Гүлшара Әбдіқалықова: «Күшейтілген тәртіппен жұмыс істеу керек»

1486

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен селекторлық режимде Арал, Қармақшы, Қазалы, Жалағаш аудандары мен Байқоңыр қаласындағы эпидемиологиялық ахуалға қатысты мәжіліс өтті.


Мәжілісте Арал ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев індеттің алдын алу және таралуын болдырмау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.


Қазіргі таңда аудан бойынша 115 адам COVID-19 ауруын жұқтырғаны анықталып, оның 105-і жазылып шықса, 10 адам жұқпалы аурулар бөлімшесінде ем алуда. Жалпы 26 маусымнан бастап ауданда пневмониямен ауырғандар саны 746 адамға жетті.


Оның ішінде провизорлық режимде 214 адам ем алып, 100 адам жазылып шықты.


Бұдан бөлек, үй жағдайында 532 адам ем алып, оның 338-і айықты. Қалған 194 адам әлі де үйден ем қабылдауда. Барлық науқастарды дәрігерлік емханалар қатаң бақылауға алған.


Сонымен қатар, қажеттілік туындаған жағдайда Арал қаласында орналасқан А.Байтұрсынов ауылдық емханасынан 120 орындық, Жақ­сықылыш кентіндегі емхана ғимаратынан 25 орындық провизорлық қосымша орта­лық­тар ашу жоспарлануда. Ор­талықтар «Қамбаш» олим­пиадалар және қосымша білім беру орталығы базасынан (120 орындық) және Арал қаласындағы аудандық мәдениет үйінен (35 орындық) ашылатын болады. Барлығы 300 орынға шақталған ғимарат­тарды жөндеу, бейімдеу жұ­мыстары жүргізілуде.

Ауданда өкпені жасанды жел­дететін 7 құрылғы (ИВЛ), 15 кислородты редуктор бар. Күн­делікті 15-20 баллон пайдаланылуда.


Алдағы уақытқа 200 орынға төсек-жайма, қосымша 20 дана кислородты концентратор мен бірінші кезектегі керек зат­тарға «Аралтұз» акционерлік қо­ғамына 54 млн 500 мың тең­геге демеушілік сұраныс берілді. Арал ауданы бойынша 20 мобильді топ бар.
Облыс әкімі аудан әкіміне күшейтілген режимде жұмыс жа­сауды, дәрі-дәрмек, қажетті аппараттардың жетіспеушілігін алдын алуды және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысына аудандағы жағдайды назарды ұстауды тапсырды.


– Дәріханаларда дәрі-дәрмек қоры уақытылы толықтырылып отыру керек. Ауылдардағы жағ­дай назардан тыс қалмасын. Ол жерлерде де қосымша про­визорлық орталықтар ашуды қарас­тырыңыздар. Жалпы инфекциялық стационарды көбейтіңіздер. От­тегі концентраторларында да тапшылық болмасын. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан медицина мекемелерінде жұмыс жасайтын қызметкерлерге жағдай жасалсын. Жалақы мәселесі мүлдем туындамау керек. Қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етіңіздер, – деді облыс әкімі.


Селекторлық мәжілісте Қар­мақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков пен ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы Жасұлан Абатов атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Қармақшы ауданында 103 жағдай тіркелді. Оның 95-і емделіп шықты. Қалған 8 адамның 4-уі инфекциялық стационарда, 4-уі үй жағдайында емделуде.


Пневмония диагнозымен 349 науқас тіркелген. Оның 223-і жазылды. Қалған 126 сырқаттың 98-і провизорлық стационарда ем қабылдаса, 28-інде жеңіл түрі болғандықтан үйде ем қабылдауда.


Қармақшы ауданы мен Байқоңыр қаласындағы медициналық ұйым­дарда 5 рентген, 11 өкпені жасанды желдету аппараты (ИВЛ), 18 оттегі концентраты, 110 оттегі баллоны бар. Мұнымен қоса, Қармақшы ауданына демеушілік есебінен 5 оттегі концентраты, ал, Байқоңыр қаласына 2 өкпені жасанды желдету аппараты (ИВЛ) мен 5 оттегі концентраты жеткізіледі деп жоспарлануда.


Қармақшы ауданы мен Байқоңыр қаласында 30 инфек­циялық, 220 провизорлық стационар ұйымдастырылған. Қажеттілік туындаса қосымша Қармақшы ауданында 50 орындық, Байқоңыр кешенінде 50 орындық провизорлық стационар ашылады.


Жиында облыс әкімі ауданда провизорлық, инфекциялық стацио­нарларды көбейтіп, індетке қарсы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.


– Пневмония мен коронавирус індеті өршіп тұр. Тұр­ғын­­дар­дың денсаулығын сақ­тау үшін дәрілік заттардың, ап­па­рат­тардың жеткілікті болуын қатаң бақылауға алыңыздар. Про­визорлық, инфекциялық стацио­нарлардың санын көбейту керек. Жергілікті дәрігерлердің Байқоңыр қаласындағы Ресей Федерациясының білікті мамандарымен тәжірибе алмасуына жағдай жасалсын. Медицина мекемелерін қажетті заттармен, қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіңіздер. Денсаулық сақтау басқармасы жалпы облыс бойынша қосымша дәрігерлердің резервтік тобын жасақтап қойсын. Сақтық шараларын ұстануға шақыратын ақпараттандыру жұмыстарын күшейту керек, – деді облыс әкімі.


Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев COVID-19 инфекциясымен ауданда 78 науқас тіркелгенін айтты. Олардың 8-і инфекциялық бөлімінде ем алып жатса, 26-сы жеңіл түрі болғандықтан үй карантинінде. Ал, 44 науқас індеттен толық айыққан.
Пневмония диагнозы бойынша 59 науқас тіркелген. Оның 43-і ауданаралық ауруханада, 16-сы теміржол ауруханасында ем алуда. Кислород тапшылығын болдырмау үшін медицина мекемелеріне 400 дана оттегі толтырылған баллон берілді. Жергілікті ауруханаларға аудандық бюджеттен қосымша 5 дана оттегі концентраторы сатып алынды. Бұған қоса кәсіпкерлер мен ынталы топтар арқылы қосымша 10 дана оттегі концентраторын алу жос­парлануда.
Инфекция жұқтырған науқастар Қазалы ауданаралық ауруханасы мен Қазалы теміржол ауруханасында емделуде.


Аудандық ауруханадағы 70 орындық провизорлық стационарда 40 науқас бар. Ал, Қазалы теміржол ауруханасының 20 төсектік провизорлық стационарының толуына орай жанындағы бұрынғы перзентхана ғимаратын 50 орындық провизорлық стационарға бейімдеу мүмкіндігі қарастырылмақ. Эпиде­мио­логиялық ахуал күр­де­лене түскен жағдайда Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің жатақханасы 35 орындық прови­зорлық стационарға бейімделеді.
Сұранысқа сәйкес ауданда жылжымалы дәріхана тәжірибесі қолданылып, қажетті дәрі қоры жасақталып, тұрғындарға жеткізу ұйымдастырылуда.


Жиында облыс әкімі аудан орталығынан қашық орналасқан елді мекендерді жедел жәрдем қызметімен толық қамтамасыз етуді қатаң тапсырды.


– Бүгінде алыс ауылдарда жедел-жәрдем қызметінің жеткіліксіздігі байқалуда. Осыған орай, барлық елді мекендерді назардан тыс қалдырмаңыздар. Ол жақта да санитарлық талаптардың қатаң сақталуын жіті бақылауға алған жөн. Аудандағы провизорлық стационарлардың қатарын көбейтіп, дәрі-дәрмек қорын қадағалау қажет. Сонымен қатар, жерлеу рәсімдерінде карантиндік талаптарды күшейтуді қатаң тапсырамын. Рәсімге 1 дәрігердің қатысуын қамтамасыз етіңіздер,– деді облыс әкімі.


Сондай-ақ, аймақ басшысы ауру­ханаларға қажетті оттегі концентраторын алдыру мәселесін жан-жақты шешуді қатаң тапсырды.
Жалағаш ауданының әкімі Асылбек Шәменов індеттің алдын алу және таралуын болдырмаудағы жұмыстар ретін айтты.


Ауданда коронавирус инфекциясымен 92 науқас тіркеліп отыр, 63 науқас емделген. Ал, пневмония диагнозымен 129 адам тіркеліп, 65 науқас жазылып шықты.


Індетпен күресті жүйелі жүргізу үшін Мәдениет ауылдық ауруханасынан провизорлық және КВИ стационарлар ашылған. 20 орынға арналған аурухананың төсек қоры ұлғайып, 105-ке жеткізілді. Жалпы аудан бойынша 235 төсек қоры бар. Провизорлық стационарларды әлі де көбейту үшін аудандағы мектеп ғимараттарын пайдалану шешімін тапты. Қажет болған жағдайда Жалағаш кентіндегі №246 орта мектеп ғимаратынан 80 адамға, «Ақтерек» сауықтыру лагерінен 50 адамға және Аққұм ауылдық ауруханасынан 20 адамға арналған провизорлық стационарлар пайдалануға беріледі.


Ауданда медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және науқастардың тұрақты ем алуы үшін 4 мектептен емшара бөлмелері ашылып, халыққа қызмет етуде. Қазіргі күні өкпені жасанды желдететін 4 аппарат жұмыс істеп тұр. 5 оттегі концентраты, 40 оттегі баллоны алынған. Сондай-ақ, ауданда 100 төсектік аудандық аурухана құрылысы басталған. Былтыр республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек.


Мәжілісте аймақ басшысы аудан әкіміне дәріханалар мен ауруханаларға қажетті дәрі қорын бірнеше айға толықтыруды және дистрибьюторлармен келісімге келіп, халыққа аса қажет дәрілерді уақытылы жеткізуді тапсырды. Сонымен қатар, стационарларды көбейтуді және ақпараттандыру жұмыстарын күшейтуді жүктеді.


– Қажет болған жағдайда инфекциялық, провизорлық стационарлар жеткілікті болу керек. Алыс елді мекендерде көмек көрсетуге мобильді топтардың санын көбейттік. Енді сапалы жұмыс жасаңыздар. Халықтың өзін-өзі оқшаулап, сақтық шараларын ұстануға насихаттайтын ақ­параттандыру жұмыстарын кү­­шейтіңіздер. Әсіресе жерлеу рәсімдерінде адам көп жина­лады. Сол себепті бір медицина қызметкерін бақылауға жіберіңіздер, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<