Қарыз қайтарылуымен құнды бірақ тұтынушылар тартынатын емес

584

0

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев санаулы күндер бұрын аталған мәселені тағы қозғады. Біздің білуімізде қаржы нарығындағы жағдай 2020 жылғыдай болмағанымен, біршама алаңдатарлық сипатта өрбіген сыңайлы. Мемлекет басшысы қаржы секторы өкілдерімен кездесіп, салада қордаланып қалған мәселелерді баяндады. Әлбетте, алдымен оңды көрсеткіштер айтылды. Банктерді сауықтыру аясында 6,6 трлн теңге нашар несие есептен шығарылды. Қарызды өтеу бойынша біршама оңды көрсеткіштер қалыптасты. Өтімділігі жоғары активтер көлемі өсті.

Президент банк жүйесінде бірқатар мәселелердің күрделі сипат алып отырғанын жасырмады. Біздіңше тұтынушылық несиенің 33 процентке артқанын жақсы деп бағалауға болмайды. Қарызын өтеу мерзімі 90 күннен асқан несие алған адамдар саны 600-ге жуықтады. Түсінікті тілмен айтқанда, жағдай қайта ушығып келеді дегенді білдіреді. Президент мұны «көптеген азаматтар қаржы қиыншылығына тап болып отыр» деумен түсіндірді.

Сонымен бұл тақырыпты тарқата түсу үшін Қазақстан Ұлт­тық банкінің соңғы шыққан статистикалық бюллетеніндегі деректерге шолу жасадық. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары 163 млрд теңге несие алған. Одан кейінгі үлесті Алматы қаласы алады. Несие үлесі 100 млрд теңгеге жуық. Әдеттегідей Ақмола, Қызылорда, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының дең­гейлері шамалас. Несие көлемі 20-30 млрд теңге құрайды. Қарыз көлемі осыдан бір жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда едәуір жоғары. Бұл банктердің халықтың төлем қабілетіне қатысты мемлекет басшысының ескертуінен айтарлықтай нәтиже шығара қоймағанын білдіреді.

Деректердегі халықтың тұтыну мақсатындағы несиеге деген тәбеті өзгермей отырғаны алаңдатады. Жалпы, қарыз жақсылықтың белгісі емес. Жаппай тұтыну психологиясы қазақстандықтардың әлі де болса нарық заңдылығын меңгермегенін аңғартады. Сонымен бірге 6,1 млн адам банкке қарыз. Жалпы халық саны 19 млн адам болатын елге бұл өте көп.

Президент өз мәлімдемесінде әрдайым шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөнінде айтып келеді. Біз зерттеген екінші деңгейлі банктердің көр­­сеткіштеріне үңілейік. 2021 жылдың тамыз айында Қа­зақстанда шағын және орта бизнеске берілген несиенің көрсеткіштері көңілге медеу бола алмайды. Несие алушылардың көпшілігі әлгі айтқан тұтыну заттарына үйірсек. Соңғы уақытта мұғалімдер мен дәрігерлердің, жекелеген мемлекеттік қызмет­шілердің жалақылары едәуір өсті. Осыған сәйкес тұтыну несиесі еселеп өсуде. Айталық, 2021 жылдың тамыз айында бүкіл қазақстандық 1,8 трлн теңге несие алса, осының 34 млрд теңгесі қызылордалықтардың үлесінде. Керісінше, бизнес саласына бөлінген несие осының үштен біріне жетпейді.

Цифрлар осылай дейді. Жалпы несие беру көрсеткіштері еселеп артуда. Осыған орай жоғарыда айтылған мерзімі 90 күннен асқан қарыз берешек адамдардың саны өсе түспесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Президент, шынын айту керек, көптеген азаматтардың қаржы тапшылығы әлеуметтік және саяси тұрақсыздыққа алып келуі әбден мүмкін екенін жасырмай айтты. Мәселенің осындай деңгейде ушығуы мүмкін екенін неліктен ескертті? Бізде банк немесе қаржы нарығын реттеу ұйымдарына қатысты заңды қатаңдату тетіктері әлі жетілдірілмеген. Кез келген адамға ретсіз несие үлестіру әлі жалғасуда. Бұл парадокс өмір болмысына айналды. Осы берекесіздік банкке де, қарызды өтейтін коллекторларға да ұнайды. Бүгінгі өмір осындай…

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<