Жобадан уақытша шеттетілді

463

0

Қызылордада 17 кәсіпкерлік нысан «Ashyq» жобасынан уақытша шеттетілді. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов айтты.

«Қазір елімізде эпидемиологиялық жағдай нашарлап, күн сайын вирус жұқтырғандардың қатары көбеюде. Бұл біздің облысымызға да қатысты. Қызыл­орда қазір «сары аймақта». Карантиндік шектеулер болса да, кәсіпкерлердің жұмыс жасауына барынша мүмкіндік беріліп отыр. Облыста 294 кәсіпкерлік нысанының «Ashyq» жобасына қатысуға берген өтініші қанағаттандырылып, оларға арнайы QR код берілді. Кәсіпкерлер  қо­йылған талаптарды қатаң сақтаса жеткілікті. Алайда бүгінде 17 кәсіпкерлік нысанның QR коды деактивацияланды. Себебі кәсіпкерлер келушілердің мәртебесін тексермеген, яғни чекин бұл нысандарда мүлде жүргізілмеген. Сол үшін олар әзірге 2 аптаға жобадан шеттетілді» дейді палата директоры.

Жұмыс алгоритмін 3 рет бұзған қатысушы (мониторингтік топтың ұсынған мәліметі бойынша) 2 айдан ерте жобаға қайта орала алмайды. Палата басшысы «Ashyq»-тың аутсайдерлерімен бірге көшбасшылары да бар екенін атап өтті. Бүгінде 294 нысанның ішінде 22-сі комиссия шешімімен көшбасшы мәртебесін алған. Бұл мәртебе кәсіпкерлік нысанға келушілер тарапынан  тұрақты чекин (жоба аясында статусын тексеру) жасалғандықтан берілген.

Қызылордалық «Ashyq» көш­басшыларының» қатарында «Арафат», «Koreana Family», «Пусан», «Асон», «Миран», «Монако», «Дөйт», «Тондемун», «Djoo bar», «FLY», «Aray loung» кафе-барлары мен «Киноплекс 8», «Жібек жолы», «ЧАС» кинотеатрлары, «Sultan Plaza» қонақ үйі мен «Классик» бильярд клубы, сондай-ақ «Қорқыт Ата» әуежайы бар. Бұл мәртебенің қолданылу ұзақтығы 2 апта және олардың тізімі әкімдіктің сайтында орналастырылған.

«Ashyq» көшбасшысы» мәр­тебесін алған жобаға қатысушыларға мынадай же­ңіл­діктер беріледі:

– «Қызыл аймақтағы» жобаға қатысушылар «сары аймақтың» талаптары бойынша жұмыс істейді;

–  «сары аймақтағы» жобаға қатысушылар «жасыл аймақтың» талаптары бойынша жұмыс істейді;

– «жасыл аймақтағы» жобаға қатысушыларға жұмыс режимі 2 сағатқа қосымша ұзартылады, сондай-ақ объек­тіні толтыру 10%-ке арттырылады.

«Ashyq» жобасына қатысты са­уалдар туындаған жағдайда облыстық кәсіпкерлер палатасының мамандары кеңес беріп, сүйемелдеу жасау­ға әзір. Жауапты маман – палатаның сарапшысы Гүлнұр Құрмантаева. Байланыс нөмірлері: 8 /7242/ 40-09-81 (ішкі 4324), +7 771 479 7582.

 «Ashyq» – қоғамдық орындарда келушілерді тіркеу қосымшасы. Қоғамдық орынға кіреберісте пайдаланушы арнайы qr-кодты сканерлеп, оны әкімшіге көрсетеді. Код келушінің статусын анықтайды. Келушілерге статус ПТР-зерттеулерінің бірыңғай интеграциялық порталы және Денсау­лық сақтау министрлігі жанындағы covid-19-ды бақылау орталығы ақпараттық жүйелерін салыстыру негізінде тағайындалады. Қызыл түс егер адам ПТР-тестін тапсырып, оң нәтиже шықса беріледі. Осы статустың иесіне үйде оқшаулану режимін қатаң ұстану керек. Сары түс науқас адаммен байланыс­та болған адамдарға беріледі. Оларға азық-түлік немесе үй жанындағы дәріханаға баруға рұқсат етіледі, бірақ басқа нысандарға баруға тыйым салынады. Көк түс ПТР-тестілеу тапсыру міндетті орындардан (мысалы, әуежай) басқа барлық жерге баруға рұқсат. Жасыл түс шықса, жүріп-тұруға толығымен рұқсат беріледі.

Облыстық кәсіпкерлер

палатасының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<