Қаржы саласының қара нары еді

1002

0

Егемен еліміздің Тәуелсіздігін нығайту және мемлекет бюджетінің қаржы қорын реттеуде қаржыгерлердің еңбегі ерекше. Бұл – қырық жылға таяу осы саланың қыры мен сырына қанығып, қызмет атқарған жылдардағы тәжірибеден туған пікір. Қазір зейнеткерлік кезеңді бастан өткерудемін.

Жастық шақта облысқа, ауданға танымал ел эконо­ми­касының өсіп-өр­кен­деуіне өлшеусіз үлес қо­сып, қаржы саласының қа­за­нында қайнап, ел эконо­ми­касын да­мытуға үлес қос­қан майтал­ман маман­дар­мен қызмет­тес болып, олар­дан дәріс ал­ға­­нымды мақтан тұтамын. Олар­дың көбі бүгінде бақилық болды. Алайда іскер­лік, ізденім­паздық, талап­шыл­дық, қызметке адалдық қа­сиеттері кейінгі ұрпаққа өне­ге болып қала бермек. «..Ке­зегім келіп, кеткенде кел­мес са­парға, қалмасам екен із­деу­сіз, ізсіз, жоқтаусыз» деп ақиық ақын Мұқағали Ма­қатаев айтпақшы, Базархан Төреқұлұлы Ақжігітовті біле­тіндер мен қызметтес бол­ғандар ұмытпайды. Кезінде әріптесім әрі інім болған Базархан кенеттен ауыр нау­қастан өмірден озған кезде мынадай ой келді: күнде бір-біріңді көріп жүрсең қаді­ріңді білмейсің, дұрыс бағала­майсың, уақыты келгенде мәң­гілікке қоштасатыныңды сезбейсің. Ал бірталай уақыт өткен соң, сол адамды сағы­нып аңсайсың.

Тәуелсіздікке қол жеткіз­ген кезде ең   алғашқы міндет­тердің бірі салық саясатын лайықты жолға қою болды. Бұл нарықтық экономикаға көшіп, мемлекетте инфляция мен жұмыссыздық етек алып, мекемелердің есеп-шотта­рын­да мардымды қаражаты бол­маған шақ еді. Банктерде нақты ақша тапшылығы туын­дап, жұ­мысшы-қызмет­керлердің еңбек ақысымен чектей, заттай балама есеп айырысатын, орасан зор бюд­жет тапшылығы орын ал­ған кезең болатын. Басқаны айт­пағанда, мемлекеттің зей­нет­керлерге қарызы жарты мил­лиард долларға дейін, төлем кешігуі 6 айға де­йін жеткені естен шыға қой­ған жоқ.

Бұл тұста на­рық қыспағына түскен ха­лық жаппай сауда-сат­тыққа бет бұрды. Алыпса­тарлар мен қосып сатарлар күн са­нап кө­бейді. Күнкөріс қа­­мымен әйелдер, жас қыз­дар ауыр жүк арқа­лап, отбасы тауқыметін өз мо­йындарына алды. Базарларда, рұқсат етіл­меген көше бұ­рыштарында жа­байы сау­да­мен айналысып, бала-шаға­сын асырауға кірісті. Бұл кә­сіп­керлік қызметтің басы бо­латын.

1991 жылдың шілдесінде Президенттің Қазақ ССР Мем­­лекеттік салық салу қыз­­метін құру туралы Жар­лығы шықты. Әлі есім­де, сол кез­дегі облыс­тық қаржы бөлі­мінің бастығы марқұм Камал Шөкенов ке­ліп, Сәндібек Аман­жо­лов­тың облыстық салық ко­ми­­тетіне бастық болып та­ға­йын­дал­ға­нын, енді ауда­нымызда да салық комитеті құрылатынын хабардар етті. Жасыратыны жоқ, әлі он екіде бір сайманы жоқ, қазығы қа­ғылмаған меке­меге жылы ор­нын суытып ешкім барғысы келмеді. Камал Шөкенов орысша ара­ластырып сөйлейтін кісі бо­латын. «Жасырмаймын, бұл мекеменің жұмысы оңай бо­лады деп айта алмаймын, будете пахать как лошадь» деді. Ауылда екі күн болып, жоғары білімді, іскер жас маман Базархан Ақжігітовті жаңа мекемеге басшы етіп тағайындады. Мен қаржы бө­лімінде қалып қойған бола­тынмын. Салық инспек­ция­сы өз алдына отау тігіп, ша­ңырақ көтерісімен көп ұзамай Базархан Төреқұлұлы шақырып, кооперативтер мен жеке кәсіпорындардан салық алу бөліміне бастық болып ауысуымды сұрады. Келісім бердім, осылайша жаңа сала­ның қызметіне кірісіп кеттім.

