Мәжіліс депутаты көлігімен «Қызылорда-Жезқазған» жолымен қалай жүргенін айтты

331

0

Мәжіліс депутаты көлігімен «Қызылорда-Жезқазған» жолымен қалай жүргенін айтты Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» фракциясы жанындағы көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі комиссияның отырысында депутат Геннадий Шиповских жеке көлігімен «Қызылорда-Жезқазған» жолымен қалай жүргенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«25 тамыз күні Қызылордадан Астанаға өзімнің жеке автокөлігіммен жолға шықтым. Осы екі қаланың арақашықтығы 1 100 шақырымды құрайды.  Соның ішінде Қызылорда қаласынан Жезқазғанға дейін 8 сағат жүрдім. Жалпы, Астанаға дейін 15 сағатта келдім, бірақ «Қызылорда-Жезқазған» учаскесіндегі 420 шақырымды жүріп өтуге көп уақыт кетті. 420 шақырымның 250 шақырымы өте апатты жағдайда. Бұл жолмен көліктер сағатына 40-50 шақырым жылдамдықпен жүреді. Жол бойында 4-5 көліктің істен шығып қалғанына куәгер болдым, осы автокөліктер күрделі жөндеуге тап болды», – деді депутат.
Оның пайымынша, «Қызылорда-Жезқазған» жолының құрылысына ерекше мән беру керек.
«Бұл жолмен жүретін жүргізушілер зардап шегіп жатыр. Сайлаушылармен кездескен кезде, аталған жолдың проблемасы үнемі көтеріледі»,- деді Геннадий Шиповских.
Өз кезегінде ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков бүгінде «Қызылорда-Жезқазған» жолын қайта салу мәселесі өзекті екенін атап өтті.
Келесі жылға аталған жолдың құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжатнаманы әзірлеу үшін бюджетте тиісті қаржы қарастырылған.
Бұдан бұрын хабарланғандай,  жақында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Қызылорда-Жезқазған» жолының құрылысына ірі халықаралық қаржы институттар қызығушылық танытып отырғанын айтқан болатын.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<