Жаңа мектептің жарқын бастамалары

675

0

Жуырда гандболдан «Ұшқыр доп» Ұлттық мектеп лигасы 9-11 сынып (қыздар) оқушылары арасында өткізілді. Республикалық жарыс­та Қазалы ауданындағы Мейрамбек Жұмашов басшылық жасайтын №276 орта мектептің Жұбатқан Нұркен жаттықтыратын командасы жүлделі ІІ орынды иеленді. 

Олай болмағанда ше?! Соңғы жылдар мұғдарында ауыр кеселдің зардабы көпшіліктің көңілін құлазытып, көкейге үрей ұялатқанын несіне жасырамыз? Міне, осындай кезеңде аудан спортшылары ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай жетістікке жетсе, неге мақтанбасқа?!

Бұл білім ордасын ел ішінде «арғы беттегі жаңа мектеп» деп те атайды. Мұның себебі – мектептің темір жолдың арғы бетінде орналасуында. «Жаңа»  дегенге келсек, білім ордасының іргетасы 2017 жылы кент тұрғындарының өтінішімен қаланған болатын. 300 орындық талапқа сай жабдықталған мектеп  пайдалануға берілді.

Білім ордасының ашылуында облыс және аудан әкімдері, аудандық білім бөлімі  интерактивті тақталар сыйға  тартты. Сондай-ақ, оқу-әдістемелік кеңес жанынан жаңартылған білім мазмұны бойынша І-ІІІ деңгей оқыған мұғалімдер арасында тәжірибе алмасу мақсатында «Сенім көкжиегі» атты қауымдастық құрылды. Пән мұғалімдерінен жасақталған 5 әдістемелік бірлестікке 5 интерактивті тақта қолдануға берілді. 

Арада санаулы уақыт өткеніне қарамастан мектеп ұжымы біршама белес­терді бағындырып үлгерді. Бұл – жұдырықтай жұмылған ауызбірліктің жемісі.

– Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Мектеп – үйрететін орта болса, оның жүрегі – мұғалім. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс – оның сабақты түрлендіріп, шәкірт жүрегіне жол таба білуі. Мектебімізде  47 педагог, оның ішінде 2 магистр жұмыс жасап келеді. Басым көпшілігі – жас мамандар. Алғашқы оқу жылында  жоғары және педагог-зерттеуші, педагог-сарап­шы мамандар 29%-ті құраса, бүгінде 44,4%-ке жетті. Мұның өзі тыңғылықты жұмыс жасау­дың, дұрыс бағыт-бағдар берудің, оқу-әдістемелік жұмысқа ұйымдастыра білудің арқасы деп білемін. Небәрі бірнеше жылдық тарихы бар білім ордамызды жетілдіру, алдыңғы қатарлы мектептердің бірі ету, білім алып жатқан оқушыларымызды түрлі білім додаларына баулу, жан-жақты етіп тәрбиелеу ұстаздардың қолында, – дейді №276 орта мектеп директоры Мейрамбек ­Жұмашов.

Мейрамбек Мырзағалиұлының сөзіне қосарымыз мектеп ұжымы өздерінің алғашқы оқу жылын 316 оқушымен бастаса, қазір 391 оқушымен толығыпты.

Білім ордасындағы  тарих пәнінің мұғалімі Бағдат Орымбас Президенттің, математика пәнінің мұғалімі Айдана Алшоразова қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы төрағасының «Құрмет грамотасымен» марапатталса, «Абай әлемі» бағыты бойынша буктрейлер сайысында ағылшын пәнінің мұғалімі Әнел Әбдіраш І орын, бастауыш сынып мұғалімі Ақсұлу Құрман ІІІ орын иеленген. Іргелі ұжымда жоғары жетістікке жеткен өзге де білікті ұстаздар мен дарынды шәкірттер баршылық.

Жоғарыда атап өткеніміздей, мектепте  түрлі деңгейдегі білім бәсекелері мен  өнер, спорт сайыстарында дара шыққандар көптеп саналады. Біз өнер мен білімді, спортты терең меңгергендердің бір  бөлігін ғана  оқырман назарына ұсындық.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<