Салық инспекциясы құры­луы мен қалыптасуының бұл қиын кезеңінде түрлі әдіс­термен мемлекеттен табыс­тарын жасырып, салық тө­леу­ден жалтарушылар қарасы көбейе бастаған. Қарама­ғымдағы сегіз қызметкермен бірге біздің бөлім мұндай тұрғындармен заң аясында жұ­мыс жүргізді. Басшымыз Базархан халықпен де, ұжым­мен де тіл табыса білетін. Қан­дай да бір жағдай болмасын қатты келмей, әзілдеп оты­рып-ақ айтайын дегенін адам­ның жетесіне жеткізетін қабі­леті бар білікті басшы болды. Бір кәсіпкер келіп: «Бір дүке­нім осы бетте, екіншісі темір жолдың арғы бетінде. Бір патентпен жұмыс істесем бо­ла ма?» деп құйтырқы сұрақ қойды. Базекең миығынан күліп ұтымды жауап берді. Нақты жауабын алған кәсіпкер шығып кете барды.

Шөкенов ағамыз айтса айт­қандай, салықтың дұрыс есеп­теліп, бюджетке толық және уақытылы түсуіне бақылау жасау жауапкершілігі көп, өте ауыр, қайнаған жұмыс екен. Біздің назарымызда мін­дет­ті түрде салық төлеу­шінің шы­­ғын­дарының құры­лымы, өнім бағасының өсуі, жер­гі­лікті нарықтағы жағ­дайы оның рентабельдігі тәрізді ма­ңызды бағыттар болатын. Базар­ханның ұйымдас­ты­руы­мен 38 қызметкер істі бір ізге салып, нәтижесіне көз жет­кізгенше, ты­ным тап­пайтын едік. Уақыт­пен санаспай бас­шылық тала­бына орай бар­лық есеп-қисап жұмыс­тарын есеп­шотпен жүр­гізіп, том-том кітап­тарға ен­гі­зіп, ауыз­бірлікпен қызмет ат­қардық. Ол өзі басшылық жа­саған ке­зеңде салық жүйесін қалып­қа келтіруге күрделі рефор­маларды жүзеге асыруға, ау­дан экономикасының өсіп-өр­кендеуіне аянбай атса­лыс­ты.

1997 жылы желтоқсан айында Базархан Ақжігітов облыс бойынша салық коми­теті төрағасының орынбасары болып жоғарылады. Оның ор­нына  Қазалы ауданы бо­йын­ша салық комитетінің төр­ағасы бо­лып аудандық мем­лекеттік қар­жы-бақылау коми­тетінің бас­ты­ғы Талай­лы Бөрқұлақов келді.Талай­лы Әмитжанұлының да салық комитетінде атқарған еңбегі ерекше. Базарханның із­ба­сар­лары салық саласының бас­шылық қызметін майталман маман Сәбит Бабанаев, Пана­берген Якия, Фердауси Қожа­­­бергеновтер басқарған тұста табыстың тайқазанын тасы­тып, тиісті түсімдердің толық­тығын қамтамасыз етіп, бюд­жеттің сапалы орындалуы жо­лында аянбай еңбек етіп, сү­белі же­тістіктерге жеткен бола­тын.

Ашылған күннен бас­тап салық комитеті кадр да­йын­дау мектебіне айнал­ды. Са­лық саласында тәр­бие­­­ленген Ба­зар­ханның ізба­сар­лары рес­публиканың түк­­пір-түк­пірінде белді қызмет­­тер атқарып жүр, олар – біздің мақ­танышымыз.

2014 жылы Үкіметтің қау­лысына сәйкес салық ко­митеті Қазалы ауданы бо­йынша кі­рістер басқармасы болып қайта құрылды. Бү­гінде  аталған ме­кеменің тіз­гінін білікті бас­шы, білімді маман Темірлан Нұрланұлы Қожаназаров ұстап, Базархан Төреқұлұлы салып кеткен са­ра жолдан таймай келе жат­қанына ел куә.

Облыстық кірістер депар­таментінің басқарма басшысы Базархан Төреқұлұлы Ақжігі­товтің өмірден өткеніне қы­рық күндей болыпты. Не де­ген зымырап жатқан уақыт десең­ші?!

Тапжылмай атқарған ең­бе­­­гінің нәтижесінде ол Қа­зақ­стан Республикасының Құр­­мет Грамотасымен, «Қа­зақстан Республикасының Тә­­уел­­сіз­дігіне 10 жыл» мере­келік ме­далімен, «Қа­зақстан Рес­пуб­­ликасының қаржы са­ласына 90 жыл» төсбел­гісі­мен марапатталды. «Үздік мем­ле­кеттік қыз­метші», «Астанаға 20 жыл», «Ерен еңбегі үшін» ме­дальдарына, «Салық қызме­тінің үздігі» атағына ие болды.

Жұбайы Шолпанмен бірге бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсір­ді. Базархан Төреқұлұлы оны білетіндер мен қызметтес бол­­ған жандардың жадынан өш­пейді.

Кемал КӨПЖАСАР,

қаржы-салық саласының ардагері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<