Мемлекеттік күзет – абыройлы міндет

1737

0

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырдағы  «Қазақстан Респуб­ли­касының азаматтарын әскери қызметке ша­­қыртуды ұйымдастыру мен жүргізу қағи­даларын бекіту туралы» қаулысының негізінде еліміздің барлық өңірлерінде жылына екі рет ер азаматтарды әскерге шақырту науқаны жүргізіледі.
Биылғы жылы қыркүйек және қазан айы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің «Айбын» және «Батыр» Президенттік полктерінде әскери борышын өтеуге ниетті үміткерлерді іріктеу жұмыстары жүргізіледі.
Бұл Президенттік полктерінде еліміздің ең үздік әскери қызметшілері әскери міндеттерін атқарады. ҚР Мемлекеттік күзет қызметі ҚР ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету күштеріне жататын, ҚР күзетілетін адамдар мен объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін арнаулы мемлекеттік орган болғандықтан қызметтің бұл құрылымдық бөліністеріне іріктеу қатаң талаптарға сай жүргізіледі.
Жедел әскери қызметке шақырту науқаны және оған дайындалу процесі үзіліссіз жүр­гізілетін шара. Шақырту учаскелеріне бекі­тілген сәттен бастап, әскерге шақырылуына дейінгі мерзімде ҚР Мемлекеттік күзет қызме­тінің қызметкерлері мен әскери қызметшілері жергілікті басқару органдарымен бірлесе отырып, әскерге шақыртуға жататын қазақстан­дықтардың арасында жүйелі түрде тексеру мен зерттеу шараларын жүргізеді. ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің офицерлері облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттерге барып, талап бойынша бойы 180 см кем емес әскерге шақырылушының оқу және қызмет орындарынан мінездемелерін, араласу ортасын, бейімділігі мен қызығушылықтарын анықтап, оның психологиялық бет-бейнесімен қатар, медициналық көрсеткіштерін зерде­лейді. Іріктеу барысында бекітілген ереже-талаптарға сәйкес, ең бастысы, Отанға деген шексіз адалдығымен, шыншылдығымен, оқыс жағдайларда жалғыз әрі нақты шешім қабылдай білу қабілетімен, төзімділігімен әрі зеректігімен ерекшеленген бозбалаларға басымдылық бе­рілетіні сөзсіз. Сондай-ақ, спорттық және өзге де салалардағы елеулі жетістіктері ескеріледі.
Президенттік полк қатарында әскери борышын өтеуге ниет білдірген ер-азаматтарды іріктеу барысында олардың білімі, яғни интеллектуалдық деңгейіне басты назар аударылады. Себебі, олардың білім деңгейі әскери қызметті сапалы өткерудегі, әрі қызмет сатысымен жоғарылаудағы өте маңызды фактор.
Шақырту комиссиясының тиісті барлық іс-шараларынан кейін еліміздің әр өңірінен арнайы іріктеуден өткен бозбалалар тереңдетілген медициналық тексеріске және психологиялық тестілеуге жолданады. Одан кейін барып, мандаттық комиссияның қорытындысы бойынша ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің қатарына қосу жөнінде шешім қабылданады.
Әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыз­дандыру мәселесі әрдайым Қызмет басшы­лығының жіті назарында. Іріктелініп алынған жас сарбаздар әскери бөлімшелерге келген бетте жаңа әрі ыңғайлы үлгілі киіммен, өзге де қажеттіліктермен жабдықталады. Мә­се­лен, заманауи казармалық ғимараттар, күн­де­лікті қажеттіліктерді өтейтін арнайы бөл­мелер, монша мен кір жуу кешені, жеке тәрбие жүргізу, ойын-сауық бөлмелері де қарас­тырылған.  Сондай-ақ, жаңа толымдауды қабылдауға арналған бекеттер ескерілген. Оның құрамындағы қызметтің білікті де білімді офицерлері жас сарбаздарға жаңа ортада бейімделуде көмек көрсетіп, әскери кәсіптің қыр-сырын меңгеруде бағыт-бағдар береді.
Ант қабылдау рәсімінен кейін жас сарбаздар ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Алматы және Астана қалаларында орналасқан әскери бөлімшелерге жіберіледі. Бұл жерде оларға аса маңызды тапсырма – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ел­басының және өзге күзетілетін лауазымды адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүктеледі. Ресми сапармен Қазақстанға келген мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін церимониалды іс-шараларға қатысып, Мемлекеттік Ту мен Елтаңба эталондарын күзетке алады.  
Осындай жауапты қызметті мінсіз атқару үшін қызметте әскери қызметшілердің жауын­герлік дайындығына да үлкен көңіл бөлінеді. Дайындық барысында жас сарбаздар парашютпен секіру, әртүрлі жағдайда, соның ішін­де су мен құрлықта әскери техниканы тізгін­деуді үйреніп, тағы да басқа көптеген әскери жаттығуларды меңгереді. Айта кетерлігі, спорттық жетістіктері бар жас сарбаздар түрлі деңгейдегі, соның ішінде әлемдік ареналарда өтетін жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады.
ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің тағы да бірден-бір ерекшелігі – жас сарбаздарға әскери борышын Құрмет қарауыл ротасында өтеуге мүмкіндік береді. Елімізде тек осы құрылымға ғана Мемлекеттік протоколды атқару жүктел­ген.
Әскердегі қызмет кешегі бозбалалардан хал­қына адал, айбынды ер-азаматтарды тәр­бие­леп шығарады. Әскери тұрмыс – олардың өмірге деген көзқарасын қалыптастырып, болашаққа бағыт-бағдар беретін, тәлімі мен тәрбиесі мол орта.
Олар – батылдық пен жігерлікті, қажыр-қайратты, ерлік пен елдікті, ең бастысы, халқы мен Елбасына деген адалдық қасиеттерін бойына жинаған еліміздің қорғандары – айбынды сарбаздарымыз.

ҚР Мемлекеттіккүзет қызметі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<