Сөзден іске көшетін уақыт жетті

432

0

Облыс әкімдігіндегі жиыннан кейін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов “Достық үйінің” мәжіліс залында ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы саласы ардагерлерімен, қоғам белсенділерімен кездесіп, кеңес өткізді.

Кездесу басында С.Қожа­ниязов, облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов, Арал-Сырдария бас­сейндік инспекцияның басшы­сы бүгінгі Сырдария өзені бас­сейнін­дегі  ахуалдан хабар етті. Кеңес­ке қатысушылар өңіріміздегі су тап­шылығына қатысты проб­лемаларды талқылады. Мұнан кейін пікірлесу басталды. Диқан­дарды мазалаған келешекке қатысты ойлар ортаға салынды.

Алғаш сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Нәжмадин Мұсабаев  1993 жылы Орта Азия­дағы бес мемлекет бас­шысы Қызылорда қаласында Арал проблемасына қатысты ха­лық­аралық конференцияда бас қосып, соның нәтижесінде көп­теген мәселе шешімін тапқанын жеткізді. “Саратс-1” жобасы қабыл­данып, оның жүзеге асуы­мен Кіші Арал теңізі пайда болды. Әлем назары Аралға бұрылып, халықаралық банктен жобаға қаржы бөлінді. Одан бері көп уақыт өтті, біраз нәрсе өзгерді. Тәжікстаннан басқа елдерді жаңа президенттер басқарып отыр. Енді осы бес мемлекеттің басшысын Қызылордаға шақырып, нақты жағ­даймен таныстырып, көздерін жет­кізбесе, айтылған нәрселер сөз күйінде қала береді. Алғашқы кездесуден кейін, Кіші Арал дүниеге келді, Көксарай салынды, бұрынғы келісім бойынша беріліп келген су көлемі оларды толтыруға жетпейді. Жаңа басшылар жаңаша ойлайды, сондықтан  Қазақстанға бөлінетін су көлемін ұлғайтуға келісімін алу керек деген ұсынысын жеткізді. 

Облыстық қоғамдық кеңес мү­шесі Ерұлан Өмірсеріков күріш егумен айналысып жатқан ірі шаруа­шылықтардың су жүйе­лерін тазалап, су үнемдейтін техно­логиялар енгізуге қаржылай қолдау көрсету тетіктерін ойлас­тыру қажеттігін  жеткізсе, об­лыс­тық мәслихат депутаты Қылышбай Бисенов “Агрофинанс” және басқа да агрокредиттік ұйымдар ал­дындағы несиелік қарыздарды қай­тару мерзімін ұзарту, несиелік жеңіл­­діктер жасау жөнінде ұсыныс білдірді.

Су шаруашылығының арда­гері Мырзахмет Толыбаев өз кезегінде кешегі кеңестік кезеңде бір ғана Қазалы ауданы Ресейге, Прибалтика республикаларына жыл сайын 4 мың тонна қауын  жөнелтіп тұрғанын еске сал­ды. Ал қауын-қарбыз суды күріш­тен 4-5 есе аз қажет етеді. Былтыр жаңақорғандықтар 2 мың тонна қарбыз шығарды сырт­қа.  Осы бағыттағы жұмысты жандан­дырған дұрыс деген ойын жеткізді.

Осы орайда эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы “Қауын біздің брендіміз” дей отырып, бізде “күріштікті қысқартсақ аштан өлеміз” деген түсінік қалып­тасқанына қынжылыс білдірді.

– Кешегі қылышынан қан тамған кеңестік кезеңнің өзінде де күріш егістігін 60 мың гектардан асырған жоқ, Сыр елінің экономикалық-әлеуметтік-экологиялық жағдайын көтеру үшін күріштікке байланған психологиядан арылған жөн. Қазақстан күрішінің 90%-ін біз беріп отырмыз деп егістік көлемін 90 мың гектарға жақындаттық. Қазіргі ірі шаруашылықтар күріш егуді жалғастыра берсін. Ал майда шаруашылықтар басқа дақылдарға көшкені дұрыс. Мен Іле өзенінің бойын көп араладым. Ол жақта да кешегі қоғам кезінде күрішті аз еккен жоқ. Бірақ олар дер кезінде тоқтау салып, күріш егістігін  барынша азайтып, экологиялық мәселеге назар аударды. Қазір сол жақты көрсең, өмір сүргің келеді сонда.   Іле-Балқаш табиғи резерватын жасаған. Балық та сонда, аң да сонда. Келешек Тұран жолбарысын қайта қалпына келтіреміз деп отыр. Біз кімнен кембіз? Біз де сілкінуіміз қажет. Сыр елінің бұрынғы салтанатына, мақтан ететін жағдайға жеткізуге тиіспіз, – деді жазушы.

