Теңіз тілі

782

0

(Арал дәптерінен)

Әкемнің  жазбалары

Туған жер аты аталғанда елеңдеп тұрасың. Оқығаның ойға оралады, естігенің еске түседі. Біле түссем дейсің, білгеніңді ортаға салғың кеп тұратыны және бар. Оқығаның ойға оралады: бәрі – жазбалар, деректер, дәйектер… тізбек-тізбек. Әрқайсысы бір-бір көшелі әңгіменің бастауына лайықты тиектер.

Бірақ маған жүз жасаған әкемнің ирек-ирек өз қолының таңбасымен түскен жазбалары әлдеқайда әсерлі, әлдеқайда тұшымды көрінеді. Оқыған сайын теңіз жағалауындағы ел тарихы, ел тағдырының суреті жаңғырығып шыға келеді. Бәрі қарапайым сөзбен кестеленіп түсе беріпті. Тағы да жадына шүкірлік етіп жүз жасаған әкемнің ирек-ирек жазуының (баяндау мақамы еш өзгеріссіз) иіріміне түсіп кете барыппын…

«Мен өзім 1896 жылы туғанмын, жылым мешін, Кіші жүздің Әлімі, оның Қаракесегімін, – деп әңгімелейді әкем, – Біздің Әлім-Шөмен көшіп-қонып жүреді екен Ор өзені, Жем бойларына. Онан өтіп Жайыққа жақындап, қыркүйек айларынан бастап күн суытқан сайын жылжи беретін көрінеді қонысы Арал теңізіне қарай. Аралдың бір қойнауы Шұбар деп аталған бұл мекені жағалаудың көп жерінен артық. Қопа қамысы қалың, биік жыңғыл, көпек сораңы мол. Күннің көзі ашылса болғаны мал жайылып кетеді, қар тұрмайды, қары ерте кетеді, сондықтан бұл жерге талас қатты болған.

Шұбарды біздің үш Қасай ­дербес ­қо­ныстанған. Шұбардың ішінде Шырақбай деген төбе бар, сол төбеде отырған на­ғашым Құдайберген деген кісінің бір ауыз өлеңі бар:

Малға жай айналасы Шырақбайдың,

Қайнайды самаурыны Көлекбайдың

Шұбарды бұл Қасайға алып берген,

Қадірін кім біледі Киікбай мен Қарсақбайдың, – деген.

Сол Шұбардан пұт-пұт сарала сазан шығатын, көп шөбі шапқанға таусылмайтын. Қамыс-қопалары қазір дым жоқ, кеуіп қалды. Тұтас құм басып, өзектер бәрі кеуіп сор болып жатыр.

Көшіп-қонуды меншіктеп бергенімен біздің Әлім-Шөмен колхоз болғанға дейін көшіп-қону тоқтаған емес. Себебі біздің Ырғыз уезіне қарасты 15 болыс елдің жері қуаңшылық, шөлейт, ағын сулы өлкесі жоқ. Біздің Қабырға болысының жақайым, қаракесегі теңізден, Шалқардан өтіңкіреп қайтады, ұзап көшпейді. Шектес Қазалы уездерінің малы барлары Қарақұмды басып, Ырғыздан өтіп қайтады екен. Жарлы-жақыбайлар дария бойында егіншілікте қалады.

