Коллаж Midjourney/Kazinform
Биыл KASE қазақстандық қор биржасының индексі тарихи максимумға жетті. Қарашаның үшінші аптасында биржа индексі 1,20% өсті. Бұл – бірқатар компанияның акциялары қымбаттап, иелерінің пайдасын арттырды деген сөз. KASE Қазақстан қор биржасының басқарма төрағасы Алина Алдамберген Kazinform aгенттігінің аналитикалық шолушысына берген сұхбатында биржа нарығының қазіргі жағдайы, Қазақстан қор биржасының жұмысы және қандай акцияларға сұраныс жоғары екенін айтып берді.
– 2023 жылғы қарашаның соңында KASE индексі тарихи ең жоғары деңгейге жетті. Мысалы, 23 қарашада индекс бір аптада +49,06 тармаққа немесе +1,20%-ға өсіп, баға 4 104,44-тен 4 153,52 тармаққа дейін көтерілді. Индекстің өсуіне қандай маңызды факторлар әсер етті?
– Жыл басынан бері KASE индексі тұрақты өсім көрсетіп келеді. Естеріңізде болса, өткен жылы пайыздық мөлшерлеменің көтерілуіне байланысты бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да акциялар нарығы құлдырады. Биыл қалпына келді. Қазірдің өзінде 2023 жылдың 1 желтоқсанында KASE индексі 28,2%-ға өсті.
2023 жылы KASE индексінің барлық акциясы өсті. Мысалы, 1 желтоқсандағы жағдай бойынша «Банк ЦентрКредит» АҚ жай акциялары 53%–ға, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ акциялары 41%-ға, Kaspi.kz акциялары 39%-ға, «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның акциялары 30%-ға артты.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ акциялары биыл түрлі динамиканы көрсетті, 1 желтоқсанда өсім шамамен 23% құрады. «Қазақтелеком» АҚ 13%–ға, «ҚазТрансОйл» АҚ 18%-ға және «Кселл» АҚ 13%-ға өсті.
Жалпы, құнның өсуі пайыздық мөлшерлеме мен инфляция деңгейінің төмендеуіне байланысты болды. Алайда, ұзақ мерзімді перспективада акциялардың құны шикізат пен энергетикалық ресурстар бағасының кіріс деңгейіне, компаниялардың қаржы нәтижелеріне, акцияға төленетін дивидендтер деңгейіне және болашақ кезеңге арналған болжамдарға байланысты болуы мүмкін.
Мәселен, қарашада екі банк осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жақсы нәтиже көрсетті. Қаржы есебіне сәйкес, «Қазақстан Халық банкі» АҚ таза пайдасының өсуі 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,8% – 537 млрд теңгеге дейін жетті. Бұл инвесторлар жақсы қабылдайтын оң көрсеткіш. «Қазақтелеком» АҚ есебіне сәйкес, 2023 жылдың 9 айында таза пайда 0,6% – ға өсіп, 89,3 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Сондай-ақ, «Банк ЦентрКредит» АҚ акциялары өсті.
– Қазір Қазақстандағы биржа нарығының жағдайы қалай? Қандай маңызды өзгерістерді атап өте аласыз?
– Биыл барлық KASE нарығында өсім байқалып отырғанын айттым. Жалпы биржа нарығы төрт нарықты қамтиды: валюта нарығы, бағалы қағаздардың барлық түрі сатылатын қор нарығы, ақша нарығының құралдары және деривативтер.
Бұл ретте, егер 10 айдағы сандарды алатын болсақ, акция нарығындағы сауда-саттық көлемі 2,9 есе, KASE Global секторында 44,2%-ға, корпоративтік борыштық бағалы қағаздар 7,6%-ға, мемелекеттік бағалы қағаздар 51,1%-ға, МҚҰ облигациялары 2,1 есе, шетел валютасы нарығы 41,5%-ға өсті, репо операциялары (ағылшынның Repurchase agreement РЕПО келісімі – екі бөліктен тұратын мәміле: бағалы қағаздарды сату және белгiлi бiр мерзiмнен кейін алдын ала белгiленген бағамен қайта сатып алу– ред.) 45,1%-ға өсті.
