Туған жер табалдырығын тұғырым деп таныған

628

0

Аймағымызға белгілі қа­ламгер, жазушы-журналист, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Шыңғыс Айбосынов ағамыздың балалық шағы, Арал теңізінің  шағаласы қалықтап, толқыны ақ көбік атып, шалқып-тасып тұрған дәуірінде өтті. Теңіздің дүркіреген шағын  кейінгілерге айтса ертегі сияқты.

Ол туған ауыл Үшкөл деп аталатын. Жағалаудан жүз метр жерде еді. Балалар үйден шыға салып, теңіздің суына күмп беріп, қойып кететін. Үшкөлде балық зауыты жұмыс істейтін. Ол кезде теңізде флот болды, флоттағы катерлер, шағын корабльдер ауылдарға азық-түлік, басқа да қажетті заттар әкеліп, Арал қаласына балық алып кететін. Қазіргідей үлкен тоңазытқыш, мұздатқыштар жоқ, жердің астынан қазылған үлкен ұраларда мұз сақталатын, балықты сол мұздың үстіне тас­тайды.

Отбасында төрт түліктен бір түйе, бір мініс ат, екі сиыр болды. «Байлық мұрат емес, кедейлік ұят емес» деген қағиданы ұстанған Дәуренбек ақсақалдың бар байлығы балалары еді. Мұсылманша оқыған сауаты, сол заманға жарайтын орысшасы да бар-тын. Балаларының бәрін түйемен қатынатып оқытты. Өзі азғантай біліммен балық зауытында партия ұйымының хатшысы, колхозда басқарма бастығының орынбасары қызметін атқарды, соңғы жұмысы ауылдық кеңестің төрағасы болды. Кітап жинайтын, көп оқитын. Сол кезде ауылдағы кітабы көп үй Дәуренбек ақсақалдың үйі еді. Кітап оқуды да балалары әкесінен үйренді.

Шәкең 1955 жылы оныншы сыныпты бітіргесін Алма­тыға сол кездегі С.Киров атын­дағы Қазақ Мемлекеттік универ­си­тетінің математика фа­куль­тетіне құжат өткізді. Төрт-бес сабақтан емтихан тапсырды, конкурстан өте алмады. Емтихан комиссия­сы бес-алты адам ұзын үстелде отыр, орыс-қазағы аралас. Аудиторияның алдында кезек­ші бір қыз жүреді, сол кезекпен кіргізеді. Бұл сәйкестік пе, әлде кездейсоқтық па, Шәкең ылғи орыс мұғалімге тап болады. Сол кезде математика факультетінде профессор Персидский деген болды. Әйелі де мұғалім екен. Емтиханда соның әйеліне тап болды. Берген есебін шемішкеше шағып, шығарып тастайды. Бірақ теорияны орыс тілінде жеткізіп айта алмайды, сөйтіп төрт қойды. Физикада да солай, орыс мұғалімге сәйкес келді. Емтихандарды тапсырып болды, қолына емтихан тапсырды деген анықтама берді. Бірақ бұл анықтама қағазды бәріне бермеді.

Декан қағаз алған балаларды жинап алып, «Балалар, біз мына емтихан тапсырды деген анықтама қағазды бәрі­ңізге бергеніміз жоқ. Сендер университетке түсе алма­ған­дарыңмен бұл қағазбен басқа институттарға барып оқуларыңа болады» деді. Қағазын салып алды, ауылға барғанда әкесі, «Емтиханды қалай тап­сыр­дың?» дегенде көрсетем ғой деп ойлады. Қызылордада вокзалда по­йыздан түссе ауылдың бір топ баласы жүр. Амандасып жатыр.

– Әй, неғып жүрсіңдер? – деді Шәкең оларға.

– Біз осындағы пединс­титутқа түсіп, енді ауылға қайтып барамыз, өзің не қылдың? – деді олар.

Шәкең жағдайын айтты.

– Ой, мен емтихандарды тым жақсы тапсырып едім, бірақ конкурстан өте алмадым.

– Кәні, емтихан тапсырған қағазың бар ма, әкелші көрейік, деді ішіндегі пысықтау бір-екеуі.

Шәкең қағазын берді, олар көрді де:

– Оу, Шыңғыс, мынауың жақсы ғой, сен мына қаға­зыңды пединститутқа алып бар, оқуға түсесің, үшпен де қабылданғандар бар, – деді.

Сонан айдап отырып пединститутқа барсын. Қа­был­дау комиссиясында Тәжі­­мағамбетов деген кафедра меңгерушісі бар екен. Каби­нетінде бір жігіт отыр.

– Кел, кел, не шаруа, айта ғой – деді ол кісі.

Шаруасын  айтты. Қағазын көріп шықты. «Сендер отыра тұрыңдар мен қазір ректорға барып келейін» деді де, шығып кетті. Бейтаныс жігіт екеуі күтіп отыр. Көп ұзамай ағайы қайтып келді. «Ал, жігіттер, құтты болсын, сендер де оқуға қабылдандыңдар» деді. Сөйтсе қасында отырған жігіт кәдімгі кейін профессор, академик болатын Әбдімәлік Нысанбаев екен. Ташкенттің темір жол институтына барып, Шәкең сияқты конкурстан өте алмай келіп отыр екен.

