Жалағашты газдандыру қарқын алды

1255

0

Жалағаш ауданында газдандыру ісі қарқынды жүзеге асуда. Осы күні мердігер мекеме «StroyGazCompany» серіктестігі кентішілік газ құбырларын тартып жатыр. Бұйыртса, жалағаштықтар үшін отын жарып, күл шығарудан құтылатын күн жақын. Мамандар газ желілерін тарту жұмысы тамыз, қыркүйек айларында аяқталады деп отыр.


Жоба екі бөліктен тұрады. Алдыңғысы – Тереңөзектегі ГТС-тан Жалағаштағы БГРП-ға дейін 1,2 Мпа жоғары қысымды бұрма газ құбырын тарту. Бұл жұмыс та межесіне жетуге жақын. Барлығы 25,2 шақырымның 24,6 шақырымы дәнекерленіп, 15 шақырымы көмілген. Екіншісі – кент ішіне қатысты, яғни, кентішілік газ желілерінің тартылуы. 18 газ реттеу шкафы мен 2 газ реттеу пункті, 97 шақырым жерасты, 37 шақырым жерүсті газ желілері тартылмақ. Істің 72 проценті орындалды. Десе де асфальттің құбыр жүргізілген жерлері ой-шұқыр болып қалған. Бұл мәселеде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Өмірзақ Елеусіновпен пікірлескен едік.


– Мердігер мекеме қазір жерасты құбырларын жалғап болды. Енді бірді-екілі ұсақ-түйек жұмыстары мен жерүсті құбырларын істеп жатыр. Жаздың аяғы, күздің басында жұмыс толық аяқталады. Мер­дігер мекеме сол уақытта көшенің бүлінген жерлерін қал­пына келтіріп бермек. Одан бөлек, биыл біз кент іші­нен 6 көшені жөндеуді бас­та­дық. Бұл – жоспардағы жұмыс. Үнемделген бюджет қаражатынан тағы бір көшені жөндеу ойда бар, – дейді бөлім басшысы Өмірзақ Елеусінов.


Бір айта кетерлігі, тұрғын­дардың үйлеріне газ құбырларын тарту жеке кәсіпкерлер тарапынан жүргізіледі. Маманданған кәсіпкерлерге сұраныс та же­ терлік. Аудан орталығындағы жеке тұрғын үйлердің газ құрылғыларымен қамтамасыз етіліп, құбырға жалғануына септесіп жүрген мекемелердің бірі – «КазЭнергоПроектСтрой» ЖШС.


– Қазір кенттегі жеке тұрғын үйлерге газ құбырын тартып, есептегіш құралы мен газ пештерін орнатып жатырмыз. Бұған дейін де тәжірибеміз бар. Бірнеше ауданды аралап келдік. Тұрғындарға сапалы қызмет көрсеттік. Бір үйді газ желісіне қосу үшін бір немесе екі күн жұмсаймыз. Есесіне, тұрғындар қаннен-қаперсіз «көгілдір отынды» пайдаланады. Халыққа қызмет көрсетіп отырған соң барлық мүмкіндіктерді қарастырамыз. Жеңілдіктер жетіп артылады. Тіпті, қаражат мәселесі туындаса, бөліп төлеуге де қараймыз, – дейді «КазЭнергоПроектСтрой» ЖШС директорының орынбасары Дүйсенбек Сарбалақов.


Дәулет ҚЫРДАН,


«Сыр бойы».


Жалағаш ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<