Менің туған жылымды мешін дейді. Көшіп-қонған заман ғой, қараша айының шамасы. Күн шықпай көтеріліп, жолшыбай су алып, ел орынға отыра қонатын көрінеді. Мұны «үдере көшу» дейді екен. Жабасар деген жерге келіп қонғанда, «Түнде тудың» деп отыратын шешем. Қысы мешін болған. Келесі жылы тауықта жұтап, сонан біздің жақайым, қаракесек көшуді қойған. Алты жасқа келгенде молдаға берді. Молда қарақалпақ. ­Молда ұстаған адам ағайынымыз. Онбеске жуық бала оқыдық, ең кішісі мен және Зияда деген қыз бала бар, ол да 6 жаста. Басқа балалар 12-13 жаста. Біз екеуміз сабағымызды білеміз, ана үлкендер білмейді. «Әптиктің Изазіл зилаты» деген сабағына барып қалдық екеуміз. Содан 13 жасыма дейін оқыдым. Молда ұстаған әр ауылға оқысын деп апарып тастайды. Жайым бірінде болады, бірінде болмайды. Әліппені тақтайға тасымалдап жазып береді. Одан кейін әкеме «оқымаймын» дедім. Оқуды тастап ауылда жүрдім.

Он төртке аяқ басқанымда Әділ деген бір ағайын молда ұстады. Қазақша оқыған, Қарабұтақтың төртқарасы, орысша бір кластық білімі бар. Сол молдаға апарып тастады, орысша оқиын деп бардым. Ешбір құралы жоқ, тек бір кішкентай словары бар. Содан оқыған болам. Өзі де ештеңе білмейді, оқымай тастап кеттім. Одан білгенім орыстың 36 әрпі, моя-твояны білдім. Бірақ кейін сол құйттай моя-твояның пайдасы тиді.

Қысқы қоныс Шұбардың малмен айналысқаннан басқа елде кәсіп жоқ, күні малдың туып-өсуіне қараған. Шұбар өзі теңіздің бір аралы. Қойнауға кірер аузы. Он бес шақырымдай құрғақ жер еді. Жасым 8-дер шамасында, есімде теңіз тасып жаңағы 15 шақырым жерді су алып кетті. Екі жерде өткелі болды, бірі терең өткел, екіншісі тайыз өткел деп аталынады. Өткелдердің арасы ­тайыз, бірақ мима ұйықтау, жүруге ­болмайды. Тереңдігі көкіректен келеді. Сәуір, ­мамыр айларында жылым салынады, сазаны құлаштай қара сазанға ­толып қалады. Тамыздың аяғында қайтып кетеді. Ені жіңішке. Балық аулайтын – Оралдан Қазалыға жер аударылып келген орыстар. Оны халық «оранке» деп ­атайды. Бұлар өзі кіл жұмыскер, балықтың қайда жатқанын біледі. Кедейлеу 5-10 қарасы бар адамдар осы орыстардың жылымын салады. ­Жылымды қыс ­айында 12 адам, жаз ­айында 6 адам салады. ­Жылымды салған адам ортаққа, яғни шыққан балыққа 12 адам, 6 адам жартысын ­алады. Бағаны қожайын өзі шешеді. 100 пұт балық шығады, (12 адамға 2 сомнан болғанда 1000 сом) 84 сомнан келеді 12 адамға (4 сомнан 20 қой, яғни 12 сомнан ірі қара).

Осыны көрген соң мен де жылымға жүрем деп шықтым. Наурыз айы еді, балық бұл кезде өте аз болды. Сонда да бірдеме шыға ма деп жылымға бардым. Барған күні ештеме шықпады, жылымды тоқтатып жиып қойды.

Жылым деген кендірден тоқылған тор, ұзындығы 400-500 құлаш болады. Балық кіретін тор қалтасы болады, мұны қазақтар «шонтай» дейді. Жылымды жинап болып шонтайды жайып, тоңдасын деп тастап едік, «Шонтайды неге басасың?» деп орыс боқтады, мұзға жабысып қатып қалды дейді. Өтеулі дейтін жылымшы орысқа қарап бұл бала бүгін келді, әлі ештеңе білмейді, неге боқтайсың деді. Орыс үндемей қалады. Кешке келген соң әкеме «жылымға жүрмеймін, ау алып бер, ау саламын» дедім. Әкем орысқа барып ау алып берді. Кузьма Наумов деген орыс бар, оның Егор деген өзім қатарлы баласы бар еді, екеуі ау сала қойсын депті, сонан екеуміз ау салдық. Күн ара қараймыз, 3-4 сазан түседі, өлшеп береміз, айына 8-9 сомдай ақша болады. Келер жылы ау сатып алдым, Сорбұлақ деген жерге ­саламын, сазан көп түседі, көп олжа болды. ­Келер жылы ауылдың тұсынан үлкен теңіз жағалауынан салдым. Күн ара қараймын, 10 шақты тыран, 3-4 тісті түседі, бірер жарлап бекіре, қаяз түседі. Бір күні үш бекіре түсіпті. Әрқайсысы 2 пұттан, бұл 1917 жылдың наурыз айы.