Шыңғыс аға математик болса да жазуға, шығармашылыққа бой ұрды.

– Жазуды 1959 жылы инс­титуттың бесінші курсында жүргенде бастадым. Әр нәрсеге бір жай себеп болады ғой. Біз оқып жүргенде Жәутіков деген ғалым болды, математика ғылымының докторы. Сол кісі оқу орындары үшін «Жоғары математикалық анализ»  деген оқулық жазды. Оқулықты сатып алып оқып, пікір жазып, сол кездегі «Ленин жолына» бердім. Бұл жерде де бір қызығым бар. Газеттің әдебиет, мәдениет бөлімінің меңгерушісі шым­кенттік Зейілбек деген жігіт еді. Кабинетіне барсам, алдында маңдайы жарқыраған бір жігіт отыр. Зейілбек сәл ойланып отырып, бірталай ескертулерін  айтып, әлгі жігіттің өлеңдерін қайтарып берді.

Сосын мақаламды алып, оқып көрді, не дегенмен математик емес қой, түсінді ме, түсінбеді ме білмеймін, алып қалды. Мақалам газеттің келесі нөміріне шағын ғана болып басылып шықты. Бұл 1959 жыл еді. Алпысыншы жылы инс­титутты бітіріп, елге келдім, жұмысқа кірістім. Ол кезде «Мәдениет және тұрмыс» деген тамаша журнал болатын, жаздырып алатынмын. Бір күні осы журналдың кезекті санына бір жас ақынның өлеңі шығыпты. Оқып отырсам әлгі өлең таныс сияқты. Бір жерден оқыдым ба, әлде есіттім бе, әйтеуір таныс. Сөйтсем осыдан бір жыл бұрынғы «Ленин жолы» газетінің редакциясында Зейілбектің талдап отырған өлеңі. Құлағымда қалып қойыпты. Өлеңнің астындағы авторын қарасам Қомшабай Сүйенішов деп тұр. Міне, Қомшабай ағаңмен осылай танысқанмын, – деді ол.

Сол уақытта сабақты өмірмен байланыстырып оқы­­ту деген нұсқаулар болатын. Физиканы әдебиетпен байланыс­тырып оқыту туралы мақала жазып, «Қазақстан мұғалімі» газетіне жіберді. Жұп-жұмыр дүние болып басылып шықты. Содан аудан­­дықтан бастап, об­лыс­тық, рес­публикалық газеттерге жазатын болды.

Аупарткомда 1966 жылға дейін бір жыл істеді де, Алматыға Жоғары партия мек­те­біне түсті. Журналистика бөлімін 1968 жылы бітірді. Аупартком нұсқаушылығын 1973 жылға дейін атқарды.

1973 жылы обкомға шақы­рылды. Көктем мезгілі еді. Жігіттер бірінші хатшы Тәкей Есетовке кіргізді.

– Шыңғыс, сені Жалағаш аудандық партия комитетіне ұйымдастыру бөлімі басшы­лығына қолайлап отырмыз, қалай қарайсың? – деді Тәкең амандық-саулықтан соң.

– Сенім білдірсеңіздер барамын, Тәке, – деді.

Сөйтіп 1973 жылы Жала­ғаш аупарткомына ұйым­дас­тыру бөлімінің мең­геру­шісі қызметіне келді. Сол жұмысты 1973 жылдан 1986 жылға дейін он үш жыл атқарды.

1975 жылы обкомға нұс­қаушылық қызметке ша­қырды. Бұл кезде Жалағаш аупарткомының бірінші хатшысы Қонысбек Қазантаев «Әлі жассың, өсетін уақытың алда, мен де жаңа келіп жатырмын, бірге жұмыс істейміз»  деп жібермеді. 1980 жылы обкомға парткомиссияның нұсқаушылығына тағы қыз­метке шақырды. Бұл жолы да Қонекең жібермеді.

– Қонеке, бұл жерде бірталай жыл істедім ғой, мені неге жібермейсіз? – дейді ағамыз.

– Мен сені хатшы қыламын, жақсы кадр маған да керек, – дейді екен Қонекең.

Аупарткомның ұйымдас­тыру бөлімі дегеннің жұмы­сының шеті-шегі, ұшы-қиыры жоқ. Обкомның қатынас қағаз­дарына жауап беру, партия ұйымдарының ақпарларын қа­былдау, талдау, кадр резерві жұмыстары, келген тексеру комиссиялары, оларды жайғау, хатшының баяндамалары, тағы басқа мың сан жұмыс. Жалпы аупарткомның ішкі егесі – осы ұйымдастыру бөлімі. Бөлімде он жылдан аса істеп, Қонекеңнің тәрбиесін көрді. Кейін «Қазантаев мектебі» деген кітап жазды.

