Жариялылық ілгері жылжытады

453

0

Тәңірдің өзі тарту еткен еркіндік әрқайсысымызға қымбат. Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет.

          Отыз жыл ішінде жасалған жұмыстар республика көлемінде де, өңірде де аз емес. Тізбелеп жатудың өзі артық. Қандай іс болсын халықтың көз алдында. Мен  түйіні тарқатылмаған мәселелерге назар аударғым келеді. «Ауруын жасырған өледі» демекші, кем-кетік тұсымызды көлеңкелеу еш абырой әкелмейді. Керісінше, ашықтық бар жерде сенімділік пайда болады. Халық пен биліктің арасындағы көпірді жалғаушы болғандықтан қай жағынан да тек жариялылықты  қолдаймын.

             Бүгінгі таңда бүкіл адамзатты алаңдатып отырған экология мәселесі де ойландырады. Адам мен табиғат егіз десек, бір-бірінсіз өмір сүру мүмкін емес секілді. Дәл қазіргі туған жерімде қалыптасқан жағдай, қуаңшылық, малдың қырылуы тұрғындарға оңай тимеді. Дер кезінде қолға алынған шаралардың нәтижесінде аймақта төтенше жағдай жарияланатын болды.

            Арал теңізін сақтау үшін көптеген жобалардың ұсынылғаны белгілі. Алайда олардың көпшілігі теңізді толтыруды емес, оны тек бүгінгі деңгейде ұстап қалуды көздейді. Бұл проблеманың тууына себепші болған — тек өзіміз. Ұзақ жылдар бойы Аралға құятын ірі өзендер Әмудария мен Сырдарияның  суын теңізге жеткізбей, түгелдей дерлік егістіктерді суландыруға пайдаланып келдік. Біздің өңірде мақта мен күріш еккеннен мемлекетке келіп жатқан пайдасы қандай? Соны зерттеуіміз керек.

         Өзге елдердің тәжірибесін көріп, оның тиімдісін өзімізге енгізген дұрыс деп есептеймін. Мәселен, Өзбекстанда болған кезімде олар тек қана күріш екпейді. Сыр аймағында күріштің санаулы түрі болса, ол жақта 36 сорты бар. Сондай-ақ, жерге күріш егіп болған соң, оны орып алып, өзге де қыстық дақылдарды егіп, сан алуан өнім түрлерін алады. Одан жердің құнарлылығы артады. Суару тәсілі, егу тәсілі де мүлдем басқаша. Осы жағынан алғанда ала шапан иелерінен үйренеміз көп сияқты.

               Ғалымдардың есептеуі бойынша, теңіз табанынан атмосфераға жылына бірнеше  тоннаға дейін тұзды шаң-тозаң ұшады. Аралдың тағдыры қазір аймақ шеңберінен асып, бүкіл әлем биігінен көрінуде. Топырақта шөп шығатын нәр жоқ екені ғылыми негізде анықталып отыр. Демек, бүгінгі таңда кезек күттірмейтін мәселе — құрғаған теңіз табанындағы тұз, шаңның көбеюін қалайда бәсеңдету. Ол үшін теңіз ұлтанындағы кұм, тұз шаңдарды жер үсті немесе жер асты суымен бастыру, сол сияқты өсімдік түрлерін егу жұмыстарын айрықша назарға алған жөн. Әлі де Арал теңізі бассейніндегі проблемаларға  халықаралық қорлар мен ұйымдардың каржылары мен мүмкіншіліктерін жұмылдыру қажет-ақ.

        Жуырда облысымызға ҚР Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен келді. Өзекті мәселе бойынша өткен жиналыста су шаруашылығына қатысты бірқатар жайттар талқыланды. Күріш егісінің көлемі өткен жылдан 6,5 мың гектарға қысқарған. Еккен егінді сумен қамтамасыз ету мәселесі күрделі күйінде қалып отыр. Сонымен бірге, облыс аумағындағы 207 көлдің толуы 52 процентті құраса, 17 көлде мүлдем су жоқ. Қамыстыбас және Ақшатау көлдерінде күрделі жағдай қалыптасты. Мәселенің шешу жолдары Президенттің назарында екенін естіген жұртшылық қуанып қалды.

          Мемлекетіміздің жарқын болашағы әрине, жастардың бүгінгі білімі мен біліктілігіне байланысты. Сондықтан, ұлттық идеологияны дамытуды жақсылап қолға алу керек. Әсіресе, тәуелсіздік ұрпақтарын материалдық тәуелділікке емес, өз елінің нағыз патриоты болуға тәрбиелеуге жұмыс істелгені құба-құп.  Жастардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстаса, қазіргідей екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүргендер көбеймейді.

         Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз. Бұл жағынан бізге мықты идеология керек.  Сонда жұмыс жүйелі болады.

Мейрамбек Жұмашев,

«Тоғыс отын» ЖШС директоры,

облыстық мәслихат депутаты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<