Отбасы – тәрбие мектебі

1968

0

Ұлттық құндылықтардың бастауы отбасы екені анық. Әке – тірегі, қамқоршысы болса, ана – береке-бірлігі, үйдің ұйтқысы. Бақытын баладан іздейтін қазақ «не ексе соны оратынын» да жақсы түсіне білген. Сондықтан да болар халқымыз ұрпағын «ұят болады», «обал болады», «жаман болады» деген үш ауыз сөзбен-ақ тәрбиелеген. Десе де, заман өзгеріп, оның талабы жаңашылдыққа ұласқан сайын ұлттық тәрбие, қазақи әдебіміз бен құндылықтарымыз шеткері қалып баражатқандай. Отбасылық, ағайындық, туыстық қарым-қатынастарды үйрететін жазылмаған қағидаларға, тәрбиенің үлкен мектебіне де сызат түсіп бара ма, қалай?

«Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без» деп үлкеннің алдына түсіп сөйлейтін жастарымызды тыйып-жиып отырғанының өзі тәрбие бастауы еді. Ал қазір бесіктен белі шықпай жатып, ата-анасының бетінен алатын, қарсы сөйлеп, дөрекілік көрсететін, психологтардың сөзімен айтсақ өте агрессивті мінез-құлықтағы ұрпақ өсіп келеді. Ұяты бетіне төгіліп тұратын бойжеткен мен қайсар мінезді  жігіттердің  сүйсінер қылығы азайып бара жатқандай-ақ. Мұның барлығын заман ағымына теліп немесе шетелдің еркіндігіне еліктегендіктен деп бүркемелегенмен, оның арғы себептерін зерттеп жатқан ешкім жоқ. «Қазіргі балаларды тәк-тәк емес, тик-ток тәрбиелеп жатыр» деген сенатор Нұртөре Жүсіптің  сөзінің жаны бар. «Бесік жырын айтпайтын аналардың көбейгенінен қорқамын» деп Бауыржан Момышұлының ұрпақ тәрбиесіне алаңдауы бекер емес секілді.

«Қазақтың ұлттық тәрбиесінің айнасындай халықтық педагогика мұралары – тұнып тұрған даналық пен ақылдың кені. Ақылгөй абыз бабаларымыз көз көріп, көңіл қаныққан өмір сабақтарын екі ауыз сөздің аясына сыйғызып, түйінді оймен қалдырып кеткен. Тек соны көретін қырағы көз, ұғатын сарабдал сана керек», – дейді ҚР Білім беру ісінің үздігі, сала ардагері Ерденбек Мұқанов.

– Ата-бабаларымыздан бас­тау алып, сан ғасырлар бойы адамгершілік пен ізгілікті дәріп­теген қазақтың ұлттық  дәстүрлері келешек ұрпақ үшін де рухани азық болу керек. Себебі шынайы шындық пен иманға негізделген құндылықтар ешуақытта құнын жоймай, жасампаз бола береді.

Ол үшін рухани бұлақтың біте­ліп қалуына  жол  бермей, «қолы­мызды мезгілінен кеш сермемей», ұрпақ­тарымызды сол бұлақ суынан қанып ішуге жағдай жасаған жөн. Өйткені, қазіргі ұрпақты телефон, теледидар тәрбиелеуде. Баласы жыласа болды қолына ұялы телефонды ұстата салады. «Қарны тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деп Абай айтпақшы, жастардың бос уақыты көп. Олар жастық күш-жігерін білімге, пайдалы іске арнаудың орнына, жаман әдеттерге бой алдырып жатады.

Ол үшін бұрын­ғыдай мықты идеология керек. Мектеп жасындағы баладан бастап бос уақыты болмайтындай жүйелі жұмыстар жасалған дұрыс. Сонымен бірге ата-анасы да отбасы шаруашылықтарына араластырып, көбірек тапсырма беріп, олардың зерікпеуіне ықпал етуі тиіс. Кешегі қаңтар оқиғасында  арандатуға еріп шыққан жастар оң-солын да танып үлгермеген. Солар өмірдің ашысы мен тұщысын көрді деймісіз? Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аналары базар жағалап кетті. Жұмысынан айрылған әкелер ішкілікке салынды. Отбасындағы әйел мен ер адамның міндетінің орны ауысып кетті. Қоғамда ажырасқандар көбейді. Сол кездің әйелдері тәрбие мәселесімен емес, қалай отбасымды асыраймын деп басы қатты. Ал мектептерде бұрынғы үйірмелер саны қысқарды. Білікті мұғалімдер айлықтың мардымсыздығынан өзге салаға ауысты. Білім беру мекемелерінде ер адамдардың  аздығы да тәрбие мәселесінің ақсауына әсер етті. Үйде, мектепте балаға ты­йым болмады.