Биыл біз валюта нарығындағы сауданың артқанын байқап отырмыз. Сонымен қатар, валюталардың әртараптанғанын да атап өту қажет. Егер бұрын басым валюта жұбы доллар-теңге болса, биыл доллар-теңге мен юань-теңгенің, сондай-ақ жаңа валюталардың өсімі байқалады. Мысалы, доллар-юань және еуро-юань. Қор нарығында биыл жоғары пайыздық мөлшерлемеге қарамастан, корпоративтік облигациялар нарығы толығымен қалпына келіп жатыр.
Сонымен қатар, Қаржы министрлігі KASE платформасында айтарлықтай көп облигацияларды орналастырды – шамамен 5 трлн теңге. Яғни, барлық бизнес пен экономиканы қаржыландыру бағдарламалары жалғасып жатыр. Биылғы жаңашылдықтың бірі – «Даму» бағдарламасы аясында ШОБ субсидияланған пайыздық мөлшерлеменің енгізілуі.
Тұтас алғанда, біз биылғы қаржыландыру көлеміне қарап, келер жылы да жоғары болады деп болжаймыз.
– Қазір жасанды интеллектің істемейтіні жоқ. Барлық салаға дерлік еніп үлгерді. Ал, KASE жұмысында жасанды интеллект қолданыла ма?
– Жасанды интеллект (AI) – жаңа тренд. Иә, қазір қауіпсіздік, адамзатқа қауіп-қатер және реттеу мәселелері туралы көптеген пікірталас бар. Дегенмен, AI әсері ұялы телефондағыдай болады деп ойлаймыз, яғни AI тәсілдерді өзгертетін қосымша құралға айналады.
Ұялы телефон цифрландыруға және басқа ресурстарға үйден шықпай-ақ қол жеткізуге мүмкіндік бергені сияқты, AI адам үшін белгілі бір жұмысты алмастырады. Бұл үрдісті болжай отырып, біз нені ауыстыруға болатынын қарастырып жатырмыз. Мысалы, AI кейбір ақпаратты дамыта алады және болашақта біздің жұмысымызда қолдануға болатын нәтиже бере алады. Бұл әдетте аналитикалық жұмыс. Егер ChatGPT туралы айтатын болсақ, біз алдымен бұл құралды қызметімізде қалай қолданатынымызды зерттейміз.
Екінші мәселе, биржада деректер көп. Бұл деректерді инвесторлар талдау және инвестициялық шешімдерді әзірлеу үшін пайдаланатыны анық. Бірақ біз үшін генератив AI аналитикасы тәуекелдерді басқаруды есептеу құралы ретінде пайдаланылуы мүмкін. Мұнда біз жұмыстың біздің контрагенттерге (келісімшартқа отырған серіктестердің әрқайсысы контрагент болып саналады – ред.), соның ішінде орталық контрагенттерге қандай қауіп төндіретінін көре аламыз. Шынында да, орталық контрагентті («KASE клирингтік орталығы» АҚ – Қазақстан қор биржасының еншілес ұйымы) іске қосу арқылы біз тәуекелге барамыз, өйткені біз Т+2-ге рұқсат берген бағалы қағаздар бойынша 100% кепілдікке алмаймыз. Тиісінше, бізге егжей-тегжей сараланған риск-менеджмент қажет.
Құралдарды пайдалана отырып, біз тәуекелдерді бір жылға ғана емес, сонымен қатар орта мерзімді кезеңге де есептей аламыз. Нарықтағы баға өзгерістерінің динамикасы қандай тәуекелдер тудыратынын, нарық қатысушылары үшін қандай тәуекелдер бар екенін, сондай-ақ орталық контрагенттер үшін жұмыс істеудің шамамен тәуекелдері қандай болуы мүмкін екенін көре аламыз. Біз қазір мұны өзіміз болжап жатырмыз. Дегенмен, болашақта жасанды интеллект құралдары осыған байланысты пайдалы болуы мүмкін деп ойлаймын.
