Ендігі ұстаным өзгермейді

778

0

Сырғақтатып сан соқпаққа салатын кез бұл емес. Сең көбесі сөгілді. Қоғамның жанын жегідей жеп, әбден тамырлап алған жемқорлыққа құрық салына бастады. Қазақ «Түпкі айылдың батқанын, иесі білмес, ат білер…» деген. Астарлы сөзде ақиқат бар. 

Заң үстемдік құруы тиіс. Құқықтық мемлекет үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. Онсыз оңалам деу – әурешілік.

Сыбайлас жемқорлықты ауыздықтаудың амалдары жасалып-ақ жатыр. Нәтиже жоқ емес. «Дегенмен, түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде, – деді Президент сейсенбіде өткен кеңесте.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңестің осы жолғы отырысы шын мәнінде, ерекше сипатта өрбіді.

Әрине, Президент айтқандай, құқық қорғау органдарының жұмысынсыз сыбайлас жемқор­лықпен тиімді күрес жүргізу мүлде мүмкін емес. Алайда, олардың істің себеп-салдарына терең бойламай, зерттемей, көп жылдар бойы пара алушыларды қылмыс үстінде ұстап келуінің өзі екіұшты ой қалдырады.  Әртүрлі адам бір лауазымды атқарып отырып, бірдей мәселелерді шешкені үшін кінәлі деп танылған. Жемқорларды тұрақты түрде ұстап, түрмеге тоғытып отырған. Ал сыбайлас жемқорлықтың белең алуына қатысты себептер мен жағдайлар ешкімді қызықтыра қоймаған. Тек соңғы жылдары ғана осы мәселеге назар аударыла бастаған сыңайлы.

Бес жылда 2 триллион немесе субсидия орнына күн батареясы

Мына қызықты қараңыз. «Бармақ басты, көз қыстының» көкесі аграрлық салада жатыр. Бес жылда 2 триллион теңге, 960 қылмыстық іс, жайылымның өзін жөнге келтіруге бағытталған 80 миллиард теңгенің тең жарымы, субсидияның орнына күн батареясы, қысқасы, бұл саланың сіз бен біз біле бермейтін «хикаясы» жетіп-артылады.

– Бұл жерде ауыл шаруа­шылығындағы субсидияларға байланысты жемқорлық деректердің анықталғанын атап өтуге болады. Кейінгі бес жылда мемлекет аграрилерді қолдау үшін екі триллион  теңге бөлді. Осы уақыт ішінде  аталған салада 960 қылмыстық іс тіркелген. 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батуда.  Соның кесірінен мемлекет үлкен зиян шекті, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келді. Атап айтқанда, жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Былтыр қуаңшылық болған кезде шаруалар жем-шөп таппай, мал қырылып қалды. Тіпті, кейбір өңірде шаруаларға субсидия ретінде күн батареясы берілген. Ашығын айтқанда, ауыл тұрғындарына не қажет екеніне ешкім бас қатырмаған. Субсидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының бағасы еселеп көрсетілген. Мұның бәрі уәкілетті органдардың жауапсыздығынан болған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер мұндай былыққа жол бергені үшін жауап беруі керек, – деді Президент.

Ақпараттық жүйе және сатып алулардың салдары

Ақпараттық жүйе мен деректер базасына да мұқият зерттеу қажет. Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қырағы болмаса қиын. Мемлекет басшысы мемлекеттік құрылымдар әзірлеген барлық ақпараттық жүйеге тексеру жүргізу керек екенін шегелеп айтты.

– Олар қандай міндеттер орындайды, оларға кімнің қолы жетімді, қанша қаржы жұмсалды, азаматтар мен мемлекетке одан қандай пайда бар? Цифрландыру жөніндегі жұмыстардың басымдықтары нақты жүйеленуі керек. Мемлекет қызмет түрлерін алуды шынайы түрде жеңілдететін «Электронды үкімет» немесе жүргізушілердің жол жүру тәртібін күшейткен және жол ережелерінің бұзылуын тіркеуде адами факторды алмастырған «Сергек» сияқты жобалар болса, онда жөн. Сонымен қатар егер цифрландыру деген желеумен бюджеттен қаржы жұмсалып, кейін  ешкімге қажеті жоқ ресурстарға көрсетілген қызмет үшін біреулер миллиондап алатын болса, онда әңгіме басқа, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Кеден, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау салаларында да жемқорлыққа қатысты шикілікті ширатып алатын уақыт жетті. Президент атап өткен­дей, жауапты министрліктер  жемқорлықты жүйелі түрде жою жөнінде жоспар әзірлеуі қажет.

– Бұл жоспарды бірінші тоқ­санның қорытындысы бойынша мұқият пысықтап, ұсынуды тапсырамын. Барлық іс-шараны  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен келісу қажет. Құзырлы органдардағы бірінші басшылардың жұмысын жемқорлықпен күрес көрсеткіші арқылы да бағалайтын боламын, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет белгілейтін баға­ларды реттеуге қатысты да Президент мәселені өткір қойды. Тиісті уәкілетті органдар бағаны белгілеген кезде оның қаншалықты негізді екенін мұқият қарауы керек. Мұның астарында  экономикалық себептен бөлек, біреудің жымысқы әрекеті жатқан жоқ па  деген сауал туындайды.

