Зайырлы қоғам сипаты қандай?

1007

0

Қазір мемлекеттердің өз мүдделерін қорғау жолында күресуі көп жағдайда саяси, экономикалық принциптерге сүйеніп жасалғанымен, демократия­лы қоғамда зайырлылық қағидасы халықаралық қатынастардың ажырамас бір бөлігіне айналып отыр. Оған нақты дәлел – әсіредіншіл Иранның экономикалық санкцияға ұшырауы мен Ауғанстанда билікке келген талибан діншіл радикалдарының халықаралық қатынаста саяси оқшау­лануы.

ХХІ ғасырда секуляризм қағидатын ұстанып отырған мемлекеттер ресми діндері бар мемлекеттермен салыс­тырғанда басымдау. Секуляризм дегеніміз – мемлекеттің діннен бөлектенуін білдіретін зайырлылық ұғымы болғанымен кең мағынада түсіндіруді талап етеді. Сонымен қатар мемлекет пен діни ұйымдардың өзара бөлінуі қарапайым бөліну емес, ол қоғамдық өмірдегі мемлекет пен діни ұйымдардың қарым-қатынасының күрделі жүйесі  болғандықтан, екіжақты үйлесімділікті қажет етеді. Тарихи санадан қоғамдық сана қалыптасатындықтан мемлекеттердің саяси тарихына ежелгі дүние, орта ғасыр, жаңа заман, қазіргі заманға баға бергенімізде мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынастар үнемі өзгеріп отыратыны белгілі болды.

Ежелгі Римде империя­ны сақтап қалу, провинциялардағы көтерілістерді тоқтату, мемлекеттік билікті күшейту үшін IV ғасырда христиан дінін мемлекеттік дін деп жариялап, Рим қоғамы теократиялық жолды таңдады. XVII ғасырдан бастап феодалдық қоғамдық қатынастар жаңа қоғам капитализмнің дамуын тікелей христиандық католиктік дінмен тежегендіктен өзгере бастаған мемлекеттік түсініктер мен реформалық қозғалыстар шіркеудегі догматикалық құбылыстарды жаңа діни көзқарастар яғни, протестантизм арқылы дін мен мемлекеттік саясаттың қарым-қатынасын қайта қарауды жүзеге асырады. 

Секуляризм бұл атеизм болмағанымен, өзінің сенім жүйесінің қатаң формасында Кеңес Одағында толыққанды коммунизм идеологиясы арқылы дінді қудалау, мемлекетті діннен мүлдем бөліп тастауға дейін барды. Алайда Ұлы Отан соғысының алғашқы қиын кезеңдерінде сталиндік режим өзін қорғау мақсатында халықтың жадында мыңдаған жылдардан бері сақталып қалған дінге деген сеніміне жол ашты. Шіркеулер мен мешіттер Кеңес мемлекетімен бірге ортақ жауға қарсы күресті.

Осыдан шығатын қорытынды, зайырлылық ұғымы бұл – діндерді шектеу емес, діни сенім еркіндігін жүзеге асыра отырып, қоғамдағы тұрақтылықты баянды ету. Қоғам мүшелеріне мақсатты түрде зайырландыру саясатын жүргізетін болсақ, бұл өз кезегінде діни сенімді шектеуге жол ашады. Осынау күрделі секуляризм түсінігін дұрыс түсіну қоғам үшін аса маңызды болғандықтан, ­тәуелсіз Қазақстанда 30 жыл ішінде діни жанжал туындаған жоқ. Себебі Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабында мемлекеттің зайырлылық сипаты нақты жазылған. Осы бағыттағы жұмыстарға қоғамның бар­лық саласы толыққанды қатысып келеді. Мұны  кейбір саясаткерсымақтар халықтың басым көпшілігі діншіл болмағандықтан деп түсіндіргісі келеді. Алайда Югославия, Сирия, Ауғанстан, Кавказдағы діни қайшылықтардың біздің елімізде болмауы – көпконфессиялы, көпұлтты Қазақстан қоғамындағы дұрыс ұтымды зайырлылық қоғам ­қалыптасқандығының көрінісі. Жалпы алғанда, діни радикалды, экстремистік топтар жанданса оны алдымен геосаяси тұрғыда геоэкономика мүддесінен туындаған арнайы қаржыландырылатын шетелдік ұйымдардың әрекеті деп түсінуіміз керек.

Біздің басты күшіміз – бірлікте, толеранттылыққа жетелейтін зайырлылықта.

Мэнлита ЫДЫРЫСОВА,

С.Толыбеков атындағы

№3 ІТ мектеп-лицейінің мұғалімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<