Судағы салғырттықтың салдары

525

0

Жыл басынан облыс аумағындағы су айдындарында 30 оқыс жағдай тіркеліп, 35 адам қаза тапқан. Өкінішке қарай, оның 20-сы бала. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ТЖД бастығының орынбасары Саид Молдақараев айтты.

– Облыс аумағынан өтетін Сырдария өзені жағалауы және қала, аудан аумағында орналасқан су айдындарында  тұрғындар мен балалардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету бо­йынша жауапты сала мамандары рейдтік және патрульдеу шараларын  ұйымдастыруда. Балық аулайтын орындарда 563 рейд өткізіліп, 5606 адамға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, 24 адамға ескерту берілді, – дейді ол.

Қаладағы 54 мектептің  оқу­шылары мен ата-аналарына WhatsApp желісінен топтар  ашылып, судағы қауіпсіздік ережелері бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Онлайн режимде 263 оқушыға судағы қауіпсіздік ережелері, суда зардап шегушілерді құтқару, дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету тәсілдері бо­йынша 13 интерактивтік сабақ, 64 мектептің басшылары мен мұғалімдеріне онлайн арқылы судағы қауіпсіздік ережелері  жөнінде сабақ өткізілді.

Облыс аумағынан өтетін Сыр­дария өзенінің ұзындығы 1274 шақырымды құрайды. Мұнан басқа 19 ірі канал, 220 шағын канал және 207 көл  бар. Суға түсуге арналмаған 64 қауіпті учаске анықталған.

С.Молдақараевтың айтуынша, оқыс оқиғалар судағы қауіпсіздік ережелерінің өрескел бұзылуынан болып жатыр. Атап айтсақ, өзен немесе каналдардың зерттелмеген, ағысы жылдам, терең, жағалары тікжар жерлеріне суға түсу, балалардың ересектер  бақылауынсыз су жағасына баруы, суға түсуі, жүзе білмеуі қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруда. Суға түсуге қауіпті аймақтарда азаматтардың рұқсат етілмеген жүзу құралдарын қолдануы және алғашқы көмек көрсету тәсілдерін білмейтіндігі де су айдындарында бақытсыз жағдайлардың көбеюіне ықпал етіп отыр.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<