Сала ардагерлері марапатталды

555

0

Су шаруашылығы қызмет­керлері күніне орай «Нұра» топтық су құбыры республикалық кәсіпорнының «Арал» салынып жатқан кәсіпорындарының бірлескен дирекциясы филиалында салтанатты жиын өтті.

Кәсіби мерекеге орай өткен жиында филиал директоры Алтынбек Есенов сала қызметкерлері мен ардагерлерін құттықтады.


– Өзінің білімі мен тәжі­рибесін, кәсібіне деген құр­метті ұрпақтан ұрпаққа жет­­кізіп келе жатқан су шаруа­шы­лығы қызметкерлерін ме­ре­кемен құттықтаймын. Сала ардагерлері мен мамандарға адал еңбектері үшін ризашылық білдіргім келеді. Өңірде су шаруашылығын дамытуға баса назар аударылып, маңызды міндеттер іске асырылуда. Барша сала қызметкерлеріне зор денсаулық, шаңырақтарына бе­реке, жұмыстарына табыс ті­леймін, – деді А.Есенов.


Сыр жұртшылығының негізгі тіршілік көзі – Сырдария суы десек, бүгінде іргелі кәсіпорын аймаққа қарасты 187 елді мекен, 405 мыңнан астам халықты үздіксіз сапалы ауызсумен қам­тамасыз етіп келеді.

Аймақта Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы және Қызыл­орда қаласындағы оқшау су жүйелері арқылы 88 елді мекен ауызсумен қамтылған. Оқшау су жүйелеріне қосылған тұтынушыларға жылдық тара­тылған ауызсу көлемі – 4841,2 мың текше метр. Сон­дай-ақ, «Арал-Сарыбұлақ», ­«Ок­тябрь», «Жиделі» топтық су құ­быр­ла­рына 99 елді мекен қо­сылған. Олардағы ауызсу тұ­ты­­нушыларына жылдық тара­тыл­­ған ауызсу көлемі 9 862,9 мың текше метрді құрайды.


Осылайша тұрғындарды ауыз­сумен қамту Сыр бойын­дағы шешімін тапқан басты мәселелердің қатарында тұр. Орталықтар мен шалғайдағы елді мекен тұрғындары да судан зәрулік көріп отырған жоқ. Жыл басында берген есебінде аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова өңір тұрғындарының 97 проценті орта­лықтандырылған ауыз су желісіне қосылғанын атап өткен еді. Филиал директоры облыс­та қалыптасқан қиын жағдайда салаға айрықша жауапкершілік артылғанын атап өтті.


– Халқымыз «Өмірдің де­несі – жер, қаны – су, жаны – еңбек» дейді. Шындығында, өмірдің қантамыры – су жолдарын ақаусыз жұмыс істетіп, бүкіл жаратылыс әлеміне жан бітіретіндей етіп, су мен жерге еңбек еткенде ғана ел мен жер байлығы молаяды. Сондықтан су мен жердің тиімділігін арттыру арқылы ел байлығын молайту – парызымыз, – деді ол.


Жиында су шаруашылығы саласының ардагерлері марапатталды. Атап айтқанда, сала ардагерлері Сара Кәрібаева мен Шыңғыс Мамбетжанов ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Су шаруашылығының ардагері» төсбелгісін иеленді. Сонымен қатар, Нұрбек Аймағамбет пен Марат Наурызбаев III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. «Қызылорда қа­ла­сының оқшау сумен жаб­дықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесінің шеберлері Абай Ибадуллаев, Айғабыл Орынбаев, Самигулла Малиев және Бақыт Дихамбаевқа «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісі табысталды.


Мұнан бөлек, «Арал» СЖКБД филиалының бір­қатар өндірістік бөлімше қыз­мет­керлері ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, «Қазсушар» РМК бас директорының «Құр­мет грамоталарымен», Су ресурс­тары комитеті төр­аға­сының «Алғыс хаттарымен», Ауыл шаруашылығы қыз­меткер­лерінің салалық кәсіп­одағының, «Қазақстан су шаруашылығы» республикалық мемлекеттік кә­сіпорны қыз­мет­керлерінің жер­гілікті кәсіптік одағының «Құрмет грамоталарымен» марапатталды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<