Талаптының балғасы тасқа шеге қағады

840

0

Желтоқсанның басында облыс орталығына барып қайттым. Елдің жүріс-тұрысы еркін қалыпқа көшкені көзге анық білініп тұр. Әрине, бетперде тағып жүру талабы өзгермеген. Ол негізсіз емес, «сақтықта қорлық жоқ» демекші, әлі де босаңсуға болмайды. Өзге өңірлерге, әсіресе солтүстік облыстарға қарағанда Қызылорданың жақсы аталып жүргенінің халықтың көңіл-күйіне әсер еткені айтарлықтай байқалады.

«Қараша, желтоқсанмен сол бір-екі ай, қыстың басы бірі ерте, біреуі жай» дейді Абай ақын. Алып бара жатқан аяз жоқ. Ұлы ақынның дәлме-дәл суреттегеніндей, күз бен қыстың қақтығысындағы жолаушының жүрісін ширататын салқын бар. Қалаға келген шаруамды бітіріп, шектеу шараларының жұмсаруына байланысты біртіндеп қосылып жатқан Қазалы бағытына жүретін жолаушылар поезына билет алып, орныма жайғастым.

Плацкарта вагон купесінің қапталдағы екі орнын қосқандағы алты орынның үшеуіндегілер ұйқыда. Жастарымыз шамалас бір-біріміздің ізімізді қуып жүрген үшеуміз әңгіменің қырманын қыздырып, оны-мұны айтып келеміз.

– Есімім  – Жұмағали, аралдықпын, жасым алпыс бесте, танысып-білісіп жол қысқарта отыра­йық, інішектер, – деді шашы мен қою мұртын ақ қырау шалған аласа бойлы, төртбақ келген қара кісі. Жасымыздың сәл кішілігі бар екеумізді баратын жеріміз шалғайлау болғасын қысыр сөзден келелі әңгімеге көшейік дегендей, өзімсіне сөзге тартты. Жауабымыз­ды күтпей, әңгімесін бастап та кетті.

– Аралдың өзінде туып-өстім. Ата-анамыз бірінен соң бірі ертерек өмірден өткенде отбасымызда сол кезде енді мектеп бітіріп жатқан менен төрт жас үлкен апам екеуміз ғана қалып едік. Мектеп ұжымы жағдайымызды ескеріп, қамқорлап, апамды лаборанттыққа жұмысқа қабылдады. Бұл азғантай жәрдемақыға қарап қалған бізге үлкен демеу болды. Осы жұмысында апам 4-5 жыл жүрді де, мен мектеп бітіріп өзіме өзім келгесін ең болмаса кітапханашылық оқу бітіріп алып, мектепте жұмысымды жалғастырайын деп Алматыға кетті.

Тағдырдың жазуымен сол жақта тұрмысқа шығып, қалып қойды. Жігіт емеспін бе, жас болсам да жүнжіп кетпей, апама бақыт тілеп, шаңырақтың отын өшірмеймін деп қолдан келген тірлігімді жасап жүріп жаттым. Жиырма жасымда жүргізушілік куәлігін алып, бір мекемеге жұмысқа тұрғанмын, сол жылы жол апатына ұшырап, бір аяғым тобықтан жоғары кесіліп, екінші аяғым қисық бітіп, екінші топ мүгедегі атандым. Содан бергі жарты ғасырға жуық уақытта дене мүшемде кемшілік болса да, санамды жоғалтпай, тірі жанға қол жаймай тіршілік етіп келемін.

Ауылдық жердің қызына үйленіп, екі ұл, екі қыз – төрт балалы болдым. Ал енді, маған сенсеңдер де, сенбесеңдер де сол екінші топ мүгедегінің жәрдемақысымен әйелімді үйдің шаруасынан шығармай, ұлдарымды ержеткізіп, аяқтандырып, немере сүйіп, қыздарымды құтты орнына қондырып, көңілімді бірлеп отырмын. Оның негізгі себебі, ешқашан «мен мүгедекпін, үкімет маған қа­йыр жасауы керек» деп қарап отыр­ған емеспін. Бір жағы ол кездегі жәрдемақыға өмір сүру қиын еді. 