Қамбаш көлдер жүйесінің қазіргі қиын жайын баяндаған облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Болат Нұрқожаев осы көлдер жүйесін су тапшылығы кезеңінде сақтауға арналған Аманөткелдегі Бұрмақұлақ су құрылғысы жобасын тездетіп жүзеге асыру қажет деді. Сонымен бірге облыста ішкі су мәселесін реттейтін тұрақты комиссия құру туралы ұсыныс берді.

Су шаруашылығы саласының ардагері Бегеш Жақып Түркістан облысы диқандарының  су үнемдеу жағынан бізден біраз алға озып кеткенін айтты. Олардың әрбір үйдің жанындағы жылыжайдан өнім алып отырған жайы бар. Сондықтан біздің шаруашылықтар  көршілерден үйренгені жөн. Бұл пікірді сала ардагері Серікбай Сағымбаев та қуаттады. Су үнемдеуге барынша байыпты түрде кірісу керек. 

Облыстық мәслихат депутаты Серікбай Өмірзақов біздің күріш алқаптарында “Лидер” сортының әлі де көп үлеске ие екеніне назар аударды. Ал бұл ең ұзақ пісетін, соған сәйкес суда ең көп тұратын сорт болып табылады. Ендігі кезекте суды аз қажет ететін «Янтарь» және өзімізде жаңадан енгізіліп жатқан “Сыр сұлуы” сортына басымдық берген дұрыс деген ғалым шаруашылықтардың жерді өте дәлдікпен тегістейтін заманауи техникалар пайдалануы қажеттігін де орынды көтерді. 

Сонымен бірге ол су шаруашылығы саласында білікті мамандар қалмай бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Маман даярлауда өңірлік университеттерге арнайы мемлекеттік гранттар бөлуді қарастырған дұрыс. Кездесуде сондай-ақ су шаруашылығының аға буын өкілдері Сұлтанбек Тәуіпбаев, Айтбай Көшербай, Дәулетияр Баялимов өз ойларын ортаға салды.

Жиын қорытындысында өңірі­міздегі су қоймаларына қатысты күдікті сейілтетін дәлелдемелер айтылды. Облыс әкімінің орын­басары Б.Жаханов облыстағы бірде-бір су қоймасы үшін дарияны бөгеп су алынбайтынын айтты. Олар тек судың мол кезінде артығын жинап, оны кейін қайта пайдалану үшін жұмыс істейтінін назарға салды.

С.Қожаниязов Қазақстан үшін бөлініп келген 12 млрд текше метр су көлемі үлесінде экологиялық суландыру жағы, Кіші Арал мен Көксарай үлесі ескерілгенін және бір қаперге салды. Ал шаруалардың “Агрофинанс” ал­дындағы міндет­те­мелерінің мерзімін ұзарту, жеңіл­діктер жасау туралы облыс әкімдігі Үкіметке ұсыныс беріп жатса, барынша қолдау жасалатынына сен­дірді. Кеңеске қатысушылар айтқан кейбір ұсыныстарды министрлікке жеткізбей жергілікті жерде шешуге болатынын да айтып өтті.

Кадрлар дайындау мәселе­сінде сала мамандарының айлық табыстарының өте аз екендігі және комитет, Казводхоз, бас­сейн­дік инспекциялар дең­гейінде де білікті мамандар қа­лып­тастырудың проблемасы бар екені кеңесте айтылмай қал­ған жоқ. Бұл ретте Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс берілгендігін жеткізіп, алғашқы кезекте жоғары оқу орындарында қажетті мамандарды дайындайтын оқытушылар мен ұстаздардың өзінің білімін жетілдіріп алу мәселесін шешіп алған жөн деді.

Облыста ішкі су мәселесін реттейтін тұрақты су комиссиясын құру туралы ұсынысқа қатысты облыстағы бассейндік комиссия жұмыс істейтіндігі ескертілді.

Тіршілік нәрінің биыл аз болуының ең негізгі себебі табиғи құбылыс екенін айтқан вице-министр министрлік Сыр еліне су жеткізу үшін қолдан келгенінің барлығын жасайтынын мәлімдеді. Ал келіп жатқан суды тиімді пайдалану – ол енді уақыттың өткір талабы.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<