Қоғамдық қорға ықылас танытайық

1302

0

Сыр елінің экономикасы мен хал­қының әлеуметтік аху­алын жақсарту жолында жан-тәнімен адал қызмет етіп, облыстың ар­дақты басшысы атанған Еркін Нұржанұлы ­
Әу­елбеков 2020 жы­лы 22 маусымда 90 жасқа толды.

Е.Әуелбеков Мәскеудегі К.Ти­ми­рязев атындағы акаде­мия­ны бітірген соң алғашқы ең­бек қадамын Солтүстік Қа­зақ­стан облысында агроном болудан бастап, көрнекті мем­лекет және қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтерілді. Со­циалистік Еңбек Ері атанды. 1965-1967 жылдары Қа­зақ ССР Ауыл шаруашылығы ­ми­нист­рі­нің бірінші орынбасары, Ас­тық өнімдері және құрама-жем өнеркәсібі ми­нистрі болған Еркін Әуелбеков 1968-1989 жыл­­дары Көкшетау, Торғай жә­не Қызылорда облыстарын бас­қарды. Жиырма жыл­дан аса ат­қарған қызметінде ол бас­­­­қар­ған өңірлерде ғасыр жү­­гін ар­қалайтындай страте­гия­­­лық ма­ңызы зор өміршең бағ­дар­ла­малар жүзеге асы­рылды.

Е.Әуелбековтің басқа өңір­лердегі еңбегін айтпағанда, оның Қызыл­орда облысын III категориядан II категорияға кө­теруі, шөл және шө­лейт аймақ­тағыларға тиісті 15 проценттік коэф­фициентке қол жеткізуі, Арал теңізінің тартылуынан біздің және бізбен шектес об­лыстардың экологиялық апат аймағына ай­нал­ғанына Одақ басшыларының көзін жет­кі­зіп, сол өңірлер халқына көп­те­­ген жеңілдіктер алып беруі, Жез­қазған облысындағы «Құм­көл» мұнай кенішін  жал­ға алып бе­ріп, облыс эконо­микасын арт­тыруы облыс хал­қының есін­де. Оның кезінде облыста өнеркәсіп пен құ­рылыс бұрын-соңды бол­ма­ған қарқынмен дамыды. Бас шаһарымызда жаңа аэро­порт пен Драма театрының құ­ры­лыстары жедел аяқталып, «Рисмаш», «Шал­қия» және бас­қа өнеркәсіп ошақтарының қуа­ты артып, жаңа тұрғын аудандар пайда болды. Айта берсе Ере­кеңнің ұлағатты істері – ұшан-теңіз.

Еркін Нұржанұлы Әуелбе­ков­тің 90 жылдығына орай Қы­зылордада респуб­ликалық ғы­­лыми-практи­ка­лық конфе­рен­­­ция, басқа да мәде­ни-көп­шілік ша­­ра­лар өткізу жоспар­лан­ғанымен, коро­на­ви­рустық пан­­­де­мия бұл жобаға елеулі өз­ге­рістер ен­гізді. Облыстың қала-аудан­дарында әр­түрлі шаралар өткізумен шек­телдік.

Ақмолалық зиялы қауым мен әріп­тесте­рінің, шәкірт­те­рінің өті­ніші бойынша рес­пуб­лика Үкі­меті ұлы тұлғаға Көк­шетау қа­ласындағы ­Е.Әу­ел­­­­бе­ков пен С.Сә­дуақасов кө­­ше­­лерінің ­қи­ы­­лысына тұтас де­­несін сом­дай­­­тын ескерткіш ор­нату жөнінде ше­шім шы­ғар­ды. Осыған орай, ес­керт­кіштің үз­дік жо­басына кон­курс өт­кі­­зілді.  Жақын арада же­ңім­­паз­ды Мәдениет және спорт министрлігі анықтайды.

Ескерткіш жеке азаматтар­дың, де­еуші­лердің қаража­тына салынатын бол­ғандықтан, көп­тен армандаған ізгілікті іс­тің сәт­ті шешім табуы өзі­міздің жо­­ғары саналық таны­тып, дер ке­­зінде қолдау жа­сауымызға бай­ланысты. Сол себепті меншіктің қай түріне қарамастан еңбек ұжымдары, кәсіпкерлер мен қа­рапайым тұр­ғындардың «Еркін Әуелбе­ков қоры» қоғамдық қо­рына атсалысу арқылы өңір хал­қы­ның ықыласын танытар ұла­ғатты іс болар еді деп ой­лай­мыз.

Сәдуақас АҢСАТ,

«Еркін Әуелбеков қоры» ҚҚ облыстық филиал төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<