«Сары аймақ»: Сақтық шараларына салғырт қарамайық!

627

0

Елімізде коронавирус індетінің эпидемиологиялық ахуалы қайтадан нашарлап, Қазақстан «қызыл аймаққа» өтті. 28 маусымдағы жағдай бойынша, «қызыл» аймақта Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары орналасқан. «Сары» аймақта Шымкент қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда және Маңғыстау облыстары тұр. Ал Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары «жасылға» енген.

Ал жақында ғана «қызыл аймаққа» қосылған төрт өңірде  шектеу талаптары қайта қарастырылып, сол аймақтардағы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлердің қаулысына өзгерістер енгізілді.

Жалпы карантин талаптарын қанша жерден күшейткенмен, індетке тойтарыс берудің басты «қаруы» вакциналау екені түсінікті. 27 маусымдағы мәлімет бойынша елімізде бірінші компонентті 3 130 095 адам, екінші компонентті 1 891 022 адам салдырды.

Қазақстан вакциналау көлемі бойынша әлемде 42-орынды алды. Our World in data онлайн-басылымы жасаған рейтингте Қазақстанда әрбір оныншы азамат вакцина алғаны көрсетілген. Басылым біздің елде 1,79 млн адам вакциналанып, бұл халықтың 9,4%-тін құрайтынын айтқан. Ал аталған рейтингте көш бастаған Қытайда 223 млн адам вакцина салдырған, бірақ бұл халықтың тек 15%-і ғана екен.

Бұған дейін «жасылда» бо­лып келген біздің облыс жо­ғарыда көрсетілгендей, «сары аймаққа» өтті. Өткен тәу­лікте коро­навирус індетін 28 адам жұқ­тырды. Осы орайда өңірлік ком­муникациялар қызме­тінде облыс әкімінің орын­басары Балжан Шаменова, облыстық санитариялық-эпи­демио­логиялық бақылау де­пар­таментінің басшы­сы Динара Жаңабергенова және облыс­тық денсаулық сақтау бас­­қар­масы басшысының мін­детін атқа­рушы Жангелді Шайым­бе­товтің қатысуымен брифинг өтіп, ай­мақ эпидахуалы, вакциналау жұмыс­тарының жүргізілуі, сақтық шаралары туралы баяндалды.

– Коронавирус індеті тараған уақыттан бері әлемде 181 млн адам ауруға шалдықса, 3 млн-нан астамы қайтыс болған. Бүгінде еліміздің бірнеше өңірі «қызыл аймақта» болса, тағы бірнешеуі «сарыда» тұр. Бүгіннен бастап біздің облыс «сары аймаққа» өтті. Соңғы күндері індет жұқтырғандар саны көбейіп отыр.  Осы орайда сақтық шараларына аса мән беру маңызды. Ауруды азайтуға мүмкіндік беретін ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін халықтың кем дегенде 60%-і вакциналаудан өтуі қажет.

Сол үшін коронавирусқа қар­сы вакцинаны, ең алдымен, халық­пен жиі араласатын қауіпті топ­тағы адамдар, яғни, медицина саласы мамандары мен полиция қызметкерлері және мұғалімдер салдырды. Бұл денсаулық сақ­тау және әлеуметтік маңызды салалар­дағы жағдайды барынша тез тұрақ­тандырып, пандемиядан қалыпқа келу процесін же­ңілдетуге мүмкін­дік берді, – деді Б.Шаменова.

Бүгінгі таңда індетке қарсы иммундау нау­қанына 106 екпе кабинеті, оның ішінде аудандарда 91 кабинет жасақталған. Бұдан басқа, шалғайдағы аудан-ауылдарда, ұйымдасқан ұжымдарда, адамдар көп жиналатын жерлерде жылжымалы егу пункттері бар. Жалпы 37 жылжымалы пункттің жұмысы ұйымдастырылды.

– Облысқа 1 ақпаннан бас­тап инфекцияға қарсы вакцина­лау науқанына барлығы 331 920 доза жеткізілді. Қазір облыста 20 медициналық мекемеде егу жұ­мыстары сағат таңер­теңгі 8.00-ден түнгі 00.00-ге үзіліссіз жүргізілуде, – деді облыстық ден­саулық сақтау бас­қармасы бас­шысының міндетін атқарушы Жангелді Шайымбетов.

Қазіргі уақытта өз өмірімізді сақтаудың жалғыз жолы – вакцина. Аймақта вакцинаның бірінші компонентін 143 949 адам алса, оның екінші компонентімен егі­лу­ден 77 109 адам өтті.

– 28 маусымдағы жағдай бойынша  облыста  коронавирус инфек­циясының 7 082 жағдайы тіркелді. Оның 51,5 проценті – клиникалық белгілермен, 48,5 проценті – симптомсыз түрі,–деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау де­партаментінің басшысы.

Жыл басынан бері 167 мони­то­рингтік топ  10003 нысанға рейдтік тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 335 карантин талаптарын бұзу­шы­лық анықталды. Оның ішін­де халыққа қызмет көрсету нысан­дарындағы бұзу­шылық саны – 158, үй жағ­да­йында ұйым­дас­тырылған мере­келік-көпшілік іс-ша­ра саны – 125, ұйымдасқан ұжымдарда – 52.

Айтып өткеніміздей, облыс «сары аймақта» тұр. Демек, сақтық шараларын қатаң ұста­нып, мамандар кеңесін еске­русіз қалдырмау керек. Сонымен бірге денсаулығымыз бен жақын­дары­мыздың амандығы үшін вакцина салдырудан басқа жол жоғын естен шығармайық.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<