Трассада жанып кеткен екі әйелге көмектеспек болған куәгер видео жариялады

1284

0

Алматы-Қорғас жолында екі әйелдің көлікте тірідей өртеніп кеткені туралы оқиғаның видеосы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көліктің жанған сәті көмек көрсету үшін тоқтаған машинаның видеотіркегішіне жазылған. Видеодан жол жиегінде тұрған автокөліктің алдымен түтіндеп, кейін қызыл жалынға оранғанын көруге болады. Сол сәтте ер адам көліктің алдыңғы есігін ашып шығады. Артқы есік ашылғанымен, басқа ешкім шығып үлгермейді, көлік өртке оранады.

Өзге көліктің жүргізушісі машинасын бірден тоқтатып, өрт сөндіретін құрылғысын ала жүгіреді. Алайда, жалынды өшіру мүмкін болмайды.

«Екі әйел адам тірідей жанып кетті. Мен көмектесуге барынша тырыстым. Бірақ өртті өшіру мүмкін болмады», – деп жазған видео авторы.


3 маусым күні «Алматы-Қорғас» автожолының 82-шақырымында жеңіл автокөлік өртенді. Көлік салонында екі әйел тірідей жанып кетті. Оқиға орнынан видео түсірген куәгерлердің сөзінше, көлік қызыл жалынға оранғанда олар ішінде ұйықтап жатқан.

Ал құтқарушылар дер кезінде оқиға орнына жете алмаған. Себебі, жақын маңда өрт сөндіру қызметі болмаған. Өрттің шығу себебі анықталуда.

«Шақыру орнына Алматы облысы ТЖД 4 қызметкері мен 1 техникасы шықты. Жанған жерден өрт сөндіру бөліміне дейін қашықтық 45 км құрады. Өрт орнында автокөлік салонында 2 жолаушының жанып кеткен денесі табылды»- деді Алматы облыстық ТЖД баспасөз қызметінің ресми өкілі Азамат Жұртбаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<