Тағдыр ма, бұйрық па?

1620

0

Сурет ашық дереккөзден

Қанша адам болса, сонша түрлі пікір, ұстаным, мінез-құлықтың болуы өмірдің жазылмаған заңдылығы. Қандай қоғам болса да, әлеуметтік жағдайдың сан алуандығы міндетті түрде ілесе жүреді. Бай мен кедей, бар мен жоқ, аш пен тоқ, жақсылық пен жамандық қияметке дейін жалғаса беретіні қасиетті кітаптарда да айтылған және біз мойындасақ та, мойындамасақ та өмірдің шырылдаған шындығы осы.

Тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдары телеарналардың бір бағдарламасында көшедегі жұртқа сұрау салынып жатты: «Совет заманына қалай қарайсыз? Ленинге қалай қарайсыз?» деп. Сонда бір үлкен кісі: «Ленин бай мен кедейді теңестірем деп өте үлкен қателік жасаған, өйткені кежегесі кейін тартып тұратын жалқау мен іскер, саналы мен санасыз, жөнге салуға көнбейтін надан мен зиялы, тағы сол сияқты жүздеген, мыңдаған қарама-қайшылықтар болған жерде адам баласы ешқашан теңеспейді. Әрине, заң жүйесін жетілдіріп және қатайтып демократиялық мемлекет құрса ақылға қонады, ал адамдар ешқашан теңеспейді, ол ақиқат. Он бес одақтас республика еркінше жүре бергенде, 1924 жылы тәуелсіздік алған Түркия, тағы басқа мемлекеттер сияқты оза шаппасақ та, дәл бүгінгідей тоқырауға түспес пе едік» деген. Бұл пікірмен біреу келісер, біреу келіспес, дегенмен сөз арасындағы бір «әттеген-айға» жарап қалатын сияқты.

Қожанасырдың баласы әкесінен: «Әке, неге осы адамдар ерсілі-қарсылы жүре береді?» деп сұраса, Қожекең: «Балам-ау, соны да білмейсің бе, егер адамдардың бәрі бірдей бір жаққа қарай жүретін болса, жер төңкеріліп кетпей ме» деген екен. Қожекең қалжыңдаса да, ақиқатын айтып отыр, пендеге ұнаса да, ұнамаса да, жер бетіндегі қарама-қарсылық тепе-теңдігінің сақталуы жалғаса бермек.

Ал жақсы, енді тағдырдың жазуына амал қанша, бай мен кедей қатар өмір кешсін. Бірақ, дәл бүгінгі заманда, жеріміздің асты мен үстіндегі енапат байлыққа есіміз кете таңғалумен келе жатқан біздің елде, байлардың шектен шыға байлыққа ие болып, ал кедейлердің, егер жұмыс табылған күннің өзінде соншалықты кедейлік қамыты иығын қаны шыққанша қажап, айлығы шайлығына жетпей жүруі де әділдік пе? Бір ағам айтқан, «қанағатшыл адам жейтін наны мен соны итеретін суы болса, соған да қанағат етеді» деп. Қанағат жақсы екені, «қанағаттың қарын тойғызатыны» рас, бірақ «әрекет түбі – берекет» екені одан да жақсы.

Өмірдің өзінен алған бір жайды айтайын деп едім. Мейлі адамдар бай, кедей, министр, арбакеш болып тағдыр талайына бұйырған кәсіппен ризық-несібесін тауып жүре берсін. Бірақ «менің маңдайыма Құдайдың жазып қойған тағдыры осы» деген пессимистік пиғылдан аулақ болу керек екен. Міндетті түрде, ақырындап болса да, өміріңді өзгертуге әрекет керек.

Тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдардың сананы бірыңғай тұрмыс билеп кеткен тоқырау дағдарысы кезінде, далада қалғандай болған бұрынғы Кеңес одағы азаматтарының тіршілік жасап, тамақ асырау мәселесі өте өзекті күйінде қалған еді. Жетпіс жыл бойы кеңестік құрсауда келген елдерде, әсіресе Орта Азия, соның ішінде біздің елімізде де ондаған, мүмкін жүздеген жаңа кәсіп түрі пайда болды. Солардың бірі арбакеш кәсібі еді. Бүгінде бұл кәсіп азайғанымен, ішінара әлі де бар.

Жас шамасы ізімді қуып жүрген кенттің екі тұрғынын білемін, екеуі де – арбакеш. Екеуінің тағдыры екі түрлі, екеуін де аздап бақылап, сөйлесіп те көргенмін, ширек ғасырдан артық танимын. Уәдесіне берік артық сөзге жоқ, ішімдіктен, өзге де жаман әдеттерден аулақ. Оларға өзімше мұндай мінездеме беруіме біреуімен күнделікті жұмысқа бара жатқан жолымда кездесіп, амандасып жүруім, ал екіншісінің ара-тұра «Газель» жүк көлігін пайдалануым себеп. Есімдерін сәл ғана өзгертіп алдым.

Ғасырлардың түйісер тұсына таман Сәтжан Қазалының орталық базарына ауылдан келген. Жасыратыны жоқ, ауылда өте қиын болды. Ол кезде ата-анасы әлі зейнетке шықпаған, үйдің үлкені өзі, тете екі інісі, екі қарындасы бар, бәрі де мектеп бітіргені болмаса, әрі қарай білім ала алмады, жұмыс жоқ. Мектеп бітірген жылы ақысына келісіп біреудің үйін бұзып беріп жатқанда, екі аяғы бірдей сынып әрең жазылған болатын. Сол көктем, күз айларында мазалайтын. Азын-аулақ мал бар еді, белгілі жағдаймен бәрі де кетті. Жаз айларында әкесі, бауырларымен бірігіп ауылдастары сияқты оны-мұны тірлік істеген болады. Олары қу құлқыннан, қыстың қамынан ауыспайды, қиын кез еді ғой.

