.

Мұндағылар қолдан келген амалды жасап-ақ жатыр. Бірақ сәуір айынан бері басылмай тұрған шаңды дауыл қыс пен көктемде мардымды ылғал түспеген даланы тандырдай кептіріп барады. Аудан әкімдігінің мәліметінше, кейбір ауылдық округтерде күрделі жағдай қалыптасып, малға азық тауып берудің өзі қиынға айналған. Жылда шаруалар көршілес Ақтөбе облысындағы Шалқар мен Ырғыздан, сондай-ақ алыс та болса Жаңақорғаннан шөп таситын. Биыл ол жақтарда да қуаңшылық болып тұр. Амалы таусылған шаруалар қолдағы малын нарық бағасынан арзанға сатуға көшіпті. Бұл жағдай әсіресе Мергенсай, Құланды, Беларан ауылдық округтерінде байқалады. Кейбір ауылдағы ағайын малын Қарақұм, Жіңішкеқұм өңірлеріне айдап апарып жаюға мәжбүр.

– Осы қыста қолымызға күрек ұстап, есік алдының қарын күреген жоқпыз. Көктемде де көктен бір тамшы тамбады. Қаталаған мал көз ұшындағы көлге ұмтылып, ұйыққа батып қалып жатыр. Қазір жалпы қай өңірді де құрғақшылық қысып тұр ғой. Бірақ осы жасыма дейін дарияның мұншалықты тартылғанын көрмеппін. Өткенде ауыл тұсындағы бұрмадан су шығару мәселесі көтерілген еді. Соны тез қолға алмаса, қыр беттегі 7 ауылдың жағдайы қиындай береді, – дейді Аманөткел ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсұт Ерәлиев.

Теңізді аудандағы түйткілді мәселе облыс әкімдігінің назарында тұр. Жағдайды зерттеген облыстық Ветеринария басқармасы Мергенсай, Құланды, Беларан, Бөген, Аманөткел, Райым, Бекбауыл, Қамыстыбас ауылдық округтерінде 321 жылқы, 159 ірі қара, 1 түйе өлгені жайлы мәлімет таратты.

Осыған байланысты Арал аудандық аумақтық инспекция, ауылдық округ әкімдігінің мамандары тұрғындармен кездесу өткізіп, мал иелерін анықтап, акт толтырыпты.

Мамыр айының соңғы күні Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетовтің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өткізілді. Осы отырыста қуаңшылықтан шетінеген малдың көбінің сырғаланбағаны жəне орталықтандырылған базалар жүйесіне енгізілмегені белгілі болған. Сондықтан мал иелерін анықтау қиынға соғып тұр. Ветеринарлар өлген малдардан ешқандай жұқпалы ауру белгілерін тапқан жоқ және акт жасалып, өлекселер өртелді.

Аудан басшысы базаға енгізілмеген малдың барлығын тіркеуге тапсырма беріпті. Комиссия отырысының қорытындысында тиісті сала басшыларына шұғыл шаралар қабылдап, жемшөп саудасымен айналысатын кәсіпкерлердің алдымен өңірдегі шаруашылықтарды толық қамтамасыз етуін ұйымдастыру және өлген малдың есебін шығару міндеттелген.

Аудан әкімдігі аталған ауылдық округтерде су ұңғымаларын қайта қазу қажет деген шешімге келіп отыр. Алғашқылар қатарында Мергенсай, Құланды, Беларан ауылдық округтерін суландыру қолға алынбақ.

– Осы күні аудандағы шаруашылық құрылымдары амалдың жоғынан мал басын қысқарту бағытында жұмыс істеп жатыр. Ауыл тұрғындары, еріктілер және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері тарапынан кезекшілік ұйымдастырылып, қосымша бадамен қамтамасыз етілуде. Қазір мал өлімі жоқ, дейді аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішев.

Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша мал азығы мәселесін шешу жоспары жасалды. Мәселен, әр аптаның сенбі күні ауданда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, жем-шөп нарық бағасынан 10-15 пайыз арзан бағада сатылады. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнұр Тілеулеева мал шаруашылығы бойынша тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау мақсатында өткен жылдан бастап, жемшөпке жұмсалған шығын құнын арзандату үшін субсидиялау басталғанын айтып отыр. Бұған облыстық бюджеттен 730 млн теңге бөлініп, 588 шаруашылық қаржылай қолдауға ие болған. Оның 42-сі – аралдық шаруалар.

Осы материал дайындалып жатқанда Аралдағы шаруашылықтарға жем-шөп жеткізіле бастағаны жайлы хабар жетті. Кәсіпкерлер алғашқы лекте 116 тонна жоңышқа апарса, алдағы күндері 518 тонна мал азығы жеткізіледі. Ақтөбе облысының Ырғыз ауданымен және өзге де өңірлермен келісімдер жасалуда.

Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ,

«Егемен Қазақстан»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<