Қоқыстағы бесік

1104

0

Бұл көріністі көзбен көрмек түгілі, айтуға ауыз бармайды. Өйткені екеуі – бір-біріне мүлде керіағар ұғым. Сенбейік десек, фототілші Нұрболат Нұржаубай түсірген сурет көз алдымызда. Әр үйдің төрінде тұратын киелі мүлкім-ай! Әжелеріміз қоқысқа тастамақ түгілі, беті ашық қалмауын, бір бала өскен соң келесі сәби бөленгенше жоғарыға қоюды қадағалап, қатты тапсырып отыратын еді ғой. Мына көрініске не дерімізді білмей дағдардық.

Біз осы бесіктің қадірін қалай қашырып алдық? Байқап отырсақ, перзентханадан бастап жас аналарға нәрестені құндақтамау, бесікке бөлемеу туралы айтылады. Туа сала киім кигізіп, аяқ-қолын бос тастайды. Дәрігерлерді айыптаудан аулақпыз, кейбір сәбилердің денсаулығында туабітті ақау болады. Бірақ «қасықтай етіп құндақталып, бесікке бөленіп өскен бала жылы, таза жатады, аяқ-қолы мен денесі түзу болады» деген ереже қайда қалды? Ғасырлар бойы қалыптасқан қағиданы мансұқтағанда одан озығына жеттік пе? Жеткеніміз – подгузник жөргек, қала берді мына суреттегі жағдай.

Бесіктің қоқысқа кетуіне ойдан шығарылған нағашылардың бесік әкелуі деген салттың да салқыны тиіп жатқан сияқты. Бұрын сәби әкесі, тіпті атасы, сол әулеттен өсіп-өнген өзіне дейінгі аға-апалары жатқан бесікке бөленетін. Үлкендеріміз бір жағынан балалар бір-біріне жақын, жанашыр болуы үшін осылай жасаған шығар, бәлкім. Қалай дегенде де ізгілік, мейірім тұнып тұрған салт еді бұл. Бір бесіктен өрбігендердің сыйластығы, бауырмалдығы қандай еді?! Әжелер дүниеге бала келгені туралы сүйінші хабар алғаннан бастап ескі бөстектерін, қолбауларын жаңартып, бас жағына ырымдап нан қойып, адыраспанмен аластап, әзірлейтін. Қазір нағашылары әкелген бесікке жатады. Бесік тойдың тәлім-тәрбиесі тұнып тұрған дәстүрі – тұтас елдің, әулеттің сыйлы аналары атқаратын тыштыма-тұғын. Түбек орнына қолын тосқан жас келіндерге «қолың жаялық жуудан босамасын» деп тілек айтатын олар. Бала көтере алмай жүрген келіншектерді арнайы шақырып, молынан тыштыма салып, бата-тілектерін жаудыратын. Ойын балалары да тәттіге тоятын. Қазір осыған ысырапшылдықпен атқарылатын рәсімдерді қостық. Балаға бір сандық киім-кешек, ойыншықтар, жатын жиһазы, екі жақтың бірбірімен алыс-берісі әжептәуір шығын. Рәсім демекші, жақында әлеуметтік желіде бесік тойдан бейнежазба тарады. Әйелдер қауымы түбекке ішімдік құйып, оны шүмекпен ішіп жарысты. Міне, жеткен жеріміз осы! Ертең бұл да салтқа айналып, бесік тойдың ажырамас бөлігіне айналып кетсе, таңғалмаймыз. Кие, обал деген ұғымдар қазақ санасына ислам дінінен бұрын сіңгені аян. «Бос бесікті тербетпе, бетін ашық тастама, топырақты үйме, қорымға қолыңды шошайтпа, табалдырықты баспа» деген тәк-тәкпен өскен ұрпақ едік. Ырым-тыйымдардың себебін сұрағанға дала даналарының тәлімін бойына сіңірген үлкендеріміз бір ауыз сөзбен-ақ «киесі ұрады, обал болады» деп жауап беретін. Сол киелінің қатарындағы бесіктің қоқыста жатуына да бірте-бірте етіміз үйреніп кетпесін деп тілейік. Жазбаның соңында елімізде әрбір алтыншы отбасы бала сүю бақытына кенеле алмай отырғаны туралы деректі де келтіргенді жөн көрдім. Одан арғысын өзіңіз ойланыңыз, оқырман.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<