Он жыл поселкелік кеңес төрағасы лауазымында істеді. Оның алғашқы жылдары еліміз тәуелсіздігінің қиын кездеріне сәйкес келді. Ал, кейінгі жылдар – елдегі жағдайдың қалыптасу, тұрақ­тану кезеңі.

– Ештеңені төңкеріп тас­тағаным жоқ, елмен бірге өзімнің шамам келгенше, бар мүмкіндігіммен қызмет еттім деп ойлаймын. Мен посел­келік кеңеске төраға болып келгенімде қыстақта қырық сегіз көше бар екен. Жұмысты неден бастаймын деп ойландым. Төлеген Қыстаубаев деген ағамыз болған. Қолмен қойғандай қылып, осы қыс­тақтың көшелерінің негізін қалаған, ағаш еккізген. Енді осы ағала­рымыздың жұмысын жалғастыруымыз керек. Мен жұмысқа кіріскеннен кейін әр көшеге бір журнал арнадым, яғни, қырық сегіз көшеге қырық сегіз журнал. Сол журналға көшеде қанша үй бар, үйдің нөмірі, ол үйде қанша жан бар, қанша мал бар, қанша тал бар, осындай мәліметтер түсірілді. Қораның ішіндегі, парктегі ағаштарды есепке алғанымыз жоқ. Әлгі аталған қырық сегіз көшеде сол кезде екі мың түп ағаш бар екен. Мен жұмысты қойып, поселкелік кеңесті тапсырған кезде осы ағаштардың саны он бес мыңға жетті.

Шығыс халықтарында ағаш егуге қатты мән береді. Ағаш егу олардың өмірінің мәні болып есептеледі. Кез келген ­шаралар осыдан бас­талады. Менің поселкелік кеңестің төрағасы болып істе­гендегі ауыз толтырып айтатын жұмысым осы. Әрине, поселкенің майда-шүйде жұ­мысы да бастан асады. Бірақ оның бәрін тізбелеп отырудың қажеті бола қоймас. Ол кезде қазіргідей қомақты қаржы да бөлінбейді. Жұмыстардың басында өзіміз жүреміз. Көк­темгі ағаш егу кезінде арық­тарға су келтіру керек. Суды жетелемесең жүрмейді ғой. Сәбит Мырзағалиев деген орынбасарым болды. Сол Сәбит, «Комхоздың» бастығы Базарбай Наурызбаев үшеуміз арық жағалап жүретінбіз, – дейді ол. 

Уақыт бір орнында тұр­майды, алдыңғы буын өзіне тиісті міндеттерін атқарып, кейінгі толқын – жастар келеді. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін қоғамдағы талаптар да өзгерді, адам да өзгерді. Кеңестік кезеңді қазір әркім әртүрлі айтып  жүр. Кез келген қоғамның жақсы да, жаман да жағы бар. Тақыр жерден ештеңе пайда болмайды, барлығының арасында сабақтастық байланыс болады. Онсыз мүмкін емес, ештеңе нөлден басталмайды, әйтеуір бір негіз болу керек. Жаңа қоғам өзінің алдындағы қоғамның жақсы жақтарын, тәжірибесін алады. 

Шәкеңде әңгіме көп, қолқаласаң шыға береді және болған жайды сипай қам­шыламай, қалай болса солай айтады. Бұл-дағы өзі айтпақшы ешкімге жал­тақ­­тамайтын, жал­пақ­тамайтын, дұрысты «дұ­­рыс», бұрысты «бұрыс» дейтін турашылдығы болса керек. Ол зейнет демалысына шыққасын да қарап жатпады. «Қазантаев мектебі», «Тынарбай Төлегенов», «Сыр елінің қайраткер қы­зы» «Қалам­герлік», «Зей­нет­­­керлік», «Қай­рат­­­кер­лік», «Еге­мендік», «Сыр­­ласу мен сыр ашу» атты ес­те­лік кітап­тар дүниеге келді. Қа­рап жатқанша не істейді, ер­мек, отбасы, ошақ қасының әңгімесін термейді. Өмірден көрген-білгендерін, түйгендерін қа­ғазға түсіре береді. Кейінгі жастар керегін алар, керек емесі болса да қалады. Құрметтеп, шақырған жерге барады, шақырмаса «мені неге шақырмайсыңдар?» деп байбалам салмайды. Үлкейген са­йын тіпті ешқайда баруға зауқы да жоқ. Немерелерінің қасында болғанды жаны қа­лайды.

Шәкеңнің кеудесінде «Құр­мет белгісі» ордені, бір­неше медаль жарқырайды. Сөз зергері Сейілбек ағамыз айтқандай, сексен бес деген – арман жас, себебі екінің бірі бұл жасқа абыроймен жете алмайды. Сондықтан ағамызға арман жасыңыз құтты болсын дейміз. Асқар тау аға болып, алдымызда жүре беріңіз.

Тұрақ Адисұлы,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<