AI қолданудың екінші бағыты, әрине, макроэкономикалық болжамдар. Оған көптеген фактор: жаһандық жылыну, климаттың өзгеруі және әртүрлі саяси шиеленіс әсер етуі мүмкін. Мұнда сіз үлгілерді құруға көмектесетін есептерді жасай аласыз.
Сонымен қатар, бұл құралдарды аналитика үшін ғана емес, бизнес-процестерде де қолдануға болады. Бізде қазір нақты жоба жоқ. Дегенмен, бизнес-процестерге енгізу үшін қолжетімді құралдарды зерттеу келер жылға жоспарланып отыр.
– Бұған дейін қазақстандықтар биржаның акциялары мен жұмысы туралы жеткілікті деңгейде хабардар болмады деуге болады, Дегенмен, бүгінде әлеуметтік желілерде инвестицияларды басқару және әртүрлі акцияны сатып алуды үйрететін курстар көп. Яғни, сатып алатындар көбейді деген сөз. Осы орайда сыртқы және ішкі нарықта сұранысқа ие ТОП 5 қазақстандық акцияларды атап өтсеңіз.
– Егер KASE туралы айтатын болсақ, 2023 жылдың 10 айында ең жиі сатылған акциялар Халық Банктің акциялары болды және бұл айтарлықтай тұрақты тренд. Осы жылдың өткен айларында 184 мың транзакция жасалып, сауда көлемі 12,1 млрд теңгені құрады. Айтпақшы, Халық банкі LSE-де сатылғанына қарамастан, жергілікті бөлшек сауда инвесторлары арасында айтарлықтай көп сұранысқа ие. Сондай-ақ БЦК, Қазатомөнеркәсіп және Kaspi.kz акциялары бар.
10 айда «ҚазМұнайГаздың» транзакциялар саны 81 833-ті құрады, сауда көлемі 149,9 млрд теңгеге жетті. Сонымен бірге, 2022 жылы IPO аясында KASE-де 137,5 млрд теңгеге ҚМГ акциялары сатылымға шығарылды. Айта кету керек, ҚМГ акцияларын орналастыру жергілікті инвесторлардан тартылған инвестиция көлемі бойынша, сондай-ақ қатысушы инвесторлар саны бойынша Қазақстанда рекордтық көрсеткішке айналды. Мысалы, ҚМГ акцияларына KASE сұранысының көлемі «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында 2012 жылы шығарылған «ҚазТрансОйл» АҚ акцияларына сұраныстан 2,5 есе асып түсті. Сондай-ақ, биыл ДҚҰ аясында «KEGOC» АҚ-ның 18,7 млрд теңгеге акциялары шығарылды.
Бөлшек сауда инвесторлары арасындағы транзакциялар санына қарасаңыз, ҚазТрансОйл акциялары да сұранысқа ие. Заңды тұлғаларды қоса алғанда, көлеміне қарай тізім мынадай болады:
- 1) «ҚазМұнайГаз» – 149,9 млрд теңге;
- 2) Халық банкі – 12 млрд теңге;
- 3) «ҚазТрансОйл» – 9,3 млрд теңге;
- 4) Kcell – 9 млрд теңге;
- 5) Қазатомөнеркәсіп – 7,8 млрд теңге;
- 6) Қазақтелеком – 5,8 млрд теңге;
- 7) Kaspi.kz – 3,5 млрд теңге;
- 8) ЦентрКредит Банкі – 3,2 млрд теңге;
- 9) «БАСТ» АҚ – 2,5 млрд теңге;
- 10) «KEGOC» АҚ – 1,4 млрд теңге.