– Мысалы, отандық өнім өндіру­шілер теміржол саласын жем­қорлық жайлағанын айтып, үнемі шағымданады. Кәсіпкерлер нақты бір нысанға апаратын темір­жолды пайдаланғаны үшін төлейтін ақының көлеміне байланысты наразылық білдіруде. Осыған орай, бір уақытта бірнеше өңірден – Қостанай, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола және Павлодар облыстарынан арыз түскен. Монополист компаниялар бағаны өз бетімен еселеп өсірген. Бұл халық тұтынатын тауарлардың бағасына бірден әсер етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы са­тып алулардың тұтас жүйесін қайта қарауды тапсырды. Жұмыс өнімді әрі сапалы болуы үшін мемлекеттік сатып алуларға беделі, тиісті техникасы, соғұрлым білікті жұмысшылары бар, салықты уақытылы төлейтін өндірушілер қа­тысуы керек. 

– Қазір сыбайлас жемқорлықты нақты жоюдың орнына, процесті бюрократияландыру жүріп жат­қанын көріп отырмыз. Тапсырысты орындаушыны таңдауға бірнеше ай кетеді, бірақ бәрібір сапа мен адалдық жетіспейді. Қолданыста бар нормативтік сүзгілерге қарамастан, қандай тендер болсын, оны кім жеңетіні көбіне белгілі болып тұрады. Мәселен, екі жылда «Қазавтожол» техникалық қадағалау қызметі 99 сатып алу конкурсын өткізген. Олардың тең жартысын үлестікке қатысы бары айқын төрт компания жеңіп алған. Ал елімізде аккредитациядан өткен екі мыңнан астам ұйым мен сертификатталған алты мыңнан астам сарапшы бар. Сондықтан халықаралық деңгейдегі компания­лардың мемлекеттік сатып алуларға сирек қатысатынына таңғалуға болмайды, – деді Президент.

Жасыратыны жоқ, мемлекеттік сатып алуларға байланысты ахуал өте күрделі. Енді ескі сарын, бір әуенге жол жоқ. Бәрі реттелуі, мемлекеттің қаржысы мақсатты түрде нақты іс жүзінде жұмсалуы тиіс. Үкімет сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және қаржы мониторингі органдарымен бірлесіп, мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын реттеу тәсілдерін, соның ішінде осы саладағы мем­лекеттік бақылау жүйесін түбе­гейлі өзгертуі қажет. Сонымен қатар Үкімет мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заңды түбегейлі жаңарту мәселесін қарастыруға тиіс.

Кедендегі көлеңкелі айналым

Кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салық және кеден саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою мәселелеріне арнайы тоқталды.

– Қытаймен өзара сауда-саттық туралы екі елдің статистикалық мәліметтері екі түрлі. Олардың ара­сында миллиардтаған доллар айырмашылық бар. Былтыр бұл көрсеткіш 5,7 миллиард долларға жетті. Мұндай үлкен айыр­машылық қалай пайда болғанын ешкім түсіндіріп бере алмайды. Ашығын айтқанда, бұл – контрабанда. Келеңсіздіктің бар екенін кәсіпкерлер де растап отыр. Сауалнамаға қарасақ, шетелмен сауда жасайтын адамдардың 90 пайызы жемқорлықпен бетпе-бет келген. Оның ішінде 45 пайызы кеденшілерге пара беруге мәжбүр болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысындағы үш көліктік бақылау бекетін  жемқорлық әбден жайлағанын  анықтады. Елімізде мұндай 49  бекет бар. Кеден және көліктік бақылау саласындағы пара­қорлық транзиттік әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен, келелі кеңесте көп жайттың басы осылай ашық айтылды. Бұл ретте халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейтуге ерекше мән беру қажеттігі де қалыс қалған жоқ. Ал, ең бастысы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ендігі ұстаным өзгермейді.

– Қоғамның басты талабының бірі – әділдік пен заң үстемдігін орнату.  Бұл жолдағы ең үлкен кедергі  сыбайлас жемқорлық екені сөзсіз.  Біз осы қоғамдық кеселді қалайда жеңуіміз керек. Бұған қатысты менің ұстанымым өзгермейді.

Жемқорлықпен батыл күресіп жүрген азаматтарға барынша қолдау көрсетемін. Бұған  еш күмән болмауы қажет. Ал, міндетін адал атқарғысы келмейтін адамдарға біздің қатарымызда орын жоқ.  

Олармен сөз де – басқа, жолымыз да – бөлек, – деді Президент.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің Қоғамдық кеңесінің мүшесі Марат Бәшімов қоғамдық бақылауды кеңейтуді және мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етуді ұсынды.

– Кадр мәселесінде адамның моральдық тұрғыдан таза болуы керек екеніне баса мән берілгенін қалаймын. Оның сыбайлас жемқорлыққа қандай да бір қатысы бар деген сыбыс мүлде болмауы қажет. Кейде қарайсың, оқисың: әкімдер әлдебір мемлекеттік сатып алуларды қайталайды, бір қыз­меттен екінші қызметке ауыса­ды. Мұны жұртшылық ауыр қабылдайды. Барлық мемлекеттік орган және жұртшылық әрдайым бірге күш жұмылдыра отырып, сыбайлас жемқорлықпен күресуге және өскелең ұрпақтың тәрбиесіне атсалысуға тиіс, – деді Марат Бәшімов.

Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындаған кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қорытынды анықтамасын міндетті түрде талап ету қажеттігін айтты. Жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашүкеев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрі Бағдат Мусин сөз сөйледі.

Қ.ӘБІШ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<