Міне, осындай кезеңдерде бала назардан тыс қалды. Таңертеңнен қара кешке дейін жұмыста жүрген ата-ана оның бойына ұлттық тәрбиені қайдан сіңіреді? Кешегі көшеге шыққан жастардың бұзақы іс-әрекетке баруына бір ғана фактор әсер етті дей алмаймыз. Қоғамдағы орын алған әрбір оқиғаға барлығымыз жауаптымыз. Тек бір ғана әлеуметтік жағдайды желеу етуге болмас. Оған отбасындағы, мектептегі алған тәрбиесі, қала берді бүгінгі қоғам, жүйенің де ықпалы бар. Ал қоғамдағы келеңсіздіктің шешімін халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов жақсы түсін­дірген екен. «Мен ұят деген сөзді өте жоғары бағалаймын. Ұят дегенді ұлы күш деп ойлаймын. Ұяты жоқтан үміт күтпеймін. Ұры-қары, қарақ­шы, қаныпезерлер ұяты жоқтан шығады» деп жақсы айтады. Ел боламын десең, бесігіңді түзе демей ме? Сондықтан бала тәрбиесіне мұқият болып, кішкентайынан ешкімге қиянат жасамауды, кісінің ақысын жемеуді, адал болуды, ар-ұятты болуды жақсылап үйрету керек. Адал, арлы болуды санасына сіңіріп өскен бала ешқашан ұрлыққа, опасыздыққа бармайды. Оны өзімізден бастауымыз керек. Күнделікті жүріс-тұрысымыз, әде­біміз түзелсе қоғам да жақсы жағына қарай дұрысталады,– дейді білім саласының ардагері.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бабаларымыз текке айтпаған. Ананың сүтімен, әкенің қанымен бойға сіңген қасиет жеткіншектің алдағы өмі­рінің бағдаршамындай бо­лады. Атасы мен әжесінің «айна­лайынынан» нәр алып, әкесі мен анасының мейірімін сезініп  жетілген баланың иманды, көргенді, көпшіл  болып өсетіні анық.

Әйел  –  табиғатынан  адал­дыққа, кірпияздыққа бейім және мейірімнің бұлағы. Ол – осындай ізгі қасиеттерімен тектіліктің, ізгіліктің үлгісі, сондықтан әйелдерге қойылатын талап қашан да жоғары. «Алып анадан, арғымақ биеден туады» дейді халқымыз. Бала тәрбиесіндегі әкенің орны қашанда жоғары. Дегенмен жасөспірімнің өсіп-қалыптасуында ананың атқаратын міндеті зор. Тіпті әкесінің кемшіліктерін де балаларына білдірмей, оны мінсіз тұлға етіп, жаманын жасырып, жақсысын асырып көрсету арқылы тамаша ұрпақ тәрбиелеген қазақтың айтулы аналарының парасаттылығына тәнті боласың.

Бұл орайда «Күміс алқа» иегері Айсұлу Талғатқызы отбасында ер мен әйелдің ауызбірлігі болып, бала тәрбиесіне теңдей жауапкершілікпен қараса жүгенсіз ұрпақ болмас еді деп есептейді.

– «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деп қазақ текке айтпайды, өйткені бүгінгі ару – ертеңгі  ана. Әйел-ана  жақсы болса, бір әулеттің шамшырағы, жаман болса қа­сіреті. Ағайынның арасын жақын­датып, ерінің мерейін үстем етіп жүретін әйелдің ұялтпайтын ұрпақ тәрбиелейтіні де шүбәсіз. Әрине ұл бала тәрбиесінде алдымен әкенің сұсы, оның мысы керек. Біздің отбасымызда үш ұл, үш қыз бала өсіп келеді. Үй шаруасында қыздарым – қолғанатым, ал ұлдар болса әкесіне жақын. Олардың барлығын да мектеп жасына келгенде үй тірлігіне араластырып, еңбекке баулимыз. Жасына сай атқаратын жұмыстарын бөліп береміз. Бір айлық табысымыз күнделікті ішіп-жеуден артылмайды. Сондықтан үйден түшпара түйіп, дүкендерге өткіземін. Бұл істе маған балаларым қолғабыс етіп, жолдасым қолдау білдіреді. Ешкімге балаларымды міндет етіп, қолымды жайған емеспін. Балалардың еңбекке үйренуіне бір жағы себеп болса, екіншіден олар сол еңбектің наны да тәтті болатынын осы кезден ұғынып келеді. Еңбекке шыңдалған бала, ертең өз күнін өзі көруге дағдыланады. Есесіне, алақан жаймайтын, өзіне сенімді кәсіп иесіне айналады, –  дейді көпбалалы ана.

Аналарынан алған тәлім-тәрбиені, ұлттық өнегені өз балаларына, немерелеріне үй­ретіп, дәстүрді сабақтастыру арқылы алтын көпір болу – әрбір қазақ әйелінің міндеті. «Көретін қызығым, жейтін жемісім, атар таңым – сендер» деген ананың үкілі үмітін арқалаған перзенттің бөтен ойы, жаман пиғылы болуы мүмкін емес. Әкенің қабағынан қаймығып өскен ұлдан басбұзар, сотқар, безбүйрек шығуы да екіталай. Сондықтан, ата-баба­мыздың осы заманға дейін жеткен ұлттық тәрбиесі мен өнегесін әрбір отбасы ұстанып, оны ұрпағының құлағына құйып отырса, шаңырақтың шайқалуы болмас еді. Ал іргесі сөгілмеген шаңырақ, мықты мемлекет болудың кепілі емес пе?

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<