Сондай-ақ, KASE Global секторындағы акцияларға сұраныс артып келеді. 2023 жылдың 10 айында KASE Global секторындағы акциялардың сауда-саттық көлемі 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44%-ға өсіп, 73,1 млн долларды құрады. Бұл 2021 жылғы сауда көлемінен 5 есеге жуық асып түсті. Сонымен қатар, 2023 жылдың соңғы 10 айында осы сектордағы негізгі сауда көлемі былай болды:
- 1) Apple Inc. – 27,4 млн АҚШ доллары;
- 2) Johnson & Johnson – 11 млн доллар;
- 3) Microsoft корпорациясы – 5,5 млн АҚШ доллары;
- 4) Tesla – 2,9 млн АҚШ доллары;
- 5) Advanced Micro Devices – $2,4 млн АҚШ доллары.
Есепті кезеңдегі ең үлкен өсімді Nvidia және Meta Platforms акциялары көрсетті, олардың бағасы сәйкесінше 179% және 145% өсті. Ең нашар өнімділікті Pfizer Inc. акциялары көрсетті, ол 40% төмендеді.
– Қарапайым адам акциялармен қалай айналыса алады? Қаншалықты қауіпсіз? Қандай тәуекелдер бар?
– Қарапайым адам үшін акциялармен сауда жасаудың тәуекелі көп. Бағалы қағаздарға қалай инвестициялау керегін түсіну үшін білім қажет. Енді неге біз бөлшек сауда инвесторларының көбеюін көріп отырмыз? Өйткені капитал нарығына қол жеткізу өте қолжетімді болып жатыр. Бұл үрдіс тек Қазақстанда ғана емес, жаһандық деңгейде де байқалады, әлемде бөлшек сауда инвесторлары көбейіп келеді.
Оларға үлкен инвестиция салудың қажеті жоқ, олар шағын инвестиция құяды. Қазақстандық брокерлер де осындай қызмет көрсетеді. Мысалы, «Jusan invest» компаниясында 100 теңге және одан көп ақша салуға болады. Басқа брокерлер сәл көбірек инвестиция сомасын ұсына алады. Сондай-ақ, мобильді қосымша арқылы инвестиция сала аласыз.
Дегенмен, инвестициялар туралы сөз болғанда, адамның қанша ақшаға тәуекел ете алатынын бағалау өте маңызды. Өйткені акциялар – бір жағынан жоғары кірісті, екінші жағынан жоғары тәуекелді көрсететін құрал. Не істеу керек? Инвестор акцияның бағасына қарауы керек, себебі оған көптеген фактор әсер етеді. Акциялар көбінесе халықаралық трендтерге бағынады. Біздің көптеген эмитенттер (қызметтерін дамыту және қаржыландыру үшін бағалы қағаздарды шығаратын ұйым – ред.) әлемдік экономикаға тәуелді. Мысал ретінде уран тапшылығына байланысты акциялары қымбаттап кеткен «Қазатомөнеркәсіп» компаниясын келтіруге болады.
Уран жағдайы бір қалыпқа түскен соң, акция бағасы төмендеуі мүмкін. Сонымен қатар, егер сіз инвестор болсаңыз, онда сіз қай уақытта кіргеніңізді қарайсыз: акция бағасының өзгеруінің шыңында немесе төменгі шегінде кірдіңіз бе, сол маңызды. Сондықтан барлық тәуекелді түсініп, есептеу керек. Егер сіз құбылмалы акциялар бойынша тәуекелге баруға дайын болмасаңыз, тұрақты акцияларға тәуекел ете аласыз.
Осыған байланысты Биржа әрқашан бөлшек сауда инвесторлары үшін қаржы сауаттылығы бағдарламасын ұсынады. Сонымен қатар, брокерлер бағалы қағаздарға инвестиция салуды үйрететін тренингтер өткізеді. Дегенмен, оқудың сапалы және жан-жақты болуын қамтамасыз ету маңызды. Экономика мен тәуекелдерді түсіну үшін білім мен дағдыларды толық меңгергеннен кейін инвестициялау туралы ойлануға болады.
– Сұхбатыңызға рақмет!
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<