Адам өмірінің бағасын қалай арттыра аламыз?

1289

0

Террорлық ұйымдар мен терроризмге қарсы күреске бағытталған арнайы қызметтердің пайда болуы – адам өмірінің қымбаттауының салдары. Қазіргі таңда қауіпсіздік культі санамызға мықтап орныққан. Сондықтан кез келген төтенше жағдай орын алғанда қабылданатын негізгі шара – жауапкершілікті бұрынғыдан да қатаңдатып, бақылаудың жаңа нысандарын енгізу. Бұл – бүкіл әлемде болып жатқан үрдіс.

Қауіпсіздіктің екі түрі бар – «Safety» және «Security». Қазақша айтсақ, қоршаған ортаның және бақылаудың қауіпсіздігі. Екеуі де адамдардың қауіпсіздігін қарастырады. Айталық, неге әуежайға кірерде бақылау пунктінен өту үшін барлығы кіреберісте кезекке тұрады? Бізді қауіпсіздік нормаларына жауаптылар бұл террористтің өтіп кетуіне жол бермеу үшін деп сендіреді. Дегенмен, бұл шараның қауіпсіз орта құруға әсері шамалы. Өйткені кіреберісте жолсөмкелерін асынып тұрған көп адам бірдеңе бола қалса бірін-бірі таптап кетеді. Себебі барлығы ашық тұрған жалғыз есікке ұмтылады. Қауіпсіздіктің бұл түрі әуежай әкімшілігінің жолаушыларды бақылауын ғана жеңілдетеді.

Тағы бір мысал. Тергеу изоляторында, қылмыстың қай түрі бойынша күдікті екеніне қарамастан, барлығы бірге қамауда отырады. Ал бұл – күдікті қашып кетпеуі және тергеу органдарының жұмыс істеуіне ыңғайлы болуы үшін ғана. Көп жағдайда күзетшінің жұмысына ыңғайлы болуы үшін нысанның негізгі кірер есігінен басқаларына құлып салынады. Есесіне бір күзетші бәрін тексереді, кірген-шыққанның бәрі көз алдында. Тіпті, мектептер мен балабақшаларда да сол жағдай. Себебі, ғимаратқа теріс пиғылды біреу кіріп кетуі, балаларға қандай да бір зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан авариялық есіктердің барлығы жабық, ал кілті күзетшіде. Мұндай қауіпсіздік жүйесі кімнің өмірін сақтап қала алады?

Тұтастай алғанда, күзетші еліміздегі ең танымал мамандықтың бірі. Мән беріп қарасаңыз, күнделікті өмірде көлік жүргізуші мен сатушыны, сосын күзетшіні жиі кезіктіресіз. Дегенмен, күзетшілерге аса үлкен талаптар қойылмайды, арнайы іріктеу де жоқ. Олардың басым бөлігі өздерінің негізгі міндеті қауіпсіздікті қамтамасыз ету екенін де білмейді.

Сондықтан, кез келген төтенше жағдайдан кейін ең алдымен басшы қызметінен босатылады. Тіпті, орын алған жағдайға тікелей қатысы болмаса да, басшы – бәріне жауапты. Ал, жаңа басшы бұрынғысы қандай нәрсеге жол бергені үшін орнынан алынғанын немесе түрмеге қамалғанын білсе, жан-жағына қарап, қауіпсіздік мәселесіне көбірек алаңдар еді. Дегенмен, тиімсіз басқарудың саяси зардабын мойындағаннан гөрі қылмыстық қудалау әрекеті жиі орын алады. Азаматтардың өздері де соны қалайды. Себебі қасіретті жағдай орын алса, бұл үшін қандай да бір жауапкершілік болуы керек. Бірақ бұл қылмыстық жауапкершілікті теріс мақсатта пайдалану өте оңай. Салдарынан адам өмірінің құны жоқ деген қоғамдық пікір қалыптасады.

Мұндай пікірдің астарында не жатыр? Адам өмірінің бағасын қалай арттыра аламыз? Кез келген қайғылы оқиғадан соң қабылданып жүрген тиімді шараның бірі – қаза болғандардың отбасыларына төленетін төлемдер, яғни, «әр отбасына – миллион теңге» деген мәлімдеме. Ауқымды сома көрінгенімен, бұл түкке тұрғысыз ақша. Оның көлемі әлдеқайда көп және сақтандыру төлемдерімен тікелей байланысты болуы керек. Басқаша айтқанда, қаза тапқандардың отбасыларына төленетін көлем адам өмірін, жолаушылар көлігін, түрлі нысандарды төтенше жағдайлардан сақтандыруға байланысты болуы керек.

Сонда ғана қауіпсіздік өмір мен өлім мәселесіне айналады. Сонда ғана сақтандыру компаниясы сақтандырылған нысанның өртенуіне, көліктің тежегішінің істен шығуына жол бермеуге барын салады. Адам шығыны болмауы үшін авариялық есіктердің ашық болып, сапырылысқан кезектің пайда болмауын қадағалайды. Өйткені адам шығыны орын алса, компания тақырға отырады.

Егер осындай жүйе тиімді жолға қойылса, ешкім қаза тапқан адамның отбасына бөлінген бір реттік төлем «жақынынан айырылған адамды жұбата ала ма?» деп айтпас еді. Себебі, ол төлемнің мақсаты зардап шеккендерді жұбату емес, кінәлілерді жазалау екені өздігінен түсінікті болады. Мұндай төлемдер жазалаудың бір түріне айналуы керек. Оған қоса, бір реттік төлемнің де жәбірленушілерге пайдасы болмаса, зияны жоқ.

Мысалы, соңғы жылдары елімізде бірнеше әуе апаты орын алды. Сол оқиғалардың бірінде зардап шеккендерге 5 мың АЕК көлемінде өтемақы төленгені есімізде. Дегенмен, әуе компаниясы мен сақтандыру компаниялары аса қатты жауапкершілікке тартылған жоқ.

Қауіпсіздік туралы сөз қозғалғанда ойға оралатын тағы бір өзекті мәселе – псевдоқауіпсіздік пен сол үшін пара беру үрдісі. Айталық, сол ұшақ апаты орын алған соң жолаушылар тасымалы саласы толығымен тексеруден өтеді. Басқа салаларда да солай. Кейін бұл науқан тексерудің тұрақты формасына айналады. Себебі, жақсы нәтиже үшін кәсіпорын, ұйым басшылары, кәсіп иелері тексеру жүргізетін уәкілетті органға пара береді.

Бұл ретте, пара бергеннен қауіпсіздік нұсқауларын орындаған тиімдірек. Егер тексеру жүргізетін құзырлы орган пара алу үшін орындалуы мүмкін емес талаптардың бір түрін ойлап тапса, бірден бірнеше құқық қорғау органына шағымдану қажет. Ал, тексеру науқаны – шағымдану үшін ең қолайлы уақыт. Мысалы, өрт қауіпсіздігін қадағалаушы инспектор кәсіпкерге тексеру нәтижесінде кемшілік болмауы үшін пара бер деп ишара етсе, ең дұрыс шешім – оның үстінен тергеу комитеті мен прокуратураға бір уақытта шағымдану. Басқаша айтқанда, азаматтар да қауіпсіздік, күштік құрылымдар арасындағы қайшылықтар мен бәсекелестікті өз құқығын қорғау үшін тиімді пайдалана алады. Ал, псевдоқауіпсіздік үшін пара беру – сыбайлас жемқорлықтың ақыры кісі өліміне алып келетінінің айқын мысалдарының бірі.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<