Орта тап деген кімдер?

2982

0

Марксизм-Ленинизм ілімі капитализм дүниесін капиталистер мен жұмысшылардың, яғни жоғарғы тап пен төменгі таптың қоғамы деп үйретті.  Жоғарғы тапты Карл Маркс үстем тап, қанаушы тап, төменгі тапты қаналушы тап деп құйқылжытты. «Қанаушы, қаналушы» деген сөздің кедейлерге еш ұнамайтынын, осы сөзді айтса жыны қозып кететінін жақсы білген Карл Маркс қасақана солай атаған. Ал қай қоғамның да жетекшісі болған орта тап туралы жұмған аузын ашпапты.

Еліміз нарықтық экономика жолына түскен тоқсаныншы жылдардың басында біз білетін осы екі таптың арасынан орта тапты қалыптастыру маңызды екені жиі сөз болатын. Орта тап деген, өзін өзі толық қамтамасыз ететін, үкіметке алақан жаймайтын, жылап-еңіреп жәрдем сұрамайтын, қайта мемлекетке салық төлеп тұратын шағын және орта бизнес өкілдері деп түсіндірілді. Халық елімізде ауқатты адамдардың көбейгенін шынымен қалады. Бірақ орта тапты кімдер құрайды дегенге мән бере қоймады. Меншік иесі болып, әжептәуір қаржы жинап, қор жиғандар шығар деп шамалады. Осы орта таптан зауыт-фабрика иелері өсіп шығады, былайғы жұрт сол өндіріс орындарында жұмыс істеп, алаңсыз өмір сүреді деп үміттенді. Осы зауыт-фабрикалардың арқасында экспорт көбеймесе де, импорт азаяды деп сенді. Бірақ мәселе біз ойлағандай болмады.

Менің мектепте нашар оқыған бір ағам әуелі бір дүкен, одан соң екінші дүкен, сосын үшінші дүкенін ашты. Байыды. Өзі ғана. Өзі ғана емес, сататыны кіл қытай заты, Қытайды да байытты. Кейін ол дүкенді қойып, базар ашты. Ресторан ашты. Ақшаның астында қалды. Ақшаны қайда жұмсарын білмеді. Екі-үш тоқал алды. Күнде той, күнде думан, ішу болды. Ақшасы қанша көп болса да зауыт ашайын, фабрика ашайын деген ой болмады. Бала кезінен білем, оның зауыт-фабриканы ойлайтын басы да жоқ еді.

Иә ол өзін-өзі толық қамтамасыз етті, үкіметке алақан жаймады, жылап-еңіреп жәрдем сұрамады, қайта мемлекетке салық төлеп тұрды.

Өзін-өзі толық қамтамасыз ететін осындай орта тап, қарап тұрсам бізде баршылық екен. Алайда осы меншік иесіне айналған орта таптан суырылып шығып, зауыт-фабрика иесі атанған, отандық бұйым жасап, қазақстандық бренд қалыптастырған, сөйтіп импортқа тосқауыл қойған, жұмыс орнын ашқан, сөйтіп жұртты да жарылқап, өзі де миллионер болған адамды көрмедік.

Қазір шағын және орта бизнеспен айналысатындар қанша процент екенін қайдам, бірақ дүкен, базар ашып Қытайдың импорт тауарын сатқан анау ағам сияқтылар 50-60 процент түгілі, 100 процент болса да металл мен мұнай экспортына тәуелділіктен құтылмасымыз бесенеден белгілі болды, қоғамда тұрақтылық орнай қояды деген дәмеміз де желге ұшты.

Шын мәнінде қоғамды алға сүйрейтін өлшем ол емес болып шықты. Қоғамды алға сүйрейтін ғылым-білім иелері ғалымдар, дарынды адамдар екені ескерілмеді. Осы қате түсінік отаншылдық рухты түлетуден гөрі ақшаның үстемдігін арттырып жіберген жайы бар. Ақшаның үстемдігі жемқорлыққа жол салды. Жемқорлық ой еңбегіне сүйеніп адал ақша табу ниетін тұншықтырып, бармақ басты, көз қысты сыбайласу арқылы арам ақша табу пиғылын үдетті. Халық соған тәрбиеленді.

Сондықтан дүкен, базар, ресторан ашудан әріге бара алмайтындарды орта тапқа жатқызуға болмайды. Орта тап деген – байдан кедейлеу, кедейден байлау адамдар емес, орта тап деген – өмірді жақсы жағына өзгертуге қабілетті ғылыммен айналысатын дарынды шығармашылық адамдары. Олар – экономикада да, технологияда да, ғылымда да, мәдениетте де, әдебиетте де жол көрсете алатындар. Жоғарғы тап пен төменгі тапты байланыстыратын білімдарлар. Бұлай айту да дәл емес, орта тап деген – халықты қаржылық жағынан да, діни наным-сенім жағынан да қақ жарылып, бір-біріне қарсы тұрудан сақтайтын, екеуін жымдастырып дамуға жетелейтін әлеуметтік, рухани күш.

Дарындылық, білімділік баға жетпес капитал екеніне ешкім дауласа қоймас. Міне, осы интеллектуал адамдар тобынан тұратын орта тап тұрақты әрі қомақты табысқа ие болып, ой еңбегімен алаңсыз айналысқаны қоғамға пайда.

Осыған дейінгі орта тапқа деген қате түсінік ақша капиталын ғылым-білім капиталынан үстем етіп жіберді. Еліміздегі ғылым саласы, рухани шығармашылық әлеуеті осы отыз жылда адам айтқысыз құлдырауға ұшырағаны содан. Дарынды, білімді адамдардың жаңа технология жасайтыны, ұлттың рухын көтеретін құндылық тудыратыны ескерілмеді. Ой еңбегімен шұғылданатындар құрауға тиіс орта тап қоғамда шешуші күшке ие еді. Міне, осы жаңа қоғамға қажетті интеллектуалды еңбекке негізделген орта тап идеологиясы болмағандықтан, керісінше идеологияны терістейтін түсінік (байдан кедейлеу, кедейден байлау деген) қалыптасып қалғандықтан, дарындылар дарынсыздардың тасасында қалып қойды. 

Орта тап – ой еңбегімен айналысатын шығармашылық адамдары көтерілсе эволюция болады. Заң шығарушы Парламент депутаттары мен мемлекеттік қызметкерлердің осы жаңа орта таптан көбірек шыққаны қоғамға тек пайда әкелмек.

Сондықтан мемлекеттің дарынды, білімді адамдарға деген көзқарасы айрықша болуы тиіс. Бірақ бізде осыған дейін олай болмады, отандық ғылым мен қоғам тынысын тамыршыдай тап басатын шығармашылық күш қолдан тұншықтырылды. Ой еңбегімен қаржы табу мүмкіндігі шектелді. Олардың білім капиталына қаржылық капиталы сай болмады. Сол себепті дарынды ғылым адамдары шетелге кете бастады, кете алмағандары кез келген ақша төлейтін бөгде жұмыстарға жегілді. Талантты қаламгер халтурщикке кітап жазуға жалданды. Сарай ақынына айналды.

Ендігі жерде қоғамды алға сүйрейтін интеллектуалға негізделген жаңа орта тапты қалыптастыру бағытымызды айқындай түссе керек.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,

жазушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<