Әрі-бері ойланып, бір жағы отбасының азғантай нәпақасына ортақтаспайын деп, кәсіп іздеп кенттің базарына келген. Аудан орталығына бұрын сирек келгесін әдепкіде сәл жатырқап жүрді де, біртіндеп үйренісе бастады. Алғашында азық-түлік әкелген көліктерді түсірісіп, бұйырған тірлікпен айналысып жүрді де, соңынан жүк таситын арбаны жалға алды. Осынысы дұрыс болған сияқты, күніге 1,5-2 мың теңгеге дейін тауып жүрді, сол кезде ол әжептәуір ақша болатын.

Одан да көп тапқан болар ма еді әттең, ауылдан келіп тұратын анасы, бауырларына қарасқан болады. Бір бөлме жалға алған, соған төлейді, аяғы мазалайды. Емделгісі-ақ келеді, оған «тіршілік етпесең аштан өлесің, ұрлық істесең сотталасың» деген сияқты ғой. Сөйтіп жүріп әлгі арбаны сатып алды. Табысы аздап еселенді, бірақ Құдай құрамайын десе, құралмайды екен-ау. Тірнектеп жиған тиынынан қарындасын ұзатуға жәрдем берді, үйленген інісіне көмектесті. Сынған аяғы мазасын алып, екі ай ауруханаға жатып шықты. Мүгедектіктің ең болмаса жеңіл түріне шыққысы келген, бірақ оған «анандай» керек екен. Оның өңешінен өткізіп жіберетін өгізді табу қолынан келмейтін сияқты. Белін буып, бетін жуып тірлікке қайта шықты.

Өзімен егіздің сыңарындай момын келіншекпен ешқандай атап өтпей-ақ, жай ғана бас қосты. Кенттің шетінде бір кәсіпкердің қараусыз тұрған ескі ғимараты бар еді, соның екі бөлмесін паналап он бес жыл тұрды. Ешкімге алақан жаймай, жоққа шүкір, барға қанағат етіп, арыз-шағымын арбасына ғана айтып, небір күндерді өткізіп келді. Балалы бола алмады. 2020 жылы «Харекет» қорының аудандағы өкілдігі арнайы тұрған жайларына іздеп келіп, жай-күйімен танысып, жаңадан салынып жатқан үйлерден шағын ауласы бар, суы, газы кіргізілген, үш бөлмелі үй алып берді. Сәтжан қазір жасы ұлғайса да, сұраныс азайып келе жатса да, арбакеш кәсібін әлі тастаған жоқ. «Жұмыс жоқ, мүгедектікке шыға алмадым, басқа болашақты көре алмай тұрмын, Алланың осынысына да шүкір» дейді ол.

Екінші жігіттің аты – Алмасбек, кенттің тұрғыны. Жас шамасы Сәтжанмен қатар. Жүргізуші болып автобазада жұмыс істеп жүрді де, тоқырауда мекеме тақырға отырып, тұтас ұжым далада қалды. Ерте үйленіп, бір баласымен бөлек шығып кеткен. Соншалық көп ойланған да, кейбір кірпияздар сияқты арланған да жоқ, арбасын сайлап алып арбакештің тірлігіне кірісіп кетті. Тоқсаныншы жылдардың соңында қызметін пайдаландым және кәсіпті қалай жасап жүргенін де көрдім. Бір күні қадағалаудың реті келіп қалды. Алмасбек тұтынушының жүгін таксиге дейін жеткізіп, жүксалғышын ашып тиеп берді де, арбасын жақын жердегі бағанға құлыптап, әлгі таксиді өзі жүргізіп кетті. Оның бұл әрекеті мені қызықтырды да, келесі бір кездескенде жағдайын сұрадым.

– Құдайға шүкір, – деді ол дем алып отырып. – Арба итеру алғашында қиын болғаны рас, қазір үйреніп кеттік қой. Осы кәсіптен күндіз-түні тынбай тірнектеп, ішкен-жегенімізден ауыстырып бес жылдан соң ескілеу көлік сатып алдым. Базардан алған тұтынушының затын таксиге дейін де, үйіне де өзім жеткіземін. Біраз жоспарларым бар, соларды іске асырғым келеді.

Алмасбектің арбакеш кәсібін қойғанына он жылдай болып қалды. Кенттің орталығына жақын сатып алған ескі үйдің орнына жаңа үй тұрғызды. Әйелі медбике болып жұмыс істейді. Екі қызын да оқытып жұмысқа тұрғызды, ұзатты, екі ұлын үйлендірді, немерелі болды. Жеңіл көлігі, екі «Газель» жүк және жолаушы көлігі бар. Жүк көлігін баласы, жолаушы көлігін өзі жүргізіп, ауылдарға, көрші аудандарға жолаушы және жүк тасымалдайды.

Алмасбектің жолаушылар көлігімен өзіміз де бірнеше рет түрлі жағдайлармен ауылдарға барып қайттық. Ал оның біз сияқты тұтынушылары жылдар бойы қалыптасып болған және аптаның демалыс күндері ғана емес, жай күндері де жолаушылар көлігіне де, жүк көлігіне де хабарласып жатады. Бір сөзбен айтқанда, тұрмысын түзеп алған.

Мысалға алған екі арбакеш інілерімнің адамгершілік ұстамдылықтарында ұқсастық болғанымен, тағдырлары да, мінез-құлқы да, ынта-жігер ұмтылыстары да әртүрлі екенін байқадым. Бірақ кейде мың жерден тауды жарып, тасты қопарғаныңмен бұйырғаннан артық ештеңе болмайтыны да рас-ау.

 Әлімжан Қияс.

 Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<