Әкем Шалқарға жүргелі жатыр еді, алып кетті. Дүкен аралайды, Уәспи дейтін байдың дүкені бар, соған келіп бір жақсы тауар бер, балама бешпентке дейді. Әдепті татар бай: ­«Мынау бір қоңыр ­тауарды нұсқап, өзі қымбат адам алмайды, тұрғанына 3 жыл болды. Англияның тауары, аршыны 5 сомнан» деп қымбат тауар беріпті.

Енді ауды көбейттім, сатып алдым, жүзден аса ау болды. Мұны Молдабек пен Торғын деген құда бала екеуіне салдырдым. Екеуі ауларды Сорбұлаққа салады, салған сайын сазанға майлап қалады. Олжалы болдық, күйлене бастадық…».

Міне, «Бұл теңіз бен адамның тағдырластығының бір белгісі ғой» деп ойлайсың. Тіпті мұны Аралдың байырғы адамдарына тән өмірбаян жолдары ­деуге де болады. Естеліктегі өмір де үлкен өмірдің бір парағы.

Кемелер

Теледидардан кейде Арал теңізінің тағдыры жайлы деректі түсірілім көрсе­ті­леді. Алыс та таныс көріністер көз алдың­нан тізбектеліп өте ­бастайды. Теңіздің тілім-тілім шыққан табаны, ащы соры бетіне шығып шұбарланған шаңдауыт даласы, аптап ыстықтан күйіп, кеуіп, үгітіліп жатқан жарқабақтар… Құм басқан кемелердің қаңқасы көрінеді. Толқын­дарды жарып жүзетін кеме құмға жұтылып, ауа қармап жантәсілім алдында жатқан алып жаратылыс сияқтанып сағым кешеді.

Қарап отырған жанға біресе теңіз толқындарының шуылын әкеліп, біресе құмға батқан кемелер қанқасынан азынай ескен желдің ысқырығын жеткізіп, көңілді құлазытатын осы бір көріністер көпке дейін көңілден кетпей қоятынын қайтерсің. Жайдан жай емес, сауалын да тастап үлгіреді. Бұл кемелер Аралға тұңғыш қай кезде келген? Кімдер әкелген? Орман-тоғайы жоқ, айдаладағы Аралға бұл қалай жеткен? Кеме жайының көне сырына құлақ түрсең, бабадан балаға жеткен аңыз әңгіменің үзіктері елестеніп-емістеніп жетеді. Оның өзі түрленіп айтылады.

Біздің ауылда жағалауға келіп сіңіп кеткен орыс көп болды. Бәрі балықшылық кәсіппен келгендер ұрпағы. Соның бірі тоқсандағы Опанас шал әкесінен естігендерін айтып отырады екен. «Ой-хой, жас кезім ғой» деп, естен кетпес күндерін тамсана әңгімелейді екен. Айтуынша, атасы Орынбор орыс-казагі осы теңізге жас жігіт кезінде тағдыр айдап келіпті. Ол тағдырдың бұйдасы болған Алексей Иванович Бутаков екен. Орынборға орын тепкен жас офицер ­Бутаков Арал теңізін зерттеу үшін арнайы экспедиция жасақтап жатқанын естиді де, өз еркімен матрос боп кіреді. Одан кейін экспедицияны басқарады…