Марқұм әкем жастау өмірден өтсе де, ауыл-аймаққа танымал қасапшы әрі  қазаншы болған. Қай жерде той-жиын, құдайжолы, садақа, біреудің малын сойып беру керек болса, сол тұстан табылатын. Құралдарын салған қапшығын көтертіп мені де ертіп алады. Шеберлігі сондай, мал со­йғанда қолы қолына жұқпайды, сойып жатқаны тоқты ма, түйе ме өзіне ғана белгілі әдіспен жығып, байлап, со­йып, жіліктеп, мал иесінің қалауына сәйкес реттеп беретін. Егер қазан асу керек болса, ол ет асу ма, күріш бастыру ма, қанша қазан болса да асып, пісіріп, түсіріп, жиынға жиналған елге көңілінен шығатындай жеткізіп береді.

Ол кезде қазан асу, мал союды қазіргідей ешкім кәсіп қылмайды. Әкем өте жуас, сөзге жоқ момын жан еді. Шаруасын бітіргесін үй иесінің кейде еттей, болмаса азын-аулақ ақшасын алып, жөніне жүре береді. Шынымды айтсам, есімді білгелі шешемнің қазаны оттан түспеді, дастарханымыздан тәтті-дәмді арылмайтын, киіміміз бүтін, тамағымыз тоқ болды. Осының бәрі – әуелі Құдайдың, сосын күн құрғатпай құрал-сайманын көтеріп, арасында мені ертіп кәсібіне шығып жүре беретін әкемнің арқасы.

Басыма іс түсіп, мүгедек атанғасын отбасылы болып, балалар өмірге келе бастағасын мен де еріккен әлдекімдердің қаңқу сөзін жинап қойып, әке кәсібін жалғастыр­дым. Алматы асқан жалғыз апамнан жәрдем күте алмадым. Осы жолы сол апамның аманшылығын біліп, аз-маз  көмегімді көрсетіп келе жатырмын. «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деген рас сөз екен. Әке кәсібі ұшпаққа шығармағанымен, Аллаға шүкір, отбасы, бала-шағам ештеңеден таршылық көрмей, өсіп жетілді. Балаларымның мектеп бітіруі дәл кәсіптің көзі ашылған тоқырау заманына сәйкес келді. Екі балам да әдепкіде ауылдардан, бүгінгі күні сырт жерлерден мал әкеліп ет бағытындағы кәсіпке ден қойды. Шағын ет дүкені, соған сәйкес керек-жарақпен қамтылған мал сою пункті, ірілі-ұсақты мал тұратын, жем-шөбі сақталатын қора-қопсысы, екі жеңіл, бір үлкен жүк көлігі бар. Айтқанымды екі етпейтін балаларыма разымын, тілеуін тілеп отырамын.

Әңгімемнің басында айтып кеттім ғой, екінші топ мүгедегінің жәрдемақысымен отбасымды жеткіздім, бала үйлендірдім, қыз ұзаттым деп. Бұлай айтуға менің толық қақым бар шығар. Басыма іс түсті, мүгедекпін деп мен жүнжіп, өшімді арақтан алып, болмаса үкімет мені асырауға міндетті деп жәрдемақыға жабысып жатып алсам, Құдайдың берген бүгінгі азды-көпті несібесіне қол жеткізер ме едім?! Қандай жағдайда да кеудесінде жаны бар тірі адам тірлігін жасауы керек. Санаң сергек болып, ардан да, заңнан да аттамай заман ағымына ілесе білсең, қазіргі ақырындап жұмсарып келе жатқан карантин, шектеу шаралары да кәсібіңе кедергі бола алмайды. Аллаға шүкір ғой, – деп әңгімесін аяқтады Жұмағали аға.

«Жоғары басатын жандарға ілесіңіз, төменге тартатындар толып жатыр» дейді халық даналығы. Жұмағали ағаның айтып отырған әңгімесі тыңдап отыр­ған екеуміздің де көңілімізге қонды. Шындығында, «талаптының балғасы тасқа шеге қағады» деген бар емес пе?! Ешқашан да жақсы өмір оңайлықпен келмеген, оңай келгеннің қайыры жоқ. «Желмен келген желмен кетеді» деген халық даналығы бар емес пе?

Адам баласын жоғарыға шығаратын Абай ақын айтпақшы, «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым, ойлап қоюмен» қатар, маңдайдағы көретін көзден өзге көкірек көзінің де ашық болуы қазіргі заманның басты талабы екені анық.

Әлімжан  ҚИЯС.

Қазалы ауданы,

Әйтеке би кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<