Тұлпар мініп, жамбы атқан

1085

0

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығының жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі» деп жазды.

Мұнан әрі мақалада: Солтүстік өңірдегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі.

Ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне неғұр­лым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапты. Бұл жаңалық салт атты адамның ат үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сонымен бірге шауып бара жатып, қолындағы қаруын еш қиындықсыз және неғұрлым тиімді қолдануына мүмкіндік берді. Бабаларымыз шапқан аттың үстінен садақ тартуды барынша жетілдірді» деп ұлт құндылығы әдемі дәріптеледі.

Ерте кезде садақ ату мен мергендік өнер, бір сөзбен айтқанда, ұлыстың бекемдігі үшін баға жетпес құндылық болып саналған. Садақ ату – жауынгерлік өнер, шамамен б.з.д. IV-III  ғасырларда пайда болып, Ғұн ұлысы кезінде алғаш рет садақшылар (мергендер) пайда болған. Зерттеуші-ғалым Қойшығара Салғараұлының еңбектерінде ғұндар аса қуатты ысқырғыш жебесі бар садақ қолданып, жауының үрейін ұшырған. 1225 жылы Шыңғыс хан  Хорезмді басып алғаннан соң, той жасап, онда мергендер сайысы өтіп, Есей мерген 335 құлаш жердегі нысанаға дәл тигізіп, бас мерген атанған. Садақ атудан IV Мұрад Газис 210 құлаш, ертедегі грек мергені 282 құлаш жерден нысанаға дәл тигізгені туралы дерек кездессе, Жошыға қолға түскен меркіт нояны Тоқтабектің баласы Құлтуған мерген бірінің соңынан бірін жедел-жедел үш оқ атқанда соңғы оқтары алдыңғы оқтардың айыр ашасын жарып тигені айтылады.

Садақ атып, сайыс өткізу – қазақ халқының көнеден келе жатқан дәстүрлі ойын түрі. Мергендер атып түсіру үшін белгіленген нысананы жамбы деп атаған. Жамбы ату ойынын көшпенді халқымыз жауынгерлердің мергендік қабілетін жетілдіру үшін ойлап тапқан. Ата-бабамыз адырнасын аңыратып, тойға барып жамбы атқан. «Қобыланды батыр» жырында Көктем Аймақ дейтін хан ай астына биік бақан орнатып, оған алтын жамбы іліп, осыны атып түсірген адамға қызымды берем деп жар салған. Қобыланды батыр тобылғы торы атымен шауып барып, ай астындағы теңгені атып түсіріп, Құртқа сұлуды алады. Көшпелілер тұрмысында мергеннің орнын қаншалықты биік екенін осыдан ұғына беруге болады.

Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасында Абылай хан заманында Бурабайда жамбы атудан үлкен сайыс өтіп, биік таудың үстінде тұрған нысанға ешкімнің оғы жетпегендіктен, сол биік «Оқжетпес» деп аталғаны жайлы аңыз бар. Отты қару пайда болып, жаппай қолданысқа енгенге дейін атты әскердің дамуы сарбаздардың қылышты, садақты, тағы басқа бес қаруының сақадай дайын болуына негіз болды.

Қазіргі кезде елімізде ат спорты, садақ ату спорты жыл сайын ересектер, жастар арасында рес­публикалық біріншіліктер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Елордада  2017 жылы EXPO кезінде жамбы атудан әлем біріншілігі ұйымдастырылды, ол жарыс дәстүрге айналып, жыл сайын өткізілуде. Елбасы мақаласында көрсетілгендей, ата-бабаларымыздың көпғасырлық мұрасын цифрлық өркениет жағдайында жаңғыртып, төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін бүгінгі ұрпаққа жеткізу, еліміздің табысты дамуының кепілі боларына негіз қалай түскеніміз абзал деп білеміз.

Қ.ҚЫПШАҚБАЕВ,

Ж.СЕРІБАЕВА,

«Болашақ» университетінің жоғары колледжі оқытушылары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<