11 мамыр күні Бутаков экспедициясы жолға шықты. Шхунаны бөлек-бөлек етіп ат жегілген арбаларға артты. Бес жүзге жуық арбалы, оны күзеткен екі рота жаяу әскер, екі қазақтар жүздігі, екі ордалы үлкен көш Арал теңізіне бет алды. Әр күнді қағазға түсіріп отырудан танбаған Бутаков: «Елу сегіз күн дегенде экспедиция Сырдарияның сағасындағы Орынбор өлкесінің бастығы генерал В.А.Обручевтің әмірі бойынша салынған Райым бекінісіне келіп жетті. Экспедиция да осында жайғасып, шхунаны қайтадан құрастыруға кірісті. Оған бір ай уақыт жұмсап, «Константин» деп атаған желкенді шхунаны әзір етті. Бұл жайында Алексей Иванович әкесіне қуанышын жасырмай: «20 маусым күні мен өзімнің кемемді теңізге түсірдім, ал 25 күні Райымнан шығып «Константин» шхунасының жалауын көтеріп Сыр бойымен төмен құлай жүзіп кеттік» деп нақтылай жазады.

Қарап тұрсаңыз, Арал теңізінде тұңғыш рет кеме 20 маусым күні пайда болған екен. Міне, Арал флотилиясының құрылуы өзінің тарихи өмірбаянын осы күннен бастайды. Бутаков осымен ғана шектеліп қоймаған. Урал заводтарында Арал теңізінде жүзетін әрқайсысы 40 аттық күші бар екі темір пароход жасауды ұсынады. Оның игі нәтижесі де болды.

Көп ұзамай, 1852 жылы арбалы керуенмен бөлшектеп тасып Райымға салмағы 140 тонналық 40 аттық күші бар «Перовский» пароходы мен салмағы 16 тонналық, 12 аттың күші бар «Обручев» баркасын әкеліп құрастыруға кіріскен еді. Келер жылдың көктемінде Арал флотилиясының басы болған «Перовский» мен «Обручев» суға түсіріледі.

Сол 1853 жылы А.И.Бутаков Арал флотилиясының бастығы болып тағайындалады. «Перовский» пароходымен тұңғыш рет Сырдария бойын өрлей жүзді. Бұл сапардың басты мақсаты Ақмешітті алу үшін орыс әскерлеріне көмек көрсету еді. Арал теңізіне түсірілген кемелер осымен шектеліп қалмады. ­Келер жылы Бутаков Орынбордан тағы да жеті ескекті кеме әкеліп №1 форт құрып (қазіргі Қазалы) флотилия үшін порт салды.

1861 жылы Бутаков салмағы 194 тонналық, 92 аттың күші бар қуатты «Арал» пароходын, салмағы 70 тонналық, 42 аттық күші бар «Сырдария» пароходын, жүзбелі кеме жөндейтін док әкеліп түсірді.
Осы кемелер бұрын асау толқындары алынбас, дүлей күштей боп жататын теңіз тіршілігіне үлкен өзгеріс әкелді. Теңіз ар­қылы тоғысқан тағдырлардың өмір­баяны, адам мен теңіз өмірбаяны бастау алды.

Орыс теңізшісі Бутаковтың еңбегі сол өмірбаянның бір тіні боп жатқанын да ұрпақ біледі. Бутаковтың өзі де Аралға құрметпен бас иіп өтті. Аралға арнаған өмірінің 15 жылы босқа кетпеді. Кенеттен Петербургке шақырылған оған контр-адмирал атағы берілді. Ол осылайша Арал теңізінің адмиралы болды. 1868 жылы бауырын емдеу үшін Германияға сапар шекті. Бірақ аурудан айыға алмады. 1869 жылы А.И.Бутаков 54 жасында Швальбахта қайтыс болды.

Оның күнделіктерінде қазақтар­дың аттары аталады. Рахматулла Абзиров. Мүмкін Әбзіров шығар? Прапорщик Акишев? Сарымбек деген жолбасшының осы төңіректің қазағы екендігіне шүбә келтірмейді. Олар кімдер екен? Үрім-бұтақтары бүгінге дейін бар шығар? Кім білген? Осылардың бәрі жұмбақ боп, жартылай айтылып ескі жазбаларда қала беріпті. Уақыт өте келе ұшығын ұстатпайтындай деректерге айналған.
Қазір Арал айдынында кемелер жоқ. Тағы да назарымыз теледидарда. Экранда – жүректі сыздатар жаралы көрініс. Теңіз табанын құм басқан, кемелер қаңқасы азынаған желдің өтінде, құмға жамбастай жатып алыстан қарауытады. Қаталап жатқан жаралы жауынгерге, біресе ақжал толқынмен алысып алға ұмтылған сәтіне ұқсайды. Аяқ астынан осы кемелерге қарай теңіз де жақындап қалғандай боп көрініп кетеді. Экран сөнеді.

 Шарасыздықтың қамауында қаласың. Сосын… Көңілде тағы да үміт…
Үміт – сенімнің серігі ғой.

Кәсіпшілік

Теміржолдың салынуына байланысты теңізде балық кәсіп­шілігі тез дами бастаған. Бөген, Қарашоқат, Мойнақ, Астрахан типіндегі балық кәсіпшіліктері ашылған. Жергілікті жердің халқы балық аулаумен бұрынғыға қарағаннан көптен айналысатын болған. Олардың ау-құралдары әртүрлі, табыстары да сондай еді.
1908 жылы тұңғыш рет Арал теңізінде жекеменшік пароход пайда болған. Оның иесі өндірісші Мокеев еді. «Хива» акционерлік қоғамының иесі болды. Ол балық қабылдау-аулау операцияларынан басқа теңіздегі кеме қатынасын өз қолында ұстады. Балық кәсіпшіліктерінің балық аулау көрсеткіштеріне қарасаң тек 1917 жылы Бөген балық аулау кәсіпшілігі – 31,9 мың пұт, Қарашоқат – 23,0 мың пұт, Қасқақұлаң – 16,5 мың пұт, Терменбес – 27,6 мың пұт балық аулайтын. Бұл байлықтың бәрі Мокеев секілді жекеменшік кәсіпкерлердің қалтасына құйылып жатты. Уақыттың үкімі күрт өзгерді.
Қазан революциясы Арал теңізіндегі бұл қанауға тыйым салды. 1918 жылы ірі балық кәсіпшіліктері мемлекет қара­мағына қабылданды. Теңіздегі және оған құятын өзендердегі балық кәсіпшіліктері 1923 жылдың октябріне дейін балық шаруашылығының өлкелік басқармасына «Туркрыбаға» қарады. Бірақ көп ұзамай осы жылдың 16 желтоқсанында Арал балық аулау инспекциясы құрылды. Инспекцияның қарамағына 22 теңіз балық аулау кәсіпшілігі, Арал теңізі станциясындағы 7 өнеркәсіп базасы, 2 бондар цехы, «Финляндка», «Зорька» моторлы қайықтары, «Кутузов» желкенді әрі моторлы кемесі берілді. Инспекцияда 16 адам қызмет істеді. Алғашқы уақытта 3 адамға мемлекеттік кәсіпшіліктің шағын бөлігі арендаға берілген. Теңізде балық аулауға барлық адамға еркіндік берілген. Мемлекеттік ау-құрал, қайықтан оларға төлем беріп отырған.
Арал қаласының негізі теміржол салын­ғаннан кейін, 1905 жылы қаланған еді. Қазақтар бұрын бұл жерді «Алты құ­дық» деп атаған. 1924 жылдың 11 қараша­сын­дағы тасқын үлкен апат әкелді. Осы тасу кезінде қаланың біраз бөлігі су астында қалды.
Ресми органдардың берген мәліметі бойынша, 1925 жылдың 1 қазанына дейінгі уақытта қала халқының саны 3800 адам. Оның 1100-і мұсылман. Бұл жылдары теңізде балық қоры да мол еді. ­Ау-құралдарының нашарлығына қарамастан балық өте көп болатын. Осы кәсіпшілікке қазақ та үйренді. Балықшылық ата кәсіпке айналды. Ұрпағы теңізбен көзін ашқан, теңізбен өмір сүрді, теңізбен тағдырлас еді. Қиындықты да бірге көтерді, қуаныш та ортақ болды. Өмір, табиғат өзгерсе де, тегі балықшы боп қалды. Бәлкім, бұл да теңізге тән адалдық шығар…

