«Қарындасың іздеп жүр…»: Серікзат Дүйсенғазы ұлына өлең арнады

1981

0

ото: ашық дереккөз

Өткен айда айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазының жалғыз ұлы Бурабайға жақын жердегі шаңғы базасында жұмбақ жағдайда көз жұмған еді. Ақын қапыда айырылып қалған ұлы Әлиханға тағы бір өлең арнады.

Қарындасың іздеп жүр…

( Әлиханға)

Бағалайтын бала едің бар нәрсені,

Соны ойласам көзімнің тамған шері.

«Ағатайым алысқа кеткен бе?» – деп,

Қарындасың іздеп жүр қарғам, сені.

Сағынғанда кей сәтте тым бұйығып,

Томсырайса жүзіне мұңды үйіріп.

Жұбатуға сөз таппай құмығамын,

Көмейіме қалғандай құм құйылып.

Дауа болмай кетілген кем көңілге,

Үнсіз өксіп егілем мен де бірге.

Бауыр еттен жаралған бауырына,

Сендей қамқор келмес деп енді өмірге.

Айта алмастан қайтейін, аласардым,

Жүрегіне келмей жүр жара салғым.

Қаны бірге туысқан қарындастың,

Қамын жасап өзіңдей қарасар кім?!

Қорғаны едің кішіге жомарт жаның,

Ұмыта алмай еркелеп қол артқанын.

Сәби жүрек кей-кейде сезетіндей,

Арқа сүйер ағасын жоғалтқанын.

Кірпігінен мөлдір жас тамған сонда,

Айналарын білер ме, ол мәңгі аңсауға?

Жаның сүйген жақсыдан алыстатар,

Өмір солай бітетін жалған сауда.

Ауыр еді қазаңның дерті қандай,

Отырамын ойланып мен тұра алмай.

Ебім кетіп дел-сал боп жүрмін әлі,

Тіршіліктің қиюын келтіре алмай.

Таусылған ба адамның арман шегі,

Жарық дүние о, неткен алдамшы еді!

«Ағатайым алыстан келе ме?» – деп,

Қарындасың іздеп жүр қарғам, сені.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<