Қуаңшылықтағы қолдау ағайынға дем береді

578

0

Қуаңшылық кесірінен талай түлігінен айырылған аралдық ағайынға Сыр жұртшылығы қолдау көрсетуге дайын. Жергілікті шаруашылықтар одан аман қалғанына азық жеткізіп беру қарекетін қазірден бастап кетті. Солардың бірі – Сырдария ауданының Шіркейлі ауылдық округіндегі «Мәді қажы» серіктестігі.

6 шілдеде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мерекелік демалыс, аптап ыстық екеніне қарамай сонда барды. Ерте көктемнен қара күзге дейін бел жазбай еңбек ететін диқандармен кездесті.

Егістік басындағы әңгіме барысында аймақ басшысы қиындықты ел болып еңсеру міндет екенін жеткізді.

– Арал, Қазалы аудандарында су жағдайына байланысты мал азығының жетіспеушілігі байқалып отыр. Осы ретте аймақтағы шаруа қожалықтары шөпті басқа облыстарға сатпас бұрын осы екі ауданға қолжетімді бағада ұсынуы керек. Бос жатқан егіс алқабының атыз жағалауындағы шөптерді жинауға жастарды, еріктілерді жұмылдыру қажет. Бірлік көрсеткен жағдайда ғана бұл кезеңнен шығамыз, – деді ол.

«Мәді қажы» серіктестігі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, игі іске үлес қосты. Шаруашылық басшысы Сейіткамал Сұлтанов Аралға көмек ретінде 5 мың бауланған жоңышқа жіберілгенін жеткізді.

Облыс әкімінің тапсырмасымен жем-шөптен тарыққан шаруаларға жәрдемдесуге еріктілер күш жұмылдыруда. Тау беткейіндегі жаңақорғандық мал егелері «Түгіскен» тұқым шаруа қожалығынан тегін шөп оруға мүмкіндік алды. Бастаманы бірінші болып Қыраш және Қосүйеңкі ауылдық округтерінің жастары қолдап, іске білек сыбана кірісіп кетті.

Олар үшін жатын орын, дала асханасы ұйымдастырылған. Ал Шиелінің «Ақмая» шаруа қожа­лығында қыстың қамына дайындық қызу. Бүгінге дейін мұнда 7480 бау шөп жиналған. Оның 2500-і ауыл тұрғындарына таратылды.

Жұмыс әлі де жалғасады. Ақмаялықтар егіс алқабының атыз жағалауындағы қалың мия аралас қамысты да орып алып жатыр. Қармақшылықтар да қарап қалмады. Жергілікті шаруа­­шылықтарда жастар бри­га­далары жасақталып, оларға мәселенің маңыз­ды­лы­ғын түсіндіру шара­лары қолға алынды. Шаруа­шылық басшы­лары мен еріктілер өз кезегінде қуаң­шылықтың зардабын жеңілдетуге қолдан келгенше үлес қосуға әзір.

Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Азамат Мүкеев осы орайда жастардың үкіметтік емес ұйымдарымен бір­лескен акция басталғанын мәлімдеді.

– Ондағы мақсат – ерік­тілерді, салалық құрылымдар өкілдерін шөп оруға біріктіріп, кәсіпкерлерді материалдық қолдау көрсетуге шақыру. Арал ауданына дейінгі тасымалды ұйымдастыруды да жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Орталық жетекшісінің ай­туынша, әлеуметтік желіде жарияланған бейнеүндеуге жауап ретінде игі бастамаға атсалысуға ынталылар қатары көбейіп келеді. Бұл тізімде «Жасыл ел» еңбек жасақтары да бар.

Шөп бағасы шарықтап тұрған шақта жол бойындағы қамыс пен арықтардағы шөпке дейін орып алудың әбестігі жоқ, сірә. Сөзімізді қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаев та қуаттады.

– Бізде 80 мың гектардан астам күріш егісі бар, атыз арық бойы ну құрақ. Егер салмағы 4-5 келі болатын бір бау шөпке 100-150 теңгеден сатып алу шартын бекітіп, төлеп, әр бригада, шаруа қожалығында жинап қойса, қажет еткендер алып кетер еді. Бұл, біріншіден, мәселені тезірек шешу жолы болса, екіншіден, сушыларға, ауылдағы жұмыссыз жүргендерге табыс көзі. Үшін­шіден, атыз басы тазаланып, күрішті жел қағып, ұшығын азай­тып, дәннің толық болуына, дақылдың педикулез ауруына шал­дықпауына септеседі, – деді ол.

Облыстық кәсіпкерлер пала­тасы жанындағы кәсіп­кер­лердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төр­ағасы Болат Нұрқожаев күріш пен жоңышқа егу шығы­нының аражігін қарапайым ариф­мети­ка­ға сүйеніп ажыратып берді. Өйт­кені осы күні жоңышқа қымбат.

– 1 гектар жерден 3 орымда орташа көлемде 500 бау жоңышқа шығады. Қазіргі орташа бағасы 800 теңгеден екенін ескерсек, бұл – 400 мың теңге. Бірақ оған мемлекеттен субсидия жоқ. 1 гектардан орташа есеппен 40 центнер күріш шығады, яғни 4 тонна шамасында. Оны ақтап, күрмектен тазалағанда қалатыны – 2 тонна. Бір келісінің бағасы 280 теңгеден болғанда жалпы сомасы – 560 мың теңге. Күріш үшін тұқымға, техникаға субсидия төленеді. Жоңышқаны, мал азығын өсірудің артында ет, сүт, мал басының көбеюі тұр. Күріш өсіру қыруар жұмыс. Жоңышқаның да егілуінің өз қиындығы бар, бірақ күріштікінен аз, ең бастысы, алқаптың басынан-ақ сатылады, – деді ол.

Арал ауданының әкімдігі қыстан әлсіреп шығып, көктемде көкке аузы тимей қырылған малдың нақты есебін ұсынды. Бүгінде барлығы 553 мал өлексесі актіленіп, жойылды. Ал аман қалғанына қажет 9095 тонна шөптің 22 проценті әкелінді. Ерікті бригадалар Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандарынан арнайы бөлінген шабындық жерден шөп ормақ.

– Сырдария өзені бойындағы бірқатар каналды тазалау, су тоспаларын салу, елді мекендердегі су ұңғымаларын іске қосу, ең бастысы, шөп бағасын тұрақтандыру мақсатында шаруа қожалықтарының тасымал, яғни жанар-жағармай шығынын өтеу қолға алынды. Бұл бағытта атқарылатын шаралар аз емес, – деп мәлімдеді аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Шөп шығымына байланысты аудан аумағы үшке бөлінді. Соған сәйкес елді мекендердің 13-і – қызыл, 6-ы – сары, 4-і жасыл аймақта. Еске салсақ, аудан әкімдігі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссия төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдаған болатын. Шешім 24 маусым күні облыстық және аумақтық мемлекеттік органдардың келісімімен Әділет министрлігінің ашық НҚА порталында жарияланды. Жоспар бойынша министрлік оны 12 шілдеде бекітуі тиіс.

Назерке Саниязова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<