Ұштап

Ұштап – Еңбек Ері атанған ­ба­лықшы әйел. Ол жайлы ­талай жазылған. Соның ішін­дегі ерекшесі – «Лениншіл жаста» шыққан Шерағаңның очеркі.
«Теңіз оған таңсық емес еді. Ол теңіз толқындары шуылымен қоса іңгалап туды. Ол тұрмақ әкесі Төребай да, Төребайдың арғы аталары да теңіз жағасында туған. Теңіз олардың бесігі ғана емес, теңіз оларды асыраған ана болды. Оларды бағатын малы да теңіз еді…

Ұштап ер азаматтарша білек сыбанып, ау салып, жылым тартып теңіздің ащы ақ көбігіне ертерек шомылды. Кейде Арал арындап, ашуланады. Аспанды зіл қара бұлттар қаптап, теңіз те­біреніп, аунап түсіп, таудай-таудай толқындар тулайды. Баржаны қақпақыл етіп ойнағандай ­болады толқындар. Тол­қындар адамдарды қаютаның о ше­тіне бір, бұ шетіне бір лақтырады. Кейбіреулер кейи бастайды, тағдырына налыйды. Ұштап оларға басу айтады, ақыл айтады. Уақытша қиыншылық кезінде медеу болады…».

Міне, бұны жазған Шерхан Мұртаза. Ұштап Өтеулиеваның Социалистік Еңбек Ері болғанын суреттеудегі қалам сілтесі. Арал төсінде мұндай қайсар білек, толқынмен алысып тер төккен әйелдердің көп болғанын осы жолдардан аңғартып өтеді.

Шындығында балықшы әйелдер жөніндегі деректер дәйегі тәнті етеді.
Ескі құжаттарда ізі жатыр. Арал аудандық комитетінің 1944 жылғы ­(15 ­мамыр) мына бір баяндауында былай депті.

«…Цифрлар көрсетіп отырғандай, балық аулау ісіндегі балықшы әйелдер санының өсуі 1943 жылдың 1 тоқсанынан бастап өрлей көрінді. Айталық, 1941 жылдың басында, яғни соғыс қарсаңында балық аулау жұмысында – 700 әйел еңбек етсе, 1942 жылдың басында – 1000-нан асты, орташа есеппен алғанда 1942 жылы әйелдердің саны 1073 болды. 1943 жылы одан әрмен өсе түсіп 1300-ге дейін барды. Қазіргі таңда, осы 1944 жылдың 15 ­майына дейін балықшы әйелдердің жалпы саны 1470-ке жетіп отыр.

…«Ақшатау» колхозының жағалаудағы бригадирі, орденді еңбеккер Ұшыға ­Басекееваны, 1 тоқсанның ­жоспарын 289 процент етіп орындаған «Балықшылар» кол­хозының звеновойы Тиыштық Үркім­баеваны, өзінің жеке жоспарын үнемі асыра орындауы­мен келе жатқан, ­Жамбыл атындағы колхоздың жағалаудағы брига­дасының балықшысы, партия мүшесі Жәмила Нұрмағамбетованы айрықша атап өтуге болады. Ол колхоздағы ­Зияда Елеу­сізованың бригадасы бірінші тоқсанның жоспарын 131 процент, «Райым» колхозынан комсомол мүшесі Дәріжан Түгісова 1 тоқсанның жоспарын 262 процент, «Қарашалаң» колхозынан, стахановшы, бригадир Шолпан Өтепова тоқсандық жоспарын 271 артығымен орындады».

