Зағиптар мұңын кім тыңдар?

715

0

Қызылордалық көз мүгедектері көп мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Оның әуелгісі – «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының ғимараты әбден ескірген. Өздері мұны біраздан бері көтеріп жүр. Жергілікті билік қамкөңіл жандардың жанайқайына құлақ асқанмен, қол ұшын созуға қауқарсыз.


– Әкімдік «ғимарат біздің балансымызда емес, сондықтан көмектесе алмаймыз» деген жауап қайырды. Бірақ демеуші тартуға ықпал ететінін жеткізді. Әзірге нәтиже жоқ, – дейді филиал төрағасы Асқар Қолдабеков.


Ұйым басшылығы қайырымды жандардың қаржысы есебінен, қала берді, өз күшімен үш бөлмені ғана жеңіл-желпі әктеп-сырлап алыпты. Алайда алпыс жыл бұрын салынған, жиырма жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген ғимарат үшін бұл аз. Оның орнына жаңасын әбден салуға болар еді. Жер телімі дайын. Тек «әттең, тонның келтесі-айдың» кері.


Қоғам клубының да, оқу-өндірістік кәсіпорнының да күйі тайғалы қашан! Кеңес одағы кезінде шаруасы шалқыған кәсіпорын өніміне бұл күні сұраныс жоқтың қасы. Оған индустриалды сертификаттың болмауы кедергі. Мұндай құжаты жоқ отандық өндірушілер 2019 жылғы шілдеден бастап тендерге қатысу құқығынан айырылды. Сертификат алу үшін техника мен мамандар талапқа сай болуы шарт.


– Біздің кәсіпорында 15 шақты ғана адам бар. Өзі шағын, оның үстіне мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейтін болғандықтан бұл талап бізге қиындық туғызып отыр. Техникамыз да ескірген. Соның кесірінен мемлекеттік сатып алу порталындағы талай тапсырыстан қағылып отырмыз, – дейді филиал басшысы.


Жанары суалған жандар жұ­мысты алданыш қылғысы келеді. Әйт­песе, азын-аулақ айлық табысы шайлығына да жетпейді. Өндіріс орнындағылардың көбі – егде жастағы адамдар. Алды үш-төрт жылда зейнеткерлікке шықпақ. Қазіргідей жағдайда оларды жастар алмастырады дегенге сену қиын.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан индустриалды сертификат алудың машақаты бір төбе. Бір жапырақ қағаздың соңында сандалып жүру мүмкіндігі шектеулі ғана емес, он екі мүшесі түгел адамның өзінің жүйкесін жұқартады.


– Сұралатын құжаттың санынан көз сүрінеді. Оны тағы компьютермен толтыру керек. Көз мүгедектеріне бұл – екі есе бейнет. Сондықтан өңірлік кәсіпкерлер палатасында тағдырдың қатал сынағына тап болғандар үшін бөлек call орталығы орнатылып, кеңес­шілер бекітілсе, құба-құп, – дейді А.Қолдабеков.


Зағиптардың қолынан шыққан төсек-жабдықты бір көзден сатып алу әдісімен әзірге аудандық ауруханалар ғана пайдаланып жүр. Бұрыннан бергі тұтынушы болған соң олар тауардың сапасына күмән келтірмейді. Филиал төрағасы жергілікті кәсіпкерлер көбіне тартыншақтайтынын алға тартты. Өйткені қымбатсынады. Шымкент не Алматынікімен бірдей болса дейді. Құнын түсірейін десе, шикізат өзімізден емес.


Айта берсе, мүмкіндігі шек­теулі топтағылардың мұңы жетер­лік. Жұмысқа орналасу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама анықтамасын ұсынуға міндетті. Бүгінде өңірде зағип және нашар көретін 1100-ден астам адамның 60 шақтысы ғана қоғамдық жұмысқа тартылған. Олардың зей­нет­ақысы да мардымсыз. І топ мүге­дек­терінің қолына тиетіні – 62 мыңның о жақ-бұ жағы. Ал Байқоңырда тұрып жатқан ресейліктер 85 мың теңге алады. «Ең болмаса, соған теңестірсе екен» дейді қамкөңіл жандар.


Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<