Міне, енді көз алдыңа елестете бер. Ақкөбік атып аспанға шапшыған толқындар, түнеріп жататын көк шалқар, тереңі үрейлі, дауылы дүлейлі түнеріңкі теңіз, қап-қара бұлттарға оранған көз көрінбес қараңғы түнде шайқатылған кемелер, ыңыранып ышқына соққан ­дауылдар, гүрс-гүрс соғылған толқындар…Теңіз тарихының бұл да бір сырлы беттері.
Ұмытылмауға тиіс беттері…

Теңіз тілі

Теңіз бен қала. Екеуінің елі еншілес, тірлігі тағдыр­лас. Содан болар, теңіз тартылса да тарихы – тілі сайрап жатыр. Теңіздің тілі – тынысы өңірдің кел­беті­нен де, адамдардың ірең-ниетінен де көрінеді.
Өмірдің жүрегі тоқтаусыз соғып тұр.

Өңірдің өзгергенін көресің, ұрпақтың жаңарғанын ұғасың. Қай жағына қарасаң да заманның жаңалығы алдыңнан шы­ғады. Өсу мен өзгерудің өзегінде теңіздей табандылықтың, теңіздей өрліктің өркені жатқандай көрінеді. Тәнті етеді, тани түсесің.

Сонау 1905 жылдары теңіз жаға­лауына шойын жол түскен. «Орынбор-Ташкент» жолы. Сол кездегі деректе бұл мекен «Алтықұдық» аталады. Алты құдық сырын ешкім білмейді. Солай қағазға түскен. Теміржол түскеннен кейін Арал стансасы аталады, ал қала болуға талпыныс сонау 20-жылдары болған секілді. Түркістан Орталық атқару комитетінің «Известия» деген газетінің 1920 жылғы 23 қаңтарындағы санында «Поселкеден – қалаға» деген хабар жүр. Онда Арал теңізі поселкасы атқару комитетінің шешімі бойынша «Арал теңізі поселкасын Арал қаласы деп атап, оған уездік құқық беруді сұрайды» делініпті. Бұл шешімнің жоғарыдан қалай қабылданғаны белгісіз. Белгілісі, бүгінде Арал қаласы Қазақстанның көп жасаған қалаларының бірегейі екендігі.

Осының бәрі туған жердің бізге түсінікті тілі, түсінікті сыры. Теңіздің тілін түсіне білу де, айта жүру де аманат-парыз. Сол парызды біреу білімімен, біреу ғылымымен, біреу еңбегімен, біреу талантымен, біреу ерлігімен, біреу сөзімен, біреу ісімен, біреу кітабымен, біреу әнімен, біреу жырымен өтеп жатса нұр үстіне нұр емес пе?! Соның бір сүйінішті үлгісіндей тағ­дырлы Теңіздің абыз Әбенің (Нұрпейісов) әйгілі туындылары болып әлемге тіл қатып жатқаны асыл парыздың ақталғаны емес пе?!
Мұның бәрі бүгіннің шындығы. Шын­дығының шарапатына бөленген Аралдың ертеңіне елі сенімді. Ері өмір сыны мен өмір жырының арқауына айналған. Ал өмір мәңгілік қой… Иә, мұның бәрі туған жер жайлы үзірлі ойлардың үзіктері ғана. Лайым жалғаса берері күмәнсіз.

***

Көңілді тоғайтар қазіргі шындығы – Аралда теңіз лебі еседі.
Теңіз тілі сайрап жатыр…

Жақау